Қазақстандық балуан Лондон Олимпиадасының қола медалін алды

17 Қыркүйек 2022, 15:02 1815

Д.Шабанбайға Олимпиада медалі салтанатты түрде Белградта (Сербия) өткен күрестен әлем чемпионатында табысталды

Еркін күрестен қазақстандық балуан Дәулет Шабанбай «Лондон-2012» Олимпиадасының қола медалімен марапатталды, деп хабарлайды El.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Д.Шабанбайға Олимпиада медалі салтанатты түрде Белградта (Сербия) өткен күрестен әлем чемпионатында табысталды. Спортшы медальды Әлем күресінің бірлестігі (UWW) басшысы, ХОК Атқару комитетінің мүшесі Ненад Лаловичтің қолынан алды.
«Құдайға шүкір, көптен күткен медальді алдым! Халықаралық Олимпиада комитетіне, Әлем күресінің бірлестігі президенті Ненад Лалович мырзаға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің, Ұлттық федерацияның басшылығына алғысым шексіз. Әрқайсыңыздың жеке құттықтауларыңызға рахмет», - деді Д.Шабанбай.
Жүлделерді қайта бөлуден кейін спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы болды. Лондондағы Олимпиадада Дәулет Шабанбай 120 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бесінші орынмен аяқтады.

Алайда, кейінірек 2019 жылы допинг сынамаларын қайта тексергеннен кейін, грузин балуаны Давид Модзманашвили мен Артур Таймазовтың (Өзбекстан) заңсыз есірткі қолданғаны анықталды.

Барлық тексерістерден кейін бұл спортшыларды дисквалификациялау, сондай-ақ Лондон Олимпиадасында көрсеткен нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды.
Нәтижесінде Дәулет Шабанбай Олимпиада ойындарының қола жүлдегері деп танылды. Комейл Гасеми (Иран) мен Билял Махов жеңіс тұғырының бірінші орнын бөліссе, қазақстандықпен бірге америкалық Тервел Длагнев үшінші орынға көтерілді.

Бөлісу: