Қазақстанның өңірлерінде «Сарқыт» қайырымдылық шарасы аясында мұқтаж жандарға кеңінен көмек көрсетілуде

18 Қаңтар 2019, 12:30 2682

«Қайырымдылық керуені» шарасы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен Қазақстан обйынша одан әрі жалғасып, ел тұрғындарына үміт пен жақсылық сыйлауда.

Осы тұста Умар Шоназаров бастаған Көкшетау қаласының «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы» өкілдері қиын өмірлік жағдайға тап болған көпбалалы отбасыларды аралады.

Динара Сальменова – үш баласы бар жас ана, осыдан бірнеше жыл бұрын қатты науқасқа ұшырап, қазіргі кезде тағы да екі жылға есептелген ем шараларын қабылдауда. Жұбайы отбасын тастап, алимент төлеуден жасырынып, балаларға еш көмек көрсетпейді.

Жатақханада өмір сүру қиын болған соң Динара Өміржанқызы кішкентай балаларымен өзінің ата-анасының үйіне көшіп баруға мәжбүр болды. Динараның анасы Бақыт Ілясова науқас қызына балаларды тәрбиелеуге көмектесу үшін жұмыстан шықты. Бұл отбасындағы жалғыз асыраушы әскери күзетте қызмет ететін кішкентай балалардың атасы болып табылады.

«Санги-Кабуд» тәжік ұлттық орталығының ұн, дәнді дақылдар, жемістер салынған «Сарқытпен» бұл отбасына қонаққа келуі Сальменовтар отбасы үшін тосын әрі қуанышты жағдай болды.

 «Сіздердің танытып отырған назарларыңыз бен қолдауларыңызға аса ризамын. Мен Қазақстанда Ассамблея сынды ұйымның бар екенін бұған дейін естіген едім, бірақ, шынын айту керек, бұл ұйымның қарапайым адамдарға шынайы көмек көрсететінін білмеппін. Сіздер үлкен бастама жасап отырсыздар. Сол үшін  сіздерге үлкен алғыс айтамын. Қызымның тез арада науқасынан айығып, өз ұжымына оралып, балаларын толыққанды тәрбиелеуін армандаймын», - дей отырып, көзіне жас алды балалардың әжесі Бақыт Ислямбекқызы.

«Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы жастар қанатының басшысы Далер Юсупов пен оның орынбасары Сахип Яхъяевтың барған келесі отбасы жалдамалы үйде өмір сүріп жатқан көпбалалы Гаухар Түлкешованың үйі болды.

Үй қожайыны көп жылдан бері ауыр науқасқа ұшырап, ем-дом алуда. Онымен бірге ұлы Адияр – бірінші курс студенті, болашақ заңгер, тоғызыншы сыныпта оқитын Марлен, 5 сынып оқитын 11 жасар қызы Сабина және үш жасар Аймира есімді қызы тұрады.

«SARQYT» қайырымдылық акциясы Түркістан облысында да жалғасын тапты.

Аталған акция  аясында 17 қаңтар күні Түркістан қаласында облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-і мен өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Әбдірайым Қошқаровтың демеушілігімен  «SARQYT» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Жиын барысында мерекелік дастархан жайылып, әннен шашу шашылып,  жиынға арнайы шақырылған ата-әжелер ертеден келе жатқан ата-баба дәстүрінің бірі «Сарқыт» туралы қысқаша түсінік беріп, сарқыт  қоржындары аз қамтылған, көмекке мұқтаж тұрғындарға табысталды.

«Қазіргі кезде әрбір адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Біз әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әрдайым көмек қолын созуға дайынбыз», – деді  Ә. Қошқаров.

Өз алдына Шығыс-Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы аталмыш акцияны жүзеге асыру мақсатында көп балалы, аз қамтылған отбасыларға «Сарқыт» қоржыны табыстады.

Айта кетер болсақ, бір ай бойы облыста әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған шаралар ары қарай жалғаса бермек.

Ал, Атыраудағы Құрманғазы мәдениет үйінде «Сарқыт» акциясы шеңберінде  орыс, славян, казактар бірлестігі қауымдастығының облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Рождественская елка» қайырымдылық концерті өтті. Мерекелік шарада бағдарлама жүргізушілері, жарқын кейіпкерлер, шыршаның айналасындағы хоровод, сондай-ақ Аяз Ата мен Ақшақар балаларға қуаныш пен бақыт сыйлады.

Іс-шара соңында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 256 балаға рождестволық сыйлықтар табыс етілді.

Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өтіп жатқан «Сарқыт» акциясы қаңтардың қытымыр күндері көмекке мұқтаж жандарға үлкен қолдау болып, оларды сәл де болса бақытты етеді деген сенім мол.

Бөлісу: