Қазақстанның киелі жерлері алты кластер бағыты бойынша дамиды

22 Қазан 2018, 12:15 5704

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын әзірлеу керектігін баса айтқан болатын.

Мемлекет басшысы «Бұл жоба киелі жерлеріміздің насихатын арттырумен қатар, еліміздегі туризмді дамытуға өзіндік үлес қосады» деген еді.

Осыдан барып, Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан тарихи-мәдени ескерткіштерді жүйелеу жұмыстары қолға алына бастады. Бұл жұмыстарды сапалы жүргізу үшін Ұлттық мұражай жанынан арнайы зерттеу орталығы ашылды. Қазіргі таңда осы орталықтың ұйымдастыруымен Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы бойынша туристік нысандар құрылмақшы.

Бұл ретте туристік бағыттар 6 кластерді қамтымақ. Олар: «Тян-Шань маржаны», (Алматы облысы), «Алтай өркениет бесігі» (Шығыс Қазақстан облысы), «Жоңғар Алатауы» (Алматы облысы), «Сарыарқа» (Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары), «Теңізден теңізге дейін» (Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары), «Жаңа Жібек жолы» (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарын қамтиды).

Осыған байланысты экспедиция жұмысын үйлестіруші мамандардың бірі Рашид Күзембаев «Аталмыш экспедицияны ұйымдастырып жатқанымызды мақтан етеміз. Мұндай шаралар елімізді, жерімізді жақсы тануға, тарихымыздан сыр шертетін жерлерін ерекше көңіл-күймен аралауға көмектеседі. Экспедицияның нәтижесінде бейнежазбалар қоры жасалады. Туристік бағыттардан түрлі фотолар топтаймыз. Мұның барлығы арнайы басылым беттеріне жарияланып, сайттарға жіберілетін болады. Бұл бастамалар еліміздегі туризмді дамытуға ықпал етеді», – деді ол.

Мамандардың пайымдауынша, Елбасы көтеріп отырған киелі жерлердің насихатын арттыру бастамасы кім-кімді болсын қызықтырып отыр. Осы жобаны іске асыру мақсатында сайттарға жүктелген фотолар мен бейнажазбалардың көрсетілімдері де ай сайын артып отырған көрінеді. Оның арасында шетелдіктерден Қазақстанның табиғатына тамсанған пікірлер де көрініп қалады.

ТОЛЫҒЫРАҚ ОСЫНДА

 

Бөлісу: