Қазақтың «Үш биі» қайда жатыр? (Фото)

27 Қазан 2014, 04:53

2013 жылдың жазында біз, заңгерлер үшін идеологиялық кейіпкерлер, шамшырақтай жол нұсқаушы тарихи тұрлғалар Әйтеке, Қазбек , Төле билердің жатқан жерлеріне экпедиция жасауға бел будық.

Кезінде Ескендір Зүлқарнайын Сыр бойында болған соғыстан кейін көшпенділер туралы: «Бұл халықта үлкен қамал-қалалары жоқ, бірақ  бабаларының қорымдары бар және оларды жанын беріп қорғауға дайын ел. Бабаларының рухын сыйлайтын халықты жеңу мүмкін емес», -  деген екен.  Енді екі мың үш жүз жылдан кейін сақтардың мұрагерлері - қазақтар әлі де сол дәстүрді сақтаушы болып келеді деген ойдамын.  

Менің атым Сырым Әбіл және мен сіздерді «Үш би» атты археографиялық экпедициясымен таныстырғым келеді. Кезінде Қазақ Гуманитарлық Заң Университетінің шегінде Салық Зимановтың батасымен құрылған «Қазақтың ата заңдары» деген студенттік ұйымның жоспарлауымен 2013 жылдың жазында біз, заңгерлер үшін тарихи кейіпкерлер, шамшырақтай жол нұсқаушы тарихи тұрлғалар Әйтеке, Қазбек, Төле билердің жатқан жерлеріне экпедиция жасауға бел будық. Ғаламторда мақсатымызға қатысты нақты мәліметтер болмағандықтан, өзіміздің көзімізбен көріп, бейне материалдармен айқындауды жоспарладық.

Мен, менің сапарласым Нұрғазы Ануарбеков және жетекшіміз Изат Медешева үшеуіміз Астана әуежайынан Ташкентке бағыт алдық. 

Ишанкулдатха медресесі. «Шехантаур» арихитектуралық кешені. Дәл осы құрылыстың артында Төле бидің кесенесі орналасқан. 

Төле бидің кесенесі. Көп жағдайда мұны Хевенди ат-Тахур шейхтың кесенесімен шатыстырады.

Төле бидің жаңадан қойылған құлпытасы

Ташкентте жатқан Төле би бабамыздың әруағына құран бағыштап, бас иіп, көңіліміз бір серпіліп қалды. Сол жердің қызметкерлері біздің келгенімізге таңқалып жүрді. Себебі кесене жақында ғана жөндеуден өтіп, Қазақстан президентінің келуіне дайындалып жатыр екен. Екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың жемісін елбасымыздан бұрын біз тамашалағанымыз қызық болды. Келесі күні көлік жалдап, Самарқанға шықтық. 

Самарқан қаласының орталығында орналасқан бұл жер Регистан деп аталады. Регистан дегеніміз - Ұлықбек кесенесінен, Шердор медресесінен және Тіллә-Кәрі медресесінен тұратын ортағасырлық архитектуралық кешен.

Ташкенттен 700 шақырымдай жерде Нұрата атты елді мекенде Әтеке бидің кесенесі орналасқан. Кесене және қасындағы мұражай қазақ зиялыларының қайырымдылық қаражатына тұрғызылған екен. 

Әйтеке бидің құлпытасы

Әйтеке бидің мүсіні

Бес сағаттай жол жүріп, көздеген нысанаға жеткенімізге қуанғанымыз соншалық, тіпті ауа температурасы 40 градустан асатын күннің ыстығына назар аудармаппыз. Келгенімізде жергілікті қазақтар күтіп алып, кесененің тарихын баяндап жатты. Олар өздерін кіші жүздегі әлім, оның ішінде төртқара екенін айтып, Әйтеке бидің ұрпақтарымыз деп қоса кетті. Осылайша Өзбекстандағы жұмыстарымыз бітіп, Ташкент арқылы Қазақстанға өттік. Қазбек бидің Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде жатқанын білетін шығарсыздар. Бірақ Яссауидың басына бармас бұрын оның ұстазы Арыстанбабтың басына бару шарт екен. 

Арыстан баб кесенесі

Арыстан баб мешіті

Осылайша, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне де келіп жеттік.

Қаз дауысты Қазыбек бидің құлпытасы. Қожа Ахмет Яссауи кесенісінің ішінде орналасқан. 

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде сондай-ақ үш жүздің басын қосқан Абылай ханның құлпытасы да жатыр екен. 

Осылайша экспедициямыз аяқталды, ары қарай Астанаға жол тарттық. Алдын ала көздеген мақсаттарымызға қол жеткіздік, яғни үш бидің жатқан жерлері жайлы деректер жинап, олармен КазГЗУ студенттерін таныстыра алдық.  

Сырым ӘБІЛ, 

Қазақ Гуманитарлық Заң Университетінің 3-курс студенті

 

Бөлісу: