Қазақстандықтар референдумға белсене қатысады деген сенімдемін – Қарин

5 Маусым 2022, 10:36 1244

Фото: Baq.kz

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин отбасымен бірге референдумға қатысып, дауыс берді, деп хабарлайды El.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Осы елдің азаматы ретінде бүгінгі референдумға ерекше көңіл бөлемін. Еліміздің әрбір азаматы өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймын. Мен де өз таңдауымды жасадым. Мен 1995 жылы өткен референдумға қатыстым. Ол кезде мен студент едім. Бастамашыл топ құрамында біз халыққа Конституцияның маңыздылығын түсіндірдік. Бүгін учаскеге жұбайым және қызыммен келдім. Өкінішке қарай, басқа балалар әлі 18 жасқа толмаған. Олар үйде қалды. Әрине, үйде үстел басында референдум идеясын, ұсынылған  өзгерістерді талқыладық. Мен балаларыммен пікірталас өткіздім, олардың хабардарлығы  қуантты, - деді Қарин. 

Ол атағандай,  бүгінде жастар өз балаларының мысалында елде болып жатқан процестерге белсенді қызығушылық танытады. 

Қазір жастар белсенді. Олардың елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік даму жағдайына қатысты сұрағы көп. Жалпы бүгінгі шараға қазақстандықтар белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деген сенімдемін. Референдумға дайындық барысында еліміздің біраз өңірінде болдым. Түсіндіру жұмыстары кезінде азаматтардың белсенділігі байқалды. Конституцияға енгізілетін өзгерістер қызу талқыға салынды. Сол сияқты демалыс күндері отбасым, балаларыммен қыдырып жүргенде көшеде көріп, таныған азаматтар тоқтап, референдумға қатысты сұрақтарын қойып жатты. Бұл да қызығушылықтың белгісі, - деді журналистерге ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин.

Мемлекеттік хатшы Ұлттық академиялық кітапханадағы 111-учаскеде дауыс берді. Референдумның бұл учаскесінде осыған дейін Премьер-министр Әлихан Смайылов. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев  пен Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Аида Балаева дауыс берген болатын.

Бөлісу: