Қазақстанның берік ұстанымы – ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім

8 Тамыз 2018, 05:58 4878

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны Елбасының халыққа арнаған Үндеулерінен де байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!

Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір мысықтілеулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек. Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Әлбетте, мұндай негізсіз, дәйегі жоқ болжамдардың барлығы барша халықтың еліміздің ертеңіне, ұлтымыздың болашағына, күдікпен қарауға себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары талай жұрттың елімізді тастап көшкені соның дәлелі. Алайда, соның өзінде елімізде қалған сан түрлі этнос өкілдері жетерлік еді. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Мемлекет басшысының ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз.

Осы орайда атап айта кетер жайт, еліміздің этносаясатын күшейту, ел бірлігін нығайту бағытындағы елеулі қадам 2008 жылы жасалды деуге болады. Осы жылы қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы көп мәселелердің шешілуіне түрткі болды. Аталмыш маңызды құжатта еліміздегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндеті қойылған. Тұтастай алғанда, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімге қатысты мемлекеттік саясатты жүргізудің нәтижесінде бұл салада саяси-құқықтық үлгі қалыптасты. Бұл үлгіде жергілікті халықтар, яғни, қазақтар мәдени-тарихи өркениетті өзек ретінде көрініп, мемлекет құраушы негізгі ұлт ретінде танылған.

Сан түрлі ұлттың әртүрлі сенімде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ел бірлігіне қоса діни көзқараста да тұтастық қажет екенін мемлекет басшысы түсініп, бұл мәселені де қолға алды. Осы орайда соңғы жылдары еліміз дін саласында біршама мәселелерді шешіп, діни жаңғыруды бастан өткізіп жатқанын айта кету керек. Шын мәнінде, солақай саясаттың кесірінен бір кездері атеистік көзқарасқа ие болған еліміздің елеулі бөлігі дінге сенушілердің қатарына өте бастады. Уақыт өте «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық моделін жаңғырту жөніндегі 2006-2008-жылдарға арналған бағдарлама» қабылданып, ол табысты жүзеге асырылды. Күрмеуі түйінделген талай мәселені осы бағдарлама айқындап берді. Ал, 2011 жылы елімізде Дін істері агенттігі құрылды. Өмірге жаңадан келген агенттік осы саладағы түйткілдердің шешілуіне мұрындық болды. Және сол жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды, жаңа заңның талабына сәйкес діни ұйымдарды қайта тіркеу жүзеге асты. Бұл елімізде сол жылдары қаптап кеткен түрлі діни бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, олардың жауапкершілігін көтерді. Аталмыш Заңды қабылдар алдында елімізде 50-ге жуық конфессия мен деноминацияларды білдіретін 4500-ден астам діни қауымдастық бар болатын. Қайта тіркеу нәтижесінде он жеті конфессияны білдіретін 3100-ден аса діни бірлестіктер қалғаны белгілі болып отыр. Бұл да болса дер кезінде ушыққан мәселені қолға алып, шешілуіне түрткі болған жайт. Өйткені, осынау статистикаға қарап-ақ заңның қоғам жауапкершілігін қалай көтергенін байқаймыз. Шын мәнінде бір республиканың астында он жеті конфессияны насихаттайтын үш мыңнан астам діни бірлестік пен жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілін тату-тәтті ұстап тұру үлкен күш-жігерді қажет етері сөзсіз. Алайда, елімізде тиімді жүргізілген саясаттың арқасында бұл мүмкін бола алып отыр.

  Негізінен, халқымыздың этно-демографиялық құрамына орай ислам дінін ұстанатындардың көп болуына орай Қазақстан ислам дінді елдер қатарына жатқызылады. Өйткені, халықтың 70 пайыздан астамы мұсылман дінін ұстанады. Алайда, ислам дінінің басымдық етуі басқа діндердің іс-әрекетіне ешқандай кедергі келтірмейтінін байқап отырмыз.

Тәуелсіздігімізге түрлі діни конфессиялардың артуы да еш көлеңке түсіре алмайтынын бір кездері анық дәлелдедік. Елімізде мұсылмандық емес конфессиялардың күрт артқан кездері де болған. Алайда, олардың арасында діни сенім қайшылығы орын алмауын ел саясаты қамтамасыз етті. 2006 жылы елімізде өмір сүріп жатқан негізгі діндер — ислам және христиан мерекелері — демалыс күндері болып жарияланды. Елімізде салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің саны арты түсті. Халықтың діни сауатын арттыру мақсатында дінтанушылар шекара асып, діни білімдерін жетілдіріп келді. Мұның өзі дінге қатысты құрметті арттыра түсіп, азаматтардың діни сеніміне қатысты құрметті арттыра түсті. Ел ішінде дінге бет бұрған азаматтардың қатары арта түскені осының дәлелі бола алады.

Сондай-ақ, Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің төрт рет өткізілуі кездейсоқтық емес. Атап айтар болсақ, 2008 жылдың қазан айында Астанада «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы прогреске» атты ислам елдерінің Сыртқы істер министрлерінің форумы өтсе, 2010 жылы маңызы жоғары ЕҚЫҰ саммиті өткізілді. Ал, 2011 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымы елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі болып өтті. Бұл халықаралық жиындардың барлығы саяси маңызы салмақты жиындар болатын. Еліміз бұл жиындарды сауатты өткізіп қана қоймай, өз көзқарасын да батыл білдіріп отырды. Соның айғағы — төрағалық ету жылында Елбасы бастамасымен Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастық ұйымы болып атауы өзгертілді. Осының өзі Қазақстанның әлемді ынтымақтастыққа шақыруының бір белгісі еді. Бұл әлем елдерінің назарын елімізге аудартқан жиындар болды десек қателеспейміз.

Бүгінде Қазақстан дінаралық үнқатысу орталығы ретінде әлемге танылып отыр. Оның айқын дәлелі — үздіксіз, Астанада араға үш жыл салып, 2003, 2006 жылдары және 2009, 2012, 2015 жылдары тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің съездері дәлел бола алады. Бұл айтулы шаралардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік маңызымен ерекшеленеді. Өйткені, барлығында әртүрлі әлемдік мәселелер қамтылды. Бұл шараларға сол жылдары әлем елдері жоғары баға беріп, Қазақстанның жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға себеп болды.

Ең бастысы, біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізді мекен еткен барлық халықтың арасындағы этникааралық келісімді, дінаралық ауызбіршілікті сақтай алдық. Елімізде мұндай деңгейде тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының біріне айналды десек те болады. Соның ішінде елімізде Ассамблеяның құрылуы ұлтаралық жағдайдың дұрысталyына айтарлықтай үлес қосты. Бұл консультативтік кеңесші органның арқасында этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң стратегиялық бағдарламасы жүзеге асты. Бұл осындай мәселелерге ықпал ететін бірден бір орган болып саналды. Осы орайда айта кетер жайт, Қазақстанда ұлтаралық жағдайлардың дұрыс шешілуінің арқасында ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстар жоқтың қасы. Осының арқасында Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алды. Осынау береке-бірлігімізді мақтанышпен айтып, ұлттар мен диаспоралары осындай келісімде, түсіністікте өмір сүріп жатқан бірде бір ел жоқ деп айта аламыз.

Сонымен қатар, дүниежүзіне этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін паш ету, мемлекет пен саяси элитаны біріктірген Ассамблея құру, ел ауызбірлігі үшін ең қажетті құндылықтарды қалыптастыру еліміздің дамуының негізі болып табылады. Ұлтаралық келісім де үнемі мемлекеттік саясатымыздың негізі болып келеді.

Рас, қайбір жылдары еліміздің кейбір аймақтарында бірқатар ұлтаралық шиеленісті жағдайлар туындағаны мәлім. Алайда, ол оқиғалардың барлығы жаман ұлт болмайтынын, ел ішінде бір тентегі жүретінін көрсеткендей болды. Ұлтаралық сипатта өрбіген қайшылықты сол кездегі ішкі саяси жағдайға қауіп төндірген бірлі-жарым оқиға десек те, дер кезінде мемлекет тарапынан қажетті іс-шаралар қабылдамағанда, оның соңы неге апарып соғатыны белгісіз еді. Дер кезінде ұлтаралық қақтығыстарға апарып соқпай, мұның барлығы дер кезінде ауыздықталып үлгерді. Өйткені, ел бірлігіне сына қаққысы келгендер ол оқиғаларды өз мүдделеріне пайдаланғысы келгені де жасырын емес. Осы орайда айта кетер жайт, Ассамблеяның бір жұмыс істеу бағыты медиация болуы тегіннен тегін емес. Өйткені, бірлі-жарым ондай оқиғаларды өз мүддесіне жұмыс істеткісі келгендер қай уақытта та болады. Сондықтан, шиеленісті жағдайға жеткізбей, мәселені дер кезінде ауыздықтап отыру бүгінде медиациялық кабинеттердің міндеті десек те болады. Бүгінде бұл шешімнің дұрыс болғанын уақыт дәлелдеп келеді. Осы орайда айта кетер жайт, еліміздің аумағындағы түрлі ұлт пен ұлыстардың ұзақ уақыт бойы түсіністікте өмір сүруі, үлкен қақтығыстарға бармауы, қоян-қолтық тіршілік кешіп, мамыражай өмір сүруіне бұл мемлекеттің түпкі иесі — қазақ халқының қанында бар кеңпейілділігі мен сабырлы-салиқалылығы себеп болып отырғанын елдің даму тарихына жіті қарап отырған кез келген сарапшы жоққа шығармайды. Сондықтан, халықаралық сарапшылар мұны керісінше, жоғары бағалап отыр.

Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Кезінде талай сарапшылардың елімізді «көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп, «ұлттар лабораториясы» атандырып, ертеңімізге күмәнді болжам айтқанымен, ел бола алатынымызды дәлелдедік. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.

Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар еселеніп көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да — осы!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: