Қазақтан шыққан алғашқы скрипкашы

19 Маусым 2015, 06:26

Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы кім?

Ол өнерімен дүниені дүр сілкіндірген, өнердің киесі қонған жан. Австрия, Польша, Франция жерлерінде қазақ ұлттық әуендерін орындап, еуропалықтарды Азия өнеріне қол соққызды. Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы кім? 

Тұсауын Іляс пен Латиф кескен

Сұрапыл соғыс жылдары еді. Кавказ майданында сұрапыл ұрыс жүріп жатты. Кезекті ұрыстан соң, от жағып жылынып, жыртығын жамап  солдаттар отырды. Анда-санда алыстан жарылған бомба мен снарядтың дауысы шығады. Құлаққа ұрған түнгі тыныштықты скрипка үні бұзды. Бұл – Әйткеш Толғанбаев еді.

Сонымен Еуропаны мойындатқан Әйткеш Толғанбаев кім еді? Әйткеш 1924 жылы Семей облысы, Шыңғыстау ауданы, Қарауыл ауылында Толғанбай мен Бибісара отбасына дүниеге келеді. Әйткештің әкесі өнерді бағалай білген, ал шешесі ғажайып дауысты, өз ауылында аты шыққан әнші болған кісі. Әйткештің бауырлары да өнерден кенде болсаған. Ия, осындай отбасы Әйткешті скрипкашы қылмай қойсын ба?

1936 жылы Әйткеш Семейде өткен көркемөнерпаз байқауына қатысады. Құрамында І.Жансүгіров, Л.Хамиди сияқты өнер тарландары бар қазылар алқасы бірінші орынға Әйткешті лацықты деп табады. Сонда Хамиди: «Бұл баладан үлкен музыкант шығады, бағын байламай Алматыға А.Жұбановқа жібер»,- дейді Әйткештің ағасы Молдажанға. Бірақ Әйткештің жасы жетпей жасын ұлғайтвп жазуға тура келеді. Барлық құжаттарға құжаттарға 1924-тің орнына 1922 деп жазылады. Бұл сан оның бүкіл өмірін өзгертіп жібереді.

Концлагерде орындалған «Елім-ай»

1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Кавказ майданында соғысқа қатысады. "Бізді Шешенстанға Грозный қаласына жіберді. Қанды ұрыс жүріп жатты, ал біздің полк тіпті қарусыз еді. Бізге ағылшын шинелі мен бәтеңкесін, иран винтовкасын және бөтелкемен қанды қыздыратын бір сұйықтық берді. Ал немістер жағы басынан бақайшағына дейін қаруланған еді. Бірде терек өзенін кешіп өттік. Терек терең өзен болатын. Су бетінен арқан жүргізіп, сол арқанмен арғы бетке өту керек болды. Төбемізден немістер өзенді ракетамен жарықтандырып. Ұшақтан бомбалап жатты. Сол түні адам шығыны көп болды.

– Көмектесіңдер! Батып барам! – деген солдаттардың даусы әлі құлағымнан кетпейді", – деп есіне алады Әйткеш Толғанбаев.

Ұрыста тәжірибесіз бозбала жау қолына түсіп қалады. Сөйтіп, Әйткештің неміс жеріндегі Моздак, Фрайбург тұтқындар лагеріндегі азапты күндері басталады. Ол кезде Әйткеш Толғанбаев 18 жаста еді.

адамды сезеді дейді ғой. Адамдардың басында, киімдерінде бит өріп жүретін. Солдаттардың әлсіздігі сонша битті қағып тастауға шамалары келмеді. Ұдайы аш жүргендіктен адамдар есінен ауып, қатыгезденіп те кеткен.»

Өнер тудыратын саусақтарымен не істемеді десеңізші. Алтын, алмаз өндіріп шахталарда адам төзгісіз жағдайларда жұмыс жасады. Қақаған қыста тізелеріне дейін су кешіп тұрып, елекпен алтын сүзетін. Күні бойы жұмыс істеп, кешкісін неміс офицерлеріне скрипка тартатын.Суықтан қолдары жансызданып кететін. Үсіген қолдары икемге келмей, сонда сәл де болса жан бітіру үшін қолдарын ыстық суға қайнатады екен.

Бір күні неміс коменданты тұтқындарды жинап алып, араларыңда музыкант бар ма деп сұрайды. Солдаттар Әйткешті көрсетеді. Осылай ол неміс комендантына скрипкада ойнай бастады. Қанша қатыгез қаныпезер болса да немістер өнерді бағалаған. Кеңес Одағына қарсы соғыстың қызып тұрған шағында, неміс солдаттары Клин қаласындағы ұлы композитор Чайковскийге орнатылған ескерткішті қиратып жатқанда, Фрайбург радиосынан сол Чайковскийдің 4-ші симфониясын беріп жатқанын Толғанбаев өз құлағымен естиді.

Бірде неміс коменданты музыкант тұтқындарды жинап алып, неміс офицерлеріне концерт ұйымдастыруды бұйырады. Сол концертке Әйткеш те қатысады. Әр ұлттың өнерпаздары өнер көрсетерде концерт жүргізушісі сол ұлтты ерекшелеп айтуға тырысады. Кезек Әйткешке келгенде аты-жөнін әрең айтқан жүргізуші аз кідірістен соң «Азиядан» деп толықтырады.

Моцарт, Бах, Шуберн, Бетховен сияқты ұлы композиторларды тудырған елде «жабайы азият» еш нотасыз аталмыш таланттардың туындыларын орындап, немістерді таң қалдырады. Залға жиналғандар Әйткешті жібермей тағы да ойнауын сұрайды. Сонда ол қазақтың халық әні «Айнамкөзді» орындайды, сонда немістер мұны классика деп бағалайды. Қазақтың халық әндерін тыңдаған немістер: «Біздің Азия дегенде  білетініміз қытай, жапон,монголдар еді, енді біз Азияда қазақ деген талантты халық барын білеміз»,- деседі.

Әйткеш Еуропа халқына қазақ сазын алғаш орындаушылардың біріншісі еді. Ол әлемді шарлап, талантымен Еуропаны тамсандырып, олардың «азиялықтар мәдениеттен жұрдай» деген жаттанды пікірлерін тас талқан етті.

Немістер Әйткештен өз халқының әнұранын орындауды сұрайды. Бірақ соғыс жылдарында Кеңес Одағының әнұраны әлі жоқ болатын. Сонда Әйткеш Кеңес үкіметінің гимні деп «Елімайды» ойнайды. «Тыңда  Европа, тыңда Германия! Әуенінен еліне деген сағыныш үні сезіліп тұрған қазақтың халық әні, қарапайым әуенін тыңда»,- деп Әйткеш көзінен жасы сорғалап «Елім-айды» сызылтады. Сонда еуропалықтар «Бұл не деген  ғажайып дүние, бұл не деген талантты халық, бұндай гимн ешбір елде жоқ!»- деп тамсанады.

Түркістан легионында

1941 жылы Гитлер Кеңес Одағына шабуыл жасағанда лагерде отырған М.Шоқай Гитлерге хат жолдайды. Ол КСРО-ның шығысында қазақ, өзбек, қырғыз,тәжік халықтары бар. Тұтқынға түскен сол халықтардың өкілдерінен өз Отандарын КСРО-дан босату үшін армия жасақтауға рұқсат сұрайды. Осылай М.Шоқай Түркістан ұлттық комитетін құрайды. Өзінің сенімді адамдарымен жиналыс жасаған М.Шоқай: «Естеріңде болсын Германия Кеңес Одағын ешқашан жеңбейді. Ешқашан! Мен сендерді өлімнен аман алып қалу үшін жинадым. Сендер азат Түркістан үшін керексіңдер»,- деп сөз сөйлейді.

Әйткештің атағы Берлиндегі Түркістан ұлттық комитетінің құлағына жетеді. Комитет басшысы М.Шоқай Фрайбургтен Әйткешті алдырып Түркістан легионына жібереді. Легионда жүріп Әйткеш талай тірліктер бітіріп, Еуропаны түгелдей аралайды.

1945 жылы соғыс аяқталып, тұтқындар мен партизандар Отанына оралу мүмкіндігін алады. Сол жылдың күзінде Әйткеш Италиядан Алматыға келеді. Аңсап Отанына жеткенде Әйткешті Қазақста да жаңа азап күтіп тұрды.

Өз елінде «халық жауы» атанды

Оның соғыс жылдарында лагерлерде тартқан азабы аз болғандай, енді Әйткешті өз елінде қуғын-сүргінге ұшыратты. 1947 жылы 20 жылға соттап Магдолға итжеккенге айдайды. Қазақтың біртуар азаматтары, зиялылары мен тектілерінің басын жұтқан өліктердің өлкесі Колымада болады. Адам төзгісіз азаптар тартып, ең ауыр жұмыстарға жегіледі. 1955 жылы Ворошилов жарлығымен Толғанбаев тұтқыннан босатылады. Бірақ Толғанбаевтың азабы бұдан кейін де бітпейді. КГБ қызметкерлері Толғанбаевты тыңшы бол деп тағы қинайды. Толғанбаев үнемі біреу аңдып жүргендей, кім қайдан кеп қалар екен деп 40 жыл бойы үреймен өмір сүрді. Туған-туыстары Әйткешпен жақын араласуға қорқатын.

Ол өзінің жеке тәуелсіздігі үшін көп күресті. Қайта құру жлдарында әбден титықатқан Толғанбаев КСРО президенті Горбачевқа хат жазады. Хатта өзін КСРО азаматтығынан айыруды өтінеді. Бірақ Қайта құру мәселесінен қолы тимеген Горбачев қазақ музыкантының тағдырын неғылсын.

10 жыл түрмеде отырып, 34 жаста өмірді қайта бастау, әрине оңайға соқпады. Толғанбаев еш қиындыққа мойымай, болашағына тек үмітепен қарады. Ол музыкасын қандай қиындық болса да тастаған жоқ. Бірақ ол әрдайым жасанды кедергілерге кезігетін. Оны түрлі сылтаулармен шетелге гастрольдік сапарларға шығармауға тырысатын. Музыкалық ұйымдар Әйткешті жұмысқа алмайтын. Бірде тіпті Гурьев музыкалық мектебінің директоры жоғарыдан Толғанбаевты жұмысқа алма деген бұйрық келді деп шын мойындаған еді. Осындай қысылтаяң кезде Ғазиза Жұбанова тектілігін танытып, Толғанбаевтың Алматы консерваториясына орналасып кетуі үшін жақсы мінездеме жазып береді. КГБ Ғазиза Жұбанованы қыспаққа алады. Неге мұндай мінездеме бересің деген КГБ қызметкеріне Ғ.Жұбанова:«Мен тек шығармашылық мінездеме бердім» – деп тығырықтан жол тауып кетеді.

Тағдырдың жаңа бетбұрысы.

Көптеген азап шеккен Толғанбаев тек Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана толығымен ақталады. Толғанбаев өзінің «Исповедь судьбы жестокой» атты кітабында: «Мен отаныма опасыздық жасаған жоқпын, жауыма қызмет етемін деп ант та берген жоқпын, қолыма қару да ұстаған жоқпын, Отаныма зияны тиетін ешқандай әрекет жасаған жоқпын. Немістің пленіне түсіп қалғанда Отаныма оралудың бар амалын жасадым. Мені Отанға ерікті түрде сатқындық жасады, тыңшы деп айыптады. Бірақ әрбір саналы азамат жеке ісімді қарай отырып менің ісім дұрыс қаралмағанын, маған тағылған айыптардың барлығы жала екенін түсінеді. Тек бір нәрсені мойындаймын. Мен қайда жүрсем де өз-өзіммен қалдым. Мен философ та, дипломат та, тарихшы да емеспін. Мен – дыбыстар әлемінде өмір сүретін музыкантпын»- деп өз өмірінің ауыртпалығын жеткізген. Ия бармағынан бал тамған скрипкашы Әйткеш Толғанбаевтың тағдыры осындай.

1995 жылдың 12 желтоқсанында Әйткеш ақсақал өмірден озды. Бірақ ол артына өшпес із тастап кетті. Оның «Исповедь судьбы жестокой» атты автобиографиялық кітабы мен «Сборник транскрипций для скрипки и фортепиано» атты кітабы жарық көріп, соңғы аталған кітапқа өз өңдеуіндегі қазақ халқының пьесаларын енгізген. Бұл кітап қазір концерттерде көп пайдаланылып жүр. Ол Брусиловскийдің «Боз айғыры», А.Жұбановтың «Алтай аясында», Н.Тлендиевтің «Жез киігімен» қоса «Ғайни», «Наз қоңыр» сияқты ұлттық туындыларды өз ерекшелігімен халыққа ұсынды. Ол музыка әлемінде өз мектебін қалыптастырып үлгерді.

Әйткеш ағамыздың артында екі қызы қалды. Қазір ағамыздың ізін солар жалғастырып келеді. Оның қызы Саулетта консерваторияны аяқтады. Әкесінің жақсы атын ақтап алу үшін барлығын жасап жүр. 2003 жылы Әйткеш Толғанбаевтың 80 жылдық мерейтойлы күніне арнап тұсаукесер жасап, оның орындауындағы шығармаларды үнтаспа жазып шығарып, деректіфильм түсірді. «Өрлеу – Әйткеш Толғанбаев» қорын құрыпты. Әкесі жайлы естеліктерді жинап, кейінгі ұрпаққа қалдыруды мақсат етіп отыр.


Авторы: Дариға Тұрғынова

Бөлісу: