Қазақстанда жылына 200 мыңнан астам адам донор болады

Қазақстанда жылына 200 мыңнан астам адам донор болады

Қазақстанда дайындалатын донорлық қан көлемі медициналық ұйымдарға 100 пайыз жеткілікті. Бұл туралы Дүниежүзілік қан доноры күніне арналған брифингте ДСМ өкілдері айтты,- деп хабарлайды El.kz.

Донорлық қан құю акушерлік сала, онкогемотология, хирургия және травмотологияда көп қолданылады. Бұл үдерісті іске асыруға 300 - ден астам дәрігер мен 700 медбике, еліміздің стационарларында 500-ден астам дәрігер тартылған. Нәтижесінде Қазақстанда жыл сайын 200 мың литр қан жиналады және өңделеді.

– Елімізде қан құю саласымен айналысатын 470 медициналық ұйым бар. Жыл сайын 80 мыңнан астам науқас қан компоненттерін алады, - деді ҚР ДСМ өкілі Батырхан Сарымсақов.

Статистика бойынша әрбір үшінші адам өз өмірінде донорлық қанға мұқтаж. Бүгінде дені сау кез келген кәмелет жасындағы ҚР азаматы донор бола алады.

– Қазақстанда жыл сайын пациенттерге 400 000-нан астам доза немесе күніне 1 мыңнан астам доза қан құйылады. Ол үшін қан орталықтарына күн сайын мыңдаған ерікті келеді. Донорлардың ішінде 68 пайыз ер адамдар болса, 32 пайызды әйелдер құрайды, - деді «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Дулат Имашбаев.

Айта кетейік, Қазақстанда 100-ден аса құрметті донор тұрады.

Ақпаратты әзірлеген Бақытнұр Шерікбай