Қазақстанның киелі жерлері алты кластер бағыты бойынша дамиды

22 Қазан 2018, 12:10 6263

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын әзірлеу керектігін баса айтқан болатын.

Мемлекет басшысы «Бұл жоба киелі жерлеріміздің насихатын арттырумен қатар, еліміздегі туризмді дамытуға өзіндік үлес қосады» деген еді.

Осыдан барып, Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан тарихи-мәдени ескерткіштерді жүйелеу жұмыстары қолға алына бастады. Бұл жұмыстарды сапалы жүргізу үшін Ұлттық мұражай жанынан арнайы зерттеу орталығы ашылды. Қазіргі таңда осы орталықтың ұйымдастыруымен Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы бойынша туристік нысандар құрылмақшы.

Бұл ретте туристік бағыттар 6 кластерді қамтымақ. Олар: «Тян-Шань маржаны», (Алматы облысы), «Алтай өркениет бесігі» (Шығыс Қазақстан облысы), «Жоңғар Алатауы» (Алматы облысы), «Сарыарқа» (Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары), «Теңізден теңізге дейін» (Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары), «Жаңа Жібек жолы» (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарын қамтиды).

Осыған байланысты экспедиция жұмысын үйлестіруші мамандардың бірі Рашид Күзембаев «Аталмыш экспедицияны ұйымдастырып жатқанымызды мақтан етеміз. Мұндай шаралар елімізді, жерімізді жақсы тануға, тарихымыздан сыр шертетін жерлерін ерекше көңіл-күймен аралауға көмектеседі. Экспедицияның нәтижесінде бейнежазбалар қоры жасалады. Туристік бағыттардан түрлі фотолар топтаймыз. Мұның барлығы арнайы басылым беттеріне жарияланып, сайттарға жіберілетін болады. Бұл бастамалар еліміздегі туризмді дамытуға ықпал етеді», – деді ол.

Мамандардың пайымдауынша, Елбасы көтеріп отырған киелі жерлердің насихатын арттыру бастамасы кім-кімді болсын қызықтырып отыр. Осы жобаны іске асыру мақсатында сайттарға жүктелген фотолар мен бейнажазбалардың көрсетілімдері де ай сайын артып отырған көрінеді. Оның арасында шетелдіктерден Қазақстанның табиғатына тамсанған пікірлер де көрініп қалады.

 Бұл ретте этнограф ғалым Ажар Күмісханова:

«Қазақтың жері, тарихы бай. Біз бұрындары тарихи жерлерге қатысты оқиғаларды көнекөз қариялардан еститін едік. Қазір сол қариялардың қатары сиреп кетті. Көне кесенелер туралы, тарихи орындар жайында жыр етіп айтып отыратын шежірешілер де аз. Сондай-ақ, бүгінгінің баласы шежіреші тыңдайтын жағдайда емес. Себебі, олар ақпараттық даму ғасырында өмір сүріп жатыр. Демек, ұрпақтың санасын жаңғырту үшін өз заманына қарай жаңа технологиялармен жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін интернет желілері арқылы киелі жерлердің насихатын арттырып отырсақ, жастар одан хабардар болып отырады. Фото-видео галереялар арқылы киелі жерлердің тарихын тереңнен тарқатып отырғанымыз жөн. Мұның барлығы ғаламторды бір шолып өткен кезде есте қалатындай болуы тиіс. Сонда ұрпақтың санасында керек ақпараттар жатталып қалатын болады», – дейді.

Сондай-ақ, мамандар «Қазақстандағы киелі жерлердің географиясын көру, тану шетелдіктерге де  қолжетімді болуы керек» дейді.

«Біздің елімізде, жалпы, қасиетті орындардың тізіміне енген 185 нысан бар. Қазір олардың 100-ге жуығы киелі жерлердің географиясы жобасына еніп отыр. Бұған қоса елімізде 35 000-ға жуық сәулетті ескерткіштер бар. Міне, біз шетелге шыққан кезде осы ғажайыптарды шетелдік достарымызға, әріптестерімізге көрсеткіміз келеді. Ол үшін кейде том-том кітаптар арқалап барамыз. Кей кездері ол жерлердің тарихын түсіндіруге тіліміз жетпей қалады. Осындай сәтте ғаламтор кезіп, ақпарат іздеп кетеміз. Ендігі кезекте Елбасының бастамасымен қолға алынған Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы бізге үлкен көмек болады. Үш тілде ғаламтор бетінде тарихи қасиетті жерлеріміз жайында ақпараттардың берілуінің бір тиімді тұсы осы болды», дейді педагогика ғылымының РDh докторы Жандос Сайлаубаев.

 Негізінен, мамандардың байыптауынша, Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеу КСРО кезінде зерттелмей қалған жерлеріміздің тарихын ашуға да мүмкіндік береді.

Бұл ретте тарих ғылымының кандидаты Бауыржан Рахметов:

«КСРО кезінде Қазақстанның көптеген киелі жерлері зерттелмей қалды. Мысалы, КСРО тұсында жасалған карталарда Елек өзені деп көрсетілген де, оның сағалары мүлде картаға енгізілмеген. Осы тәрізді көптеген жерлер елеусіз қалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бұл ұсынысты айтқанын аңғаруға болады. Сондықтан, жобаны пайдалана отырып, Атырау, Ақтау, Семей, Ақтөбе жерлеріндегі картаға енбей қалған киелі жерлерді анықтап, өзіміздің қазіргі жасап жатқан киелі жерлердің картасына енгізіп қойғанымыз жөн. Бұл алдағы уақытта келешек ұрпақ алдында тарихымызды әспеттеп көрсету үшін таптырмайтын дүние», – дейді.

Жалпы, киелі жерлерге қатысты деректерге жүгінсек, Қазақстанда қасиетті маңызы бар 4056 нысан бар екен. Былтырғы жылы Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Арыстанбаб, көне Тараз, Көне Түркістан, Сауран, Сарайшық ескерткіштері реставрацияланды. Бұған қоса, Үкімет «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» тарихи мәдени-музей қорықтарын құру туралы қаулы қабылданды.

Алдағы уақытта Ұлыбритания, Қытай, Әзірбайжан, Беларус, Франция, Италия елдерінде Қазақстанның киелі жерлерін насихаттау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Шетелдерде мәдени-тарихи құндылықтарымыздың насихатын арттыру мақсатында «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» қойылымдарын қою да жоспарда бар. Мамандар бұған қатысты «мұндай шаралар шетелдіктердің елімізге деген қызығушылығын арттырады» дейді.

«Қазақстанға туристерді тарту өзекті мәселе. Сондықтан, біз үшін осы жобаны пайдалана отырып, еліміздің киелі жерлеріне туристерді келтіру де маңызды. Қазір туристер сауық-сайран құрудан бөлек, саяхаттаған елдің тарихынан, мәдениетінен хабардар болғысы келеді. Сондықтан, бұл жобаның туризмге қосар үлесі мол», дейді сарапшы маман Жасұлан Мақсұтов.

Оның пайымдауынша, былтыр Қазақстанның БҰҰ-на енгеніне 25 жыл толды. Осыған орай, Қазақстанның қасиетті жерлерін  шетелде насихаттауды  БҰҰ қолдап отыр. «Мұндай шаралар әлем алдындағы беделімізді арттырып, туризмнің дамуына тікелей ықпал етеді» дейді сарапшы.

Абзалында, мамандар баса айтып отырғандай, әлемдік бәсекеге түсу үшін Елбасы ұсынып отырған жобалардың қай-қасысы да маңызды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұған қатысты «Қазақстан ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болғысы келеді. Ол үшін, алдымен, адамның санасы өзгеруі керек. Халықтың рухани байлығы артуы қажет. Біз, бірінші кезекте, саясаттан бұрын экономиканы қолға алып отырған елміз. Қазір экономикамыз жаңғырып, индустиралды-инновациялық жобаларды тетікке қосып, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үстіндеміз. Ендігі кезекте тарихымызды, мәдениетімізді жаңғыртып, ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды әспеттеуге ұмтылсақ, бұл бізге тек қана жетістік береді. Бұл арқылы біз ұрпағымыздың санасын жаңғыртып, көзі ашық, көкірегі ояу жастарды қатарға қосамыз. Сондықтан, мұндай жобалардың халыққа берері де зор» деген болатын.

Міне, Елбасының осы сөзін алға тартқан мамандар қолға алған қандай іс болмасын, халықтың игілігі үшін жасалып жатқанын баса айтып отыр. Осыған орай, мамандар мұндай шараларды ел болып еңсеріп, жұрт болып жұмылу арқылы жүзеге асыру қажеттігін алға тартты.

Бөлісу: