Қазақстанның киелі жерлерін түгелдеу — туризмді дамытады

17 Тамыз 2018, 06:39 5838

Дүниежүзі бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын елімізде киелі жерлер жетерлік. Әйтсе де, олардың жеткілікті дәрежеде зерттеліп, дәріптелмеуі салдарынан халқымыз олардың көбісінің барынан хабарсыз. Әйтпесе, осынау Ұлы Даланың қойны-қонышында тарихынан талай сырды шертетін киелі жерлер, құпиясы көп қасиетті мекендер көп-ақ. Осы орайда елімізде енді қолға алынып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қазақтың кең даласындағы қасиетті жерлер мен мекендерді жете зерттеп, халыққа жеткізуді мақсат етіп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта еліміздегі тарихи маңызы бар, көпшіліктің назарын аударатындай киелі жерлеріміздің терең зерттеліп, танылатынына үміт зор!

Ұлан-ғайыр жерге ғана емес, тарихи рухани мол мұраға да ие екенімізді танытуымыз керек. Жалпы барлық елдерде мұндай қасиетті, киелі жерлер баршылық. Ол жерлерді мемлекет тарапынан қорғалып, даңқын асырып дәріптеліп отырғандықтан, өз елдері түгілі әлем елдерінен туристер ағылып іздеп барады. Мәселен, ағылшындар Кентерберий ғибадатханасын мақтан етсе, немістер Кельндегі рим-католик готикалық соборын ұлықтайды. Сол секілді қазақ елінде де халықтың қызығушылығын тудыратын қасиетті жерлер жетеді. Тек оларды дәріптеп, халқымызға кеңінен таныстырып, өзге елдердің де қызығушылығын тудыра білуіміз керек. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жергілікті атқарушы органдарға тапсырылған міндеттер өз деңгейінде орындалса, өткен тарихымызға да қиянат жасамаған болар едік. Өйткені, күтім көрмей елімізде талай тарихи ескерткіштер тозып бара жатқаны тарихшыларды алаңдатып отырғаны жасырын емес. Жоба аясында осы олқылықтың да орны толатынына сенеміз.

Маңызы жоғары, халық тарапынан ерекше құрметке ие табиғи немесе  мәдени мұра және сәулеті айрықша діни мәнге ие ескерткіштер мен  кесенелер, сондай-ақ, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындардың барлығы елімізде осы киелі орындар санатына жатады. Бір ғана Түркістан облысы бойынша қасиетті, киелі жерлердің тізімі анықталып, олардың өңірлік картасы дайындалуының нәтижесінде тарихи-мәдени маңызы бар 1300-ге жуық ескерткіш есепке алынған көрінеді. «Арыстан бабқа түне, Яссауиден тіле» дейтін халқымыз Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін екінші Меккедей көреді. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі» сәулеттік ескерткішін іздеп келушілер көп болса да, өңірдегі басқа қасиетті жерлерді сырттан келушілер біле бермейді. Арыстан баб, Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелеріне де жеткілікті деңгейде көңіл бөлінсе, өңірге келуші туристердің саны еселеп арта түсер еді. Мәселен, Қарашаш ана кесенесі — ХІХ ғасырда салынған тарихи ескерткіш. Сәулетті кесене Қожа Ахмет Яссауидің анасына арнап салынғандықтан, Яссауи бабамызға тәу етіп келушілер, оның анасына салынған кесенеге де қызығушылық танытары сөзсіз. Тарихи деректерге жүгінсек, Яссауидің анасы Қарашаштың шын аты-жөні — Айша бибі. Ол сол кезеңдегі өте білімді әйел болғандықтан медресе ашып, қыз-келіншектерді жинап, оларға ілім-білім берген. Құранды сол кездің өзінде-ақ араб тілінен түркі тіліне тікелей аударуына қарап-ақ қаншалықты білімді жан болғанын байқаймыз. Ал, осындай тұлғаның жеткілікті дәрежеде дәріптелмей жатқаны, киелі орын ретінде танылмай жатқаны жанға батпай қоймайды. Сол секілді Түркістан қаласына таяу жерде орналасқан Сайрамдағы Ибраһим ата кесенесі Қожа Ахмет Яссауидің әкесіне арналып тұрғызылған. Сол заманда ол кісі де діни тұрғыдан үлкен тұлға саналған, осы өңірлерге танымал уағызшы болған жанның да көпшіліктің құрметіне лайық екені даусыз. Сондықтан, еліміздегі киелі мекендердің бірі ретінде әлемге танытсақ, құрмет көрсетсек, еліміздегі киелі өңірлерді көргісі келгендерге лайық мекен болар еді. Өз дәрежесінде таныта білсек, Қожа Ахмет Яссауи бабамызға қоса оның әке-шешесінің кесенесі тұрған өңірлерді де дәріптеу арқылы елімізге келетін туристер санын арттырып, осы үш тұлғаға арнап маршрутты экскурсия құруға болады. Жалпы республика көлемінде Түркістан қаласына арнайы ат басын тіреп келушілер жетерлік. Алайда, сонша жерден келіп тұрып, көбісі іргеде жатқан Ибрахим ата кесенесі мен Қарашаш ана кесенесін біле бермейді. Бұдан басқа оңтүстіктегі Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр кесенесі, Есет батыр кесенесі, Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан атындағы мемориалдық кешен, басқа да тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғат ескерткіштері бар. Алдағы  уақытта осы мәселелерге көңіл аударып, кемшілікті жою «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына артылар жүк.

Негізі, тізе берсек, елімізде тереңірек таныстырар киелі орындар көп. Сондықтан, жергілікті өлкетанушылар «еліміздегі барша қасиетті өңірлерді, археологиялық, кешенді тарихи ескерткіштерді түгелдеуде жобаның пайдасы мол болмақ» деп, жобаның мақсатын жоғары бағалап отыр. Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлаамасы аясында тарихи-мәдени ескерткіштеріміз біршама жаңғыртылып, қорғалғаны мәлім. Алайда, аталмыш бағдарлама барлық мәдени-тарихи сәулетті ескерткіштерімізді, киелі мекендерімізді қамти алмады. Осы орайда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы еліміздегі барша географтардың, тарихшылар мен ғалымдардың, өлкетанушылардың басын қосып, барлық қасиетті жерлеріміз бен тарихи мекендерімізді елге танытады, қажетті деңгейде дәріптелуіне себеп болады деп күтудеміз. Жалпы мамандар аталмыш жоба ішкі туризмді дамытуға үлкен серпін береді дейді.

Елімізде ескі қалалардың орыны да жиі кездесіп жатады. Әйтсе де, оларды ашық аспан астындағы мұражайға айналдырып, жас ұрпақ назарына ұсына алмай отырмыз. Ұлы Даламыздан бірнеше рет алтын адам табылуы кең-байтақ жеріміздің шын мәнінде рухани бай екеніне көз жеткізеді. Дамыған елдерде өткенін дәріптеу үшін мұражайларға кіру тегін. Сондықтан, алдағы уақытта ашық аспан астындағы мұражайларды құруға мән беріп, алтын адам елі ретінде, киелі жерлеріміздің қасиетін көпшілікке таныта білсек, арманның орындалғаны. Осы орайда жобаның орындалу барысына қатысты мамандарды да сөзге тартып, пікірін білген едік.

Жақыпбай ДОСТАЙҰЛЫ, география ғылымының докторы, профессор:

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы елімізде осы мақсатта қолға алынып отырған алғашқы ауқымды жоба. Республика бойынша тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер, киелі орындар жетерлік. Бір ғана Ақтөбе облысы бойынша 700-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуге алынған екен. Оның 10 шақтысы республикалық маңызы бар, ал, қалғандары жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Бізде жете зерттелмеген, бірақ, халық барып тәу ететін, өз беттерінше жиі іздеп баратын жерлер жетерлік. Осылардың насихатын арттыруымыз керек. «Осындай ұлан-байтақ жерге иеміз» деп отыра бермей, оның әрбір тасының, әрбір қасиетті жерінің сырына үңілу — бізге парыз. Осы орайда мысал келтіре кетсем, Өзбекстанда тарихи ескі қалаларының сәулетін сақтау арқылы, киелі жерлерін заманға сай зерттеп, көпшілік назарына туристік орталық ретінде ұсынуда. Нәтижесінде жыл сайын Бұқара, Самарқанд, Хиуа секілді ескі қалаларына, қасиетті орындарына қызығушылар саны артып келеді. Тіпті, тек қана туризмді оқытатын университет ашып, туризмнен жылына 15 млрд табыс табуды көздеп отыр. Еуропаның бір еліне барған турист жақын жатқан басқа елдерді де аралап шығады ғой. Сол секілді Өзбекстанға келген шетелдік турист Оңтүстік арқылы бізге де өтуі мүмкін. Жай келмей, көрші елмен салыстыра кетеді. Сондықтан, өз басым еліміздің киелі жерлерін түгендеу арқылы ішкі туризмді ғана емес, сыртқы туризмді дамытуға, өркениетті елдер секілді туризммен ақша табуға бет бұратын кез жетті. Туризм экономикалық тұрғыдан жобаның пайдалы жағы болса, жалпы Қазақстанның киелі жерлеріне арнап арнайы кітап шығару арқылы рухани дүниемізді дамытсақ деймін. Сондай-ақ, өлкетану секілді арнайы пән енгізіп, жас ұрпаққа жиған-тергенімізді сіңіре білсек, кешенді жобаның өз деңгейінде орындалғаны болар еді».

Елімізде киелі жерлер көп болғанымен, оның не үшін қасиетті маңызы бар екенін сырттан келген туристер түгілі, өзіміздің ұрпағымыз түсіне бермейді. Сондықтан, киелі жерлерді жүйелеп, зерттеп, жаңғыртып, халық назарына ұсынудың маңызы зор. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынғалы бері сараптамалық кеңестің шешімімен 100-ден астам нысан жалпыұлттық деңгейде қасиетті орындар санатына кірсе, 500-ден астам нысан жергілікті маңызы бар киелі нысандар қатарына кірген. Мамандар алдағы уақытта бұл тізімнің әлі де толығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Киелі мекендерімізді, тарихымызды, мәдени мұрамызды, рухани құндылықтарымызды бойымызға сіңіріп, еліміздегі қасиетті орындарды жаңа деңгейде танып-білсек — мақсаттың орындалғаны.

Кеңес одағы кезінде киелі мекен деген ұғымды жете зерттеу мүмкін болмады. Қайта қолдан тұншықтырып, талай киелі мекендерге қатысты аңыздар ұмытылды, жазылмады, цензура арқылы шектеу қойды. Одан кейінгі жылдары жоғымызды түгендеп, іздеуге шамамыз жетпеді. Мемлекеттің аяқтан тұрып кетуі үшін, экономикалық тұрғыдан дамуға ден қойдық. Сондықтан, енді ғана жан-жағымызға қарап, жоғымызды түгендеп, құндылығымызды бағалауға ден қойып жатырмыз. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеу үшін, рухани-мәдени мол мұрамызға мән беріп, ұлттық құндылықтарымызды саралау, рухани географиялық, тарихи-мәдени белдеудегі қасиетті жерлерімізді жаңғыртудың маңызы зор.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу: