Чукчалар саны жағынан ең аз халық

30 Қыркүйек 2020, 21:22 14114

Көпмәдениетті Қазақстан ұлттары

Чукчалар – Қазақстанда тұратын этникалық топ болып есептеледі. Олар біздің елімізде 20 ғасырдың орта шегінен бастап төбе көрсете бастады. Чукчалар қазақ жеріне өз еркімен келген ұлттардың бірі. Қазақстанда тұратын чукчалардың саны өте аз.

Олардың негізгі тұрағы Ресей құрамындағы Чукотка автономды округі. Мұндағы тұрғылықты халық саны 16 мың адамды құрайды.

Чукот тілінің екі негізгі диалектісі бар, шығыстық яғни уэлендік (әдеби тіл) және батыстық (певектік). Чукот тілі эскимос, юкагир тілдерінің, кейінгі уақытта орыс тілінің ықпалынан көп өзгеріске ұшыраған. 1931 жылы латын графикасында құрылған жазу әліпбиі 1936 жылы орыс графикасына ауыстырылады.  

Чукчалардың арғы тегі қазіргі Чукотка аймағында өмір сүрген. Олар солтүстік бұғыларына аңшылық құрып, отырықшылық тұрмыс кешкен. Бірінші мыңжылдықтың бастауында тайпалар эскимостар қоныстанған теңіз жағалауларына қарай ығысады, осылайша олардың тұрмыстарына эскимостардың ғұрыптары енеді.

Коряктардың ықпалында болған тундра чукчалары бұғы бағуға машықтанады. 1930 жылы Чукотка ұлттық округі құрылады, ал 1977 жылы ол автономды округ болып ауыстырылады.


Халық ауыз әдебиетінен чукчалардың арасында малға табынушылық басымдыққа ие екені байқалады. Тундра чукчаларының негізгі дәстүрлі кәсіптері – бұғы бағу болса, жағалаудағы чукчалар теңіз жануарларына аңшылық құрады. Чукоткаға орыстар келгенге дейін чукчалар бұғы бағумен, балық аулаумен, теңіз шаруашылығымен айналысқан. Сондай-ақ олар сүйектен, ағаштан бұйым жасауды, жүн өңдеуді және өзге де қолөнер түрлерін жақсы меңгерген болатын.  Бұғы бағымымен айналысқан чукчалардың үйлері жерге қазықпен қағылған шатырлар болатын, шатырлардың сыртын жылылық беріп тұруы үшін бұғы терілерімен қаптап тастайды. Көлік ретінде шанаға иттерді және бұғыларды жекті. Дәстүрлі киімдері де бұғының жүні мен терісінен тігілді. Алайда, бүгінгі уақытта чукчалар ұлттық тұрмыстық ғұрыптарынан алшақтай бастағанға ұқсайды.

Чукчалардың арасында ит өсірумен айналысатындары да бар. 17 ғасырдан бастап якуттар, орыстар, эвендер чукчаларды чукот тілінде чаучу немесе чавчу деп атай бастады. Бұл аудармада «бұғыға бай» дегенді білдіреді.

Чукча халқы Солтүстік Мұзды мұхиттан бастап Анюй және Анадырь көлдеріне дейінгі және Берингов теңізінен Индигир көліне дейінгі орасан аймақты алып жатыр.  Халықтың негізгі бөлігі Чукотка автономды округінде тұрады.

Чукот тіліне жақын коряк, керек тілдері 20 ғасырдың соңына қарай қолданыстан жойылып кеткен болатын.

1930 жылы чукот қойшысы Теневиль өзіндік идеографиялық жазуды ойлап шығарды. Өкінішке орай, бұл жазу көпшілік қолданысына ие бола алмады. Чукчалар өз тілдерінде бірнеше әріп қосылған кириллица әліпбиін қолданып келеді. Чукотка әдебиетінің негізі орыс тілінде жүргізіледі.

Чукчалар балаларына өмірге келгеннен кейін бес күннен кейін есім берген. Балаға есімді тек анасы ғана қоя алады немесе анасының ұсынысы бойынша әулеттің құрметті мүшесі қояды. Отбасы мүшелері анасының бір затын алып оны жоғары ұстап тұрып, балаға арнап есімдерді айтады. Жоғары ұстап тұрған зат қай есімнің тұсында қозғалса, сол есім балаға тән деп шешілетін.


Чукчалардың есімдері әйел немесе еркек есімі деп бөлінбейді. Тек есімнің соңғы қарпінде ғана өзгешелік болады. Мәселен, әйел есімі Тынэ-нны болса, ер есімі Тынэ-нкэй болады. Кейде чукчалар жын-перілерді адастыру үшін балаға бірнеше есім беретін болған.

Өкінішке орай, Чукоткада ұзақ өмір сүрушілердің қатары сирек. Сондай-ақ, бала туу көрсеткіші де жыл өткен сайын азайып келеді екен. Бұған байланысты әлеуметтанушы зерттеушілер чукчалардың ұлт ретінде жойылып кету қаупінің алдында тұрғанын айтады.

Чукчалар өте қонақжай, ашықжарқын, жомарт халық. Дәстүрлі діни наным-сенім ұстанады. Чукчалар діни нанымы бойынша анимист. Олардың арасында әлі күнге дейін тәңіршілдіктің сарқыншақтары сақталған. Чукчалар табиғат құбылыстарына сенеді, сыйынады. Тіпті кейбір аң-құстардан да пір жасайды. Олардың жасы да, кәрісі де тұмар тағып жүреді және оның сиқырына сенеді. Олардың арасында әлемді Құрқыл есімді қарға жаратты деген аңыз бар.  Ал ғарышты солтүстік аңдары жаратқан дейді. Чукчалардың дәстүрлі діни ұстанымдарын бойтұмар арқылы аңғаруға болады. Оларда құрбандыққа шалынған малдың қанымен бетін бояу ғұрпы болған. Тотема – яғни, өзінің шыққан тегінің белгісін бейнелеу.  

Әр отбасының өз пірі болады. Мәселен, бұл - мерекелерде ғана қолданылатын бір-біріне үйкелеу арқылы от тұтатын мұраға қалдырылған тас. Ол әр үйдің отбасы мүшесінде болады. Отбасылық дабыл, ата бабалары кескінделген ағаштар және т.б.

20 ғасырдың басында көптеген чукчалар орыс православты шіркеуінде шоқындырылды, алайда олардың арасында әлі де тәңіршілдікке тәу ететіндер аз емес.

Чукчалардың жыл мезгілдеріне қарай ұйымдастыратын дәстүрлі мерекелері бар. Мәселен, күзде бұғы бордақылау күні, көктемде мүйіз күні, қыста Аьлтаир жұлдызына құрбан шалу. Сондай-ақ, өзге де «отты тамақтандыру», өлгендерді еске алу, аңшылықтан кейін құрбан шалу, кит, байдарка мейрамы деген секілді жиылыс жасап, өз іштерінде атап өтетін күндер аз емес.

Чукчалар өздерінің 5 өмірі бар екендігіне сеніп, өлімнен тайсалған емес. Олар өлімнен кейін ата-бабалар әлеміне түсеміз деп сенді. Ол үшін шайқас кезінде жау қолынан немесе біреудің қолынан мерт болу керек болатын. Сондықтан, олар бір-бірін өлтіру туралы өтінішке түсінісушілікпен қараған.

Некеге келер болсақ, отбасында ер адамға екі немесе үш әйел алуға рұқсат етілген. Чукчаларда да әмеңгерлік дәстүрі бар. Күйеуі өлген әйел оның туыстарына тұрмысқа шығуы керек болған. Бұл жесір әйелдің бала-шағасымен күнкөріс  таршылығын көрмеуі үшін жасалған ғұрып.

Чукчалардың арасында сондай-ақ, қыз алып қашу дәстүрі бар. Бірақ қызды баласына қалыңдыққа әкесі ұрлап береді.

Чукоткада тұратын отбасылардың көбісі көпбалалы болып саналады. Жүкті әйелдерге демалуға рұқсат етілмейді. Олар өзгелермен бірдей үй шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, бала туған әйелге балық еті берілмейді. Оған тек жас сорпа ғана ішуге рұқсат етіледі. Алты жасқа толғаннан кейін ер адамдар баланы жауынгер ретінде тәрбиелей бастайды.  Оны табиғаттың қатаң тәртіптерінде өмір сүруге, садақ атуға, тез жүгіруге, ерте оянуға, тың тыңдауға, қырағылыққа баулыған.

Чукчаның ер адамдары өте мықты аңшылар. Аңшылықтағы әрбір олжасы үшін олар қолдарының сыртына белгі ретінде сурет салдыртатын болған.

Чукчалар арасында ауыз әдебиеті өте жақсы дамыған. Әсіресе, ел ішінде тараған түрлі аңыз-әңгімелер көп. Халықтың дәстүрлі музыкалық аспабы – бубен және варган болып табылады.

Өмір сүру жағдайы қиын болғанына қарамастан, чукчалар мейрам ұйымдастыруға да уақыт тапқан.

Чукчалардың дәстүрлі тағамдары бұғы еті мен балықтан әзірленеді. Сондай-ақ кит, тюлень, бұғының етін қайнатып жейді. Және теңіз өсімдіктерімен қоректенеді. Шөптесіндерді қайнатып неше түрлі ішетін тұнбалар әзірлейді.

19 ғасырда чукчалар 2-3 үй болып бірлесіп өмір сүрді, олардың тұрмысы бағымындағы бұғыларға байланысты болатын. Бұғының азығы таусылған уақытта өзге жерлерге көшіп отыратын. Ал жаз мезгілдерінде теңізге жақын аумақтарда көшіп-қонып жүрді.

Бүгінге дейін чукчалардың тұрмысында қыста көлік ретінде қолданатын жеңіл шаналары сақталып қалған. Олар шанаға әлі де иттерді, бұғыларды жегеді. Ал теңізде жүзетін қайықтарды байдарка деп атайды. Байдарка – ешқандай шеге қақпай жасалған қайық, ол теңіз жануарларын аулауға арналған. Алғашқы кезде чукчалар тек солтүстік бұғыларына аңшылық құрды. Кейін бұғыны қолға үйретіп, оны негізгі шаруашылықтары етті.

Чукчалардың арасында өзінің таланты мен жетістіктерінің арқасында күллі әлемге танымал тұлғалар да бар. Тұңғыш чукотка зерттеушісі Николай Дауркиннің ұлты чукча. Оған орыс есімі шоқынған уақытта берілген. Дауркин Аляскаға көшірілген алғашқы орыс бодандарының бірі болған, ол 18 ғасырда бірнеше маңызды географиялық жаңалықтар ашты, бірінші болып Чукотканың егжей-тегжейлі картасын жасап, ғылымға қоқсан үлесі үшін дворян титулын иемденген. Бұл кісінің есімі кейін Чукоткадағы бір жартылай құрлыққа берілген.


Жалпы Ресейдегі чукчалар саны 2002 жылы 15767 адамды, 2010 жылы 15908 адамды құраған.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1644 жылы ұлты казак Михаил Стадухин Якутияда чукчалардың тұрмысы туралы бірінші болып хабар айтады. Бұл уақытта шығыс пен батыстың арасында көшіп-қонып жүрген чукчалар Колымның сол жағалауынан тайпалар арасындағы жеңілістен кейін біржолата кетіп үлгерген болатын.  Осы уақыттан бастап чукчалар мен орыстар арасында қырғи қабақтық басталды. Себебі, чукчалардың жаңа қонысы Ресей жерімен шектесіп жатқан болатын. Кейін екі тарап келісімге келіп, орлардың арасында сауда-саттық жүргізіле бастайды.

Кеңес билігінің келуі олардың қоныстарына да өзгеріс енгізді. Чукчалардың білімі орта деңгейде. Кеңес Одағы орнағаннан кейін Чукотка ауылдарында мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары пайда бола бастады.

Олардың ұлттық аспаптары дабыл (бубен) тек музыкалық аспап қана емес, сондай-ақ, діни ғұрыптарды жүзеге асыратын құрал болған. Археологиялық қазба жұмыстары чукчалардың би өнерінің ежелден қалыптасқанын дәлелдейді. Бұған Чукоткадан табылған петроглифтер мен археологиялық зерттеулер дәлел бола алады.

Мәселен, алғашқы бұғы бордақылау кезінде діни-ғұрыптық билерін орындаған. Олар ас ішіп болғаннан кейін әрбір отбасы өз үйінің босағасында ілініп тұрған дабылдарын алып шығып, оны отбасының әр мүшесі ұрып шығатын болған. Дабыл қаққан уақытта үлкендер өлгендердің әруағын шақырып, олардың өз денелеріне енетіндігіне сенген.

Сондай-ақ, чукчалар арасында, «Тырна», «Тырна азығын қарауда», «Тырна ұшып барады», «Тырна жан-жағына қарауда», «Аққу»,  «Шағалалар биі», «Қарға», «Бұғылар шайқасы», «Бұғының жүгіруі» деген секілді аң-құстармен байланысты билер бар.

 

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: