Қазақ тілін әлемнің 60 елінде оқыту мүмкін болып отыр

13 Қараша 2018, 11:22 2556

Қазақстандық «Отандастар» қоры мен Юнус Эмре атындағы түрік институты әлемнің 60-тан астам елінде ұсынылған институт филиалдарында қазақ тілін оқыту туралы келісімге келді.

«Отандастар» қоры мен Юнус Эмре атындағы түрік институты арасында жақында қол қойылған өзара түсіністік туралы Меморандум екі ел арасында тәжірибе алмасуды жандандыруды көздейді.

«Мұндай меморандум алғаш рет жасалып отыр. Біз Түркияның шетелдегі өз диаспораларымен өзара іс-қимыл жасау бойынша жақсы практикалық тәжірибесі туралы білеміз», – деді «Отандастар» БАҚ президенті Нұртай Әбіқаев.

Өз кезегінде Юнус Эмре атындағы институт басшысы Шереф Атеш оқу орны қазақстандық әріптестеріне өздерінің орталықтары мен басқа да мүмкіндіктерін ұсынуға дайын екенін атап өтті.

«Юнус Эмре атындағы институттың 56 орталығы бар. Біз әлемнің 60-тан астам елінде жұмыс істеп жатырмыз. Өзіміздің логистикалық мүмкіндіктерімізді және орталықтарды өзіміздің қазақ бауырларымызға пайдалануға беруге дайынбыз», – деді Шереф Атеш.

«Отандастар» қоры Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылды, бұл жөнінде Астанада өткен V Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайында айтылған болатын.

Сонымен қатар, 9 қарашада Стамбұл қаласында Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев пен «Отандастар» Қоры Президенті Нұртай Әбіқаев Түркия және Еуропадағы шетелдік қазақ ұйымдарының Мансұр Тәйжі, Якуп Жан, Фазыл Топлу, Әбдуақап Қара сияқты белді әрі белсенді басшыларымен кездесу өткізді. Шара қазақстандық делегацияның Түркия Республикасына іссапары аясында орын алды.

Қазақ диаспораларының өкілдері жырақта жүрсе де тарихи отанымен ажырамас байланыста екендігін, Қазақстанда болып жатқан барлық маңызды жайттардан хабардар екендігін және өскелең ұрпақ туған тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін меңгеруде үлкен қолдауға ие екендігін жеткізді.

Нұртай Әбіқаев Түркиядағы қандастарға өзі басшылық етіп отырған Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттерін таныстырды. Қор басшысының айтуынша, бірлестіктің қызметі сырттағы бауырлар мен шетелден тарихи Отанына оралған қазақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Қордың басты міндеті – Қазақстанға келген этникалық қазақтардың бейімделуі мен кірігуіне жәрдемдесіп, оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық, консультациялық көмек көрсету, сонымен бірге, алыс-жақын шетелдердегі қазақ дисапораларымен мәдени, іскерлік байланысты сақтау және дамыту, деді Нұртай Әбіқаев.

Қордың алғашқы ресми шарасы – 7 қарашада Астана қаласында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен өткен «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықаралық өнер фестивалі. Шараға Франция, Германия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстан қатарлы алыс-жақын шетелдерден 50-ден астам өнерпаз қатысты. Жақын арада Қор шетелдерде тұратын ағайындардың Қазақстанның қасиетті жерлеріне танымдық экскурсиясы мен Ресей Федерациясында Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу: