Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері (ІІ бөлім)

11 Қазан 2021, 14:46 8608

Белорустар, армяндар, ассириялықтар, башқұрттар...

 

Белорустар

 

Белорустар - Беларусьта тұрып келе жатқан байырғы халық. Олар сондай-ақ, Қазақстанда, Латвияда, Польшада, Ресейде және Украинада тұрады. Этностың жалпы саны 10 миллион адамға жуық. Үндіеуропа тілдес халықтардың славян тобына жататын белорус тілінде сөйлейді. Жазу-сызуының негізі – кириллица. Этнос өкілдерінің көпшілігі православиелік христиандық дінді ұстанады. Қазақстанда 70 мыңға жуық белорустар тұрады. Қазақ жерінде алғашқы белорустар XIX ғасырда келе бастады. Содан кейін Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Беларусьтен қоныс аударушылар комсомолдық жолдамамен келді. Қазақстанда қазір бірнеше этномәдени орталықтар жұмыс істейді, соның ішінде астанада «Беларусь» этномәдени орталығы, «Спадчына» белорус мәдени қоры және тағы басқалары бар. Орталық жұмысының басты мақсаты - белорустарды рухани бірлік негізінде топтастырып, өз тілін, мәдени әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін, ұлттық сана-сезімін сақтап қалу болып табылады. Орталықтың жанынан жексенбілік мектеп ашылған және сол жерде балалармен қатар үлкендер де ана тілін үйренеді. Бірлестік қазақстандық қоғам мен мемлекеттегі рухани келісімді нығайту тақырыбына арналған «дөңгелек үстелдер», конференциялар мен симпозиумдар өткізіп тұрады, сондай-ақ белорус диаспорасының Қазақстандағы Беларусь елшілігінің өкілдерімен кездесулерін ұйымдастырып отырады. Этномәдени орталықтың қызметін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қазақстанның қоғамдық, саяси және экономикалық өміріне белсене қатысқаны үшін алғысын білдірген болатын. Белорус этносының өкілдері Қазақстандағы тіл саясаты проблемаларын талқылауға белсене қатысып жүр. Олар «Тәжірибе, проблемалар және оларды шешу жолдары», «Этникааралық қарым- қатынастарда конфессияаралық келісім мен үйлесімге қол жеткізу жолдары», «Азшылық ұлттардың құқықтарының сақталуы және олардың Орталық Азия мемлекеттерінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау» атты конференцияларға қатысты. Бірлестіктің жанында «Вяселка» фольклорлық ансамбль мен «Белорусские девчата» би ұжымы құрылды. Олар өздерінің өлеңдері мен билерін қалалық және республикалық фестивальдерінде көрсетіп жүр. Шығармашылық топ түрлі байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері атанды. «Беларусь» этномәдени орталығының ұжымы Қазақстанның қазіргі өнер шеберлерінің шығармаларының және көрші мемлекеттердің «Қолданбалы өнер» халықаралық фестиваль-көрмесіне қатысты. Фестивальге дипломатиялық миссиялардың басшылары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері келді. Белорус этносы өкілдері үшін мерейтойларды бірге қарсы алу, белорус әдет-ғұрыптарының элементтерін сақтай отырып жасалған бағадарламалар ұйымдастыру, белорус өлеңдерін орындау, ұлттық тағамдар дайын-ау дәстүрге айналды. Қазақстанда тұратын белорустар өзінің салт-дәстүрлері мен мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, барлық этнос өкілдерінің арасындағы достықты, бірлікті және келісімді сақтау саясатын қолдайды.

 

Армяндар

 

Армяндар - Арменияның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Олар сондай-ақ Ресейде, АҚШ-та, Францияда, Грузияда, Иран мен Қазақстанда тұрады. Этностың жалпы саны – 14 миллионға жуық адам. Үндіеуропалық тіл шоғырына жататындар армян тілінде сөйлейді. Жазуының негізі армян алфавиті болып саналады. Этнос өкілдерінің көпшілігі христиандықты ұстанады. Қазақстандағы армян диаспорасы ХІХ ғасырдың екінші жартысында Армениядан күштеп көшірудің нәтижесінде қалыптасты. Қоныс аударушылардың негізгі толқыны Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысында тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында Кеңес Одағының жүргізген саясатының салдарынан, сондай-ақ Закавказье оқиғаларынан кейінгі 80 – 90 жылдары келді. Армяндар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар қалаларына қоныстандырылды. Дәстүрлі кәсіптері – жыртылған жерлерді игеру, жүзім, бау-бақша өсіру, мал бағу. Бүгінде Қазақстанда 25000-ға жуық этнос өкілі тұрып жатыр. Қазақстанның 14 қаласында республикалық, аймақтық, облыстық, қалалық және басқа да қоғамдық бірлестіктер, мәдени орталықтар жұмыс істеуде. Олар «Наири» армян мәдени орталықтары қауымдастығына біріккен. Оның күшімен Қазақстанда бірінші Қасиетті Карапет армян шіркеуі ашылды, «Наири» армян ұлттық газеті жарық көрді, армян тілінде әліппе шығарылды, Левон Мирзоян туралы кітап басылып шықты, 10-нан астам жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын қайырымдылық акциялары, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін концерттер, мәдени күндер мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Осы жылы ҚР барлық армян мәдени орталықтарында армян алфавитінің мерейтойына, армян жазушысы Оганес Туманянның туғанына 140 жыл толуына арналған мерекелер өткізілді. Армян мәдениетін дамыту мақсатымен Қазақстанның басқа да армян мәдени орталықтарымен кездесулер өткізіліп тұрады. Алматыдағы «Луйс» және Қарағандыдағы «Эребуни» көшбасшы орталықтар саналады. «Луйс» армян мәдени орталығы ай сайын армяндардың мәдени және рухани өмірін түлетуге байланысты шаралар өткізіп отырады. Орталық жанында би, музыка үйірмелері жұмыс істейді, аға буын мен жастардың кездесулері өткізіледі. «Эребуни» этномәдени орталығы өзінің күш-жігерін жастарды армян тілін, халық әндері мен билерін үйренуге жұмылдырған. Мұнда армян халқының дәстүрлері рухында ұлттық мерекелер белсенді түрде өткізіліп тұрады.

 

 

Ассириялықтар

 

Ассириялықтар - Иранда, Солтүстік Иракта, Сирия мен Түркияда тұратын халық. Жалпы саны – 4 миллионға жуық адам. Семит-хамит тіл шоғырының семит тобына жататын жаңаассирия тілінде сөйлейді. Жазуы эстрангел сирия алфавитіне негізделген. Этностың көпшілігі христиандықты ұстанады. Республикалық Ассирия этномәдени орталығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылды. Оның жанынан жексенбілік мектеп ашылып, ассирия тілі, этностың әдебиеті мен дәстүрі оқытылады. Ана тілін оқыту жөнінде жаңа әдіс енгізілген. Ассамблея мүшелері бұл әдісті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Халықаралық білім орталығының бастамасы және қолдауымен Алматыда өткен семинар кезінде таныстырды. Білім беру мекемелерінде ассириялықтар, армяндар мен ұйғырлар т.б. түрлі ұлттардың оқушылары ортақ білім алып келеді. Этнос өкілдерінің балалары оқу жылының қорытындылары бойынша жексенбілік мектептердің байқауларына қатысып, шығарма, өлең, әндер мен би номинацияларын жеңіп жүр. Ұжым мен шәкірттер бірнеше мәрте Қазақстан халқы Ассамблеясының шараларына белсенді қатысқаны үшін дипломдармен марапатталған. «Біз - қазақстандықтармыз» фестивалінің шеңберінде жексенбілік мектеп ассирия тілінде оқу әдебиеттерінің көрмесін әзірледі, ал этномәдени орталық газет, журналдардың көрмесін ұйымдастырып, қала тұрғындары өкілдерін, БАҚ және көптеген қонақты ұлттық ас мәзірінің ерекшеліктерімен таныстырды. Фестиваль соңында «Ниневия» би ансамблінің концерті ұйымдастырылды.

 

Ауғандықтар, пуштундар немесе паштундар

 

Ауғандықтар, пуштундар немесе паштундар – Ауғанстанның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Олар сондай-ақ Қазақстанда, Пәкістан мен Ресейде тұрады. Этностың жалпы саны – 42 миллионға жуық адам. Үндіеуропалық тіл шоғырының иран тобына жататын ауған тілінде сөйлейді. Жазуы араб- парсы алфавитіне негізделген. Этнос өкілдерінің көпшілігі исламның сүннитін ұстанады. Елдің солтүстік облыстарында ауғандықтар ірі фермерлік шаруашылықтарды орнықтырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіреді және сатады. «Ариана» ауған этномәдени орталығы 2009 жылы құрылды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіретін этномәдени бірлестіктермен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Ауғандар Қазақстанда және шетелдерде өткен көрмелер мен фестивальдарға бірнеше рет қатысқан. Мысалы, Ақсай шатқалында өткен «Эко Этно» екінші халықаралық фестивалін атауға болады. Дубайда өткен конференцияда мәдени орталықтың өкілдері «Ауғанстан 2001-2011 жылдарда мықты мемлекет пен қоғам орнату жолында» жобасының тұсаукесерін өткізді. Этникалық мәдениетті, тілді, дәстүрді сақтау үшін орталық ауған, қазақ және орыс тілдерінде журнал шығарады. Онда танып-білу үшін екі елдің заңнамалық құжаттары, сондай-ақ халықтың мәдениеті мен дәстүрлері туралы ақпараттар жарияланып тұрады. БҰҰ Жоғарғы Комиссары басқармасының қолдауымен «Ариана» ана және мемлекеттік тілдерді үйрену, компьютерлік сауаттылыққа оқыту курстарын жүргізіп отырады. Қазақстанда сондай-ақ басқа қоғамдық қорлар жұмыс істейді. Олардың ішінде Ауған әйелдері ұйымы, Ауған жерлестері мен Ауған әйелдерінің этномәдени орталығы бар.

 

Башқұрттар

 

Башқұрттар – Башқұртстанның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Олар сондай-ақ Қазақстанда, Удмуртия мен Өзбекстанда тұрады. Этностың жалпы саны - 2 миллионға жуық адам. Алтай тіл шоғырының түркі тобына жататын башқұрт тілінде сөйлейді. Жазуының негізі кириллица болып табылады. Этнос өкілдерінің көпшілігі исламның сүннитін ұстанады.

 

Қазақстанда 18 мыңға жуық башқұрт тұрады. Елдің барлық облыстарында этномәдени бірлестіктер құрылған. Олардың қызметін Татар мен башқұрт ұлттық-мәдени қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының қоғамдық орталықтары үйлестіріп отырады. Жексенбілік мектептер мұғалімдерінің күш жұмсауының арқасында жастардың рухани-адамгершілік, интеллектуалдық деңгейі өсіп отыр. Сол жастар ғана әлеуметтік-мәдени және экономикалық ортада шығармашылықпен өзін- зі дамытуға қабілетті, халықтың тілін, мәдениетін, дәстүрін тасушы бола алады. Қарқаралыда «Каскад» демалыс үйінің базасында Қазақстан татарлары мен башқұрттары көшбасшыларының II форумы болды. Ол жазғы лагерь формасында өтті. Башқұрттардың дүниежүзілік I құрылтайында Башқұртстан үкіметі мен Қарағанды қаласы әкімінің арасында экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. «Айнұр» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі этностар күнін өткізіп, онда татар мен башқұрт халықтарының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен көрсетілді, халықтың қолданбалы өнер шығармашылығы бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды және башқұрт тіліндегі әдебиеттер мен этномәдени бірлестігінің қызметін айшықтайтын көрме келушілердің қызығушылығын арттырды. Мереке қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татты. Этностар күні мерекесінің концерттік бағдарламасында башқұрт, татар, қазақ және орыс тілдерінде әуендер шырқалып, билер биленді. Қазақстанда құрамында «Салавит» башқұрт мәдени орталығы, «Айнұр» татар-башқұрт мәдени орталығы, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы мен «Татулық» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы кіретін қоғамдық қор жұмыс істейді.

 

Болгарлар

 

Болгарлар - Болгарияның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Этностың жекелеген өкілдері Қазақстанда, Еуропа елдерінде, Ресей мен АҚШ-та тұрады. Халықтың жалпы саны 12 миллионнан астам адам. Үндіеуропалық тіл шоғырының оңтүстік славян тобына жататын болгар тілінде сөйлейді. Жазуының негізі кириллица болып саналады. Этнос өкілдерінің көпшілігі православ христиандығын ұстанады. Aлғашқы болгар қоныстанушылары Қазақстанда 1907 жылы пайда болды және олар Павлодар облысының Раздумовка және Андрияновка, Ақтөбе облысының Болгарка селоларында қоныстанды. Болгарлардың Қазақстан жеріне екінші көші-қон толқыны Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиын-қыстау кезінде 1941 - 1944 жылдары келді. Бүгінгі күні болгарлар Қазақстанның барлық аумағына қоныстанған, этнос өкілдерінің басым көпшілігі Ақтөбе мен Павлодар облыстарында тұрып жатыр. Этникалық бірлестіктердің қызметін Қазақстанның Болгар этномәдени орталығы үйлестіріп отырады. Орталық өзінің жұмысы барысында Қазақстандағы Болгария елшілігімен Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау мен Павлодардағы отандастарымен байланыс орнатты. Болгарлардың Қазақстанға көшіп- қонуының 100 жылдығына байланысты Болгарка ауылында жаңа мектеп салынды. Болгарлардың ғасырлық салтанатына облыстағы он бес этномәдени бірлестіктің шығармашылық ұжымдары келді. Жыл сайын болгар этномәдени орталығы Баба Марта (1 наурыз), Болгарияның Тәуелсіздік күні (3 наурыз), славян жазбасы мен мәдениетінің күні (24 мамыр), «Родно слово» болгар тілінің күні, Ұлттық ас мәзірі күні, Болгар мәдениетінің күні, Рождество Христово (25 желтоқсан) мерекелері аталып өтіледі. Балалар Болгария мен Қазақстанда өткізілетін конкурстарға қатысады. Павлодар радиосының әуе толқынына «Болгарски Хоризонти» хабары таратылған. Болгар тілі мен тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін, болгар халқының фольклорын жақсы білу үшін Павлодар облыстық тілдерді дамыту департаментінің қолдауымен «Обичам България» оқу құралы шығарылды. «Мартеница» және «Вяра» фольклорлық ансамбльдерінің, «Роксолана» этникалық сән театрының қатысуынсыз бірде-бір мереке өткен емес. Ақсақалдар кеңесі мен «Славяне» жастар бірлестігі ағартушылық жұмыстар жүргізіп келеді. Қауымдастық өкілдері Болгариямен байланысты жолға қоюда, жастарды тарихи отанының ЖОО-ына оқуға жіберу үшін жағдай жасау бағытында жұмыстар атқаруда.

 

Венгрлер

 

Венгрлер – Венгрияның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Этностың жекелеген өкілдері Қазақстанда, Еуропа елдерінде, АҚШ, Австралия, Ресейде тұрады. Этностың жалпы саны – 15 миллионнан астам адам. Фин-угор тіл шоғырының угор бұтағына жататын венгер тілінде сөйлейді. Жазуы латынға негізделген. Этнос өкілдерінің көпшілігі католик және протестант христиандығын ұстанады. Алғашқы венгрлер Қазақстан даласына 300 – 400 жыл бұрын келіп қоныстанған. Венгр этносының басқа өкілдері — кеңестік кезеңде, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде, жоғары және орта оқу орындарын бітіріп, арнайы жолдамамен келгендер. Венгр диаспорасы (500- ге жуық) Қазақстанның барлық облысында шашыраңқы тұрып жатыр. Этнос өкілдері, негізінен, көпсалалы экономикада, өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Алматы қаласында венгр этносының өкілдері «Алматы қаласындағы венгр мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігіне біріккен. Орталық венгр ұлттық мәдениетін түлетіп, дамытуға, венгр халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтауға жәрдемдесетін қоғамдық ұйым болып табылады. Оның міндеттері көпсалалы, бірақ бір мәселеге екі мемлекеттің - Венгрия мен Қазақстан арасындағы ғылым, мәдениет, экономика мен білім салаларындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға жәрдемдесуге бағындырылған. Орталықтың арқасында 30-дан астам қазақстандық венгрлер, сонымен бірге қазақ, орыс және басқа да ұлттардың өкілдері Венгрияда жоғары білім алды. Орталық жанынан ана тілін оқыту курстары ашылған. Венгр этномәдени орталығының қызметі тралы ақпарат «Достық-Дружба» журналында тұрақты жарияланып тұрады. 2012 жылдың көктемінде Қазақстанның елордасында Венгриядан арнайы аттылар келді. Бұл сапар «Бастауларға жол» жобасының шеңберінде өтті және Қазақстан Республикасында венгр мәдениетін танымал етуді көздейді. Бұдан бұрынырақ «Алтын адамнан - Аттилаға» акциясы Алматы - Будапешт бағытымен өткізілген болатын

 

Гректер

 

Гректер – Греция мен Кипрдің байырғы тұрғындарын құраушы халық. Олар сондай-ақ Қазақстанда, Австралияда, Канадада, Ресей мен Түркияда тұрады. Этностың жалпы саны – 20 миллионға жуық адам. Үндіеуропалық тіл шоғырына жататын грек тілінде сөйлейді. Жазуының негізі латын алфавиті болып саналады. Этнос өкілдерінің көпшілігі православ христиандығын ұстанады. Қазақстан аумағына алғашқы грек қоныстанушылары ХХ ғасырдың 20 – 30 жылдарында Қырымнан депортациялаудың нәтижесінде келді. 1942 жылы гректердің бір бөлігі Краснодар өлкесінен депортацияланды, кейінірек 1944 – 1949 жылдары Ресейден тағы бір көші-қон толқыны келді. Бүгінгі Қазақстанда 12 мыңға жуық грек тұрып жатыр. Этностың үлкен бөлігі Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында тұрады. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, ғылым, білім беру, медицина мен сауда сияқты салалардың барлығында жұмыс істейді. Кеңестік кезеңде гректер Қазақстанда темекі өсіруді дамытуға белсенді жұмылдырылды. Қазақстанның «Филия» гректер қауымдастығы грек этносының этномәдени бірлестіктері мен шығармашылық ұжымдарының жұмысын үйлестіреді. Оның күшімен жексенбілік мектептер ұйымдастырылған. Онда ынталылардың бәрі де мемлекеттік, сондай-ақ грек тілін үйрене алады. Облыстық және аймақтық грек мәдени орталықтары түрлі грек және қазақстандық ұлттық мерекелерге, фестивальдар мен байқауларға белсенді қатысады. «Афродита», «Анагесиси» би ұжымдары мен «Астераки» балалар вокалды тобы, «Эльпида», «Аникси», «Арго» хоры, «Эллада» вокалды тобы мен басқа да көптеген өнер ұжымы бар. Алматыда қоғамдық негізде «Византия» грек диаспорасының футбол командасы құрылған. Белгілі композитор Микиса Теодоракистің мерейтойына арналған «Жүрекке деген махаббатпен» атты концерт өткізіліп, оған «Қазақстандағы ең тнымал грек» Лаки Кесоглу қатысты. К.Харалампидис фильмінің премьерасы, Л.Кесоглудың мерейтойы, аңызға айналған футболшы Е.Пехлеванидиді құрметтеу, «Ежелгі Тараз достарын шақырады» фестивалінің шеңберінде грек этносының күнін тойлау табыспен өтті. Қауымдастық Қазақстанның барлық грек этномәдени бірлестіктерімен бірлесіп, грек мәдениетінің күндерін Алматыда, Теміртауда, Шымкентте өткізді.

 

Грузиндер

 

Грузиндер - Грузияның байырғы тұрғындары кураушы халық. Сондай-ақ жекелеген өкілдері Қазақстанда, Ресей мен АҚШ-та тұрады. Этностың жалпы саны - 6,8 миллионнан астам адам. Картатель отбасына жататын грузин тілінде сөйлейді. Жазуы грузин алфавитіне негізделген. Этнос өкілдерінің көпшілігі православ христиандығын ұстанады. Қазақстан жерінде алғашқы грузин этносының өкілдері Жібек жолы дәуірлеп тұрған кезде-ақ пайда болған, қоныс аударушылардың келесі толқыны XX ғасырда келді. Грузин халқы өкілдерінің жаппай көші-қоны өткен жүзжылдықтың 20 – 30 жылдарында өтті. Көптеген грузин арнайы жолдамалармен тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде келді. ХХ ғасырдың соңына дейін негізгі айналысқандары диқаншылық, малшылық, шарап жасау, тоқымашылық және құмырашылық ісі болды. Қазақстан аумағында барлығы 3000-нан астам грузин тұрады. Бүгінгі грузиндер барлық мамандыққа машықтанған, әсіресе менеджментке, медицинаға, юриспруденцияда жұмыс жасайтындары көп. Қазақстан аумағында шашыраңқы тұрады, этностың үлкен бөлігі Түркістан облысында тұрып жатыр. 2003 жылы мұнда Грузин мәдени орталығы құрылды. Орталық Қазақстандағы Грузия елшілігімен байланысып тұрады, оның жанынан би және вокалдық ұжымдары құрылған. Этнос өкілдері ұлттық мерекелерге, көрмелерге, этникалық фестивальдарға қатысып тұрады. Бірде-бір мереке «Иверия» ән және би ансамблінің қатысуынсыз өтпейді. Алматыда жексенбілік мектеп бар, ынта білдірушілердің бәрі де грузин тілін тегін үйрене алады. Грузия елшілігімен бірлесіп ұлттық ансамбльдердің гастрольдарын ұйымдастырады, Грузиядағы қысқы курортта және санаторийда емдеуден өтуге квота бөлінген. Анакли қаласындағы «Патриот» жазғы балалар лагеріне Грузин орталығының жәрдемімен жыл сайын балалар демалуға тегін барады. Астанада алғашқы грузин православ храмы салынды. Грузин делегациясының Қазақстанға сапарының шеңберінде шетел орыстарының басты әулиесі - керемет Курская Корен ная Құдайана иконасы жеткізілді. Орталық жоспары - өздерінің жеке мерзімді басылымын ашу, жастарды тарихпен және мәдениетпен таныстыру мақсатымен Грузияға сапар ұйымдастыру, Қазақстандағы этникалық грузиндермен ғана емес, сондай-ақ одан тыс жерлердегі отандастармен де байланыстарды жолға қою.

 

Дағыстандықтар

 

Дағыстандықтар - Дағыстанның байырғы тұрғындарын құраушы халықтардың тобы. Олар сондай-ақ Қазақстан, Ингушетия мен Ресейде тұрады. Жалпы саны – 3 миллионға жуық адам. Нах-Дағыстан тіл шоғырының дағыстан тобындағы тілде сөйлейді. Жазуының негізі кириллица болып саналады. Этнос өкілдерінің көпшілігі исламды ұстанады. Қазақстанда 12 мыңға жуық дағыстандық тұрып жатыр. Қазақстанның «Дағыстан» облыстық ұлттық мәдени орталығы мәдениетті, тілді қайта түлету, жас ұрпақты дәстүрге, әдебиетке, өнерге тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарды атқаруда. Бірлестік жастарға ана тілін, сонымен бірге мемлекеттік тілді оқытумен айналысады. Мектептер жүйесі құрылған, оларда мемлекет есебінен тіл үйрену курстары жүргізіледі. Осы мақсатпен орталық Алматыда, Ақтауда, Атырауда бірқатар жексенбілік мектептер ашылған. 1999 жылы Алматыда тұңғыш рет халықтық қолданбалы өнер туындыларының көрмесі өтті. Онда дағыстан халық шығармашылығы орталықтарының кәсіпшілігін сипаттайтын экспонаттар қойылды. Содан бері орталық мұндай көрмелер мен тұсаукесерлерді жыл сайын өткізіп келеді. Бұл этностың айрықша даталарының бірі - халық батыры, таулықтарды халықтық-азат ету қозғалысының басшысы имам Шамильдiң 1997 жылғы қазанда туғанына 200 жыл толуы. 2012 жылы орталықтың «Сад рикия» ансамблі республикалық «Достықтың жол картасы» бағдарламасы аясында Көкшетауда концерт берді. Жастар би ұжымы мен вокалды орындаушылары барлық қалалық және облыстық шараларға - концерттерге, шерулерге, жәрмеңкелерге белсенді түрде қатысып тұрады. Елімізде құрамына Қарағандының «Дағыстан» этномәдени орталығы, Алматыдағы Дағыстан этномәдени бірлестігі, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Ақтаудағы дағыстан диаспорасы кіретін қоғамдық қор жұмыс істейді. Қазақстандағы тұрып жатқан дағыстандықтар өздерінің дәстүрлері мен мәдениетінің ерекшеліктерін сақтай отырып, барлық этнос өкілдерінің арасындағы достық, бірлік пен келісім саясатын қолдайды.

 

Дүнгендер

 

Дүнгендер араб, қытай тегі бар және негізінен Қазақстан мен Қырғызстанда тұрып жатқан халық. Жалпы саны 110 мыңға жуық адамды құрайды. Көк-тибет тіл шоғырына жататын екі диалекті: ганьсуй және шэнсийде сөйлейді. Жазуының негізі кириллица болып саналады. Этнос өкілдерінің көпшілігі исламның сүннитін ұстанады. Оңтүстік Қазақстанның аумағында 60 мыңға жуық дүнген тұрып жатыр. Бүгінгі күні дүнгендер, әсіресе Жамбыл облысында көбірек орналасқан. Диаспораның 80%-ы осында тұрады. Негізінен егіншілікпен, саудамен, қызмет көрсетумен айналысады. Дүнгендердің шығу тархы мен Жетісуға қоныстануы «Дүнгендер. Тарихи этнографиялық зерттеулер», «Кеңестік дүнгендертарихының очерктері», «Қырғызстан мен Қазақстан аумағына дүнгендерді қоныстандыру» атты кітаптарда, «Потомк и Биянху» және «Дүнген симфониясы» фильмдерінде көрсетілген. Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени бірлестігі дүнген мәдени орталықтарының қызметтерін үйлестіріп отырады. Қазақстан дүнген этносын шоғырландыру, мәдениетті, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтау, жастардың білім алу деңгейін көтеру, дүнгендердің тарихи отаны – Қытаймен, сондай-ақ Қырғызстан,Өзбекстан, Ресей, Малайзия мен Таиланд диаспораларымен жан-жақты байланысты дамыту мен қолдау мәселелерін шешу жөніндегі іс-шаралар атқарылуда. Қауымдастықтың бастамасымен халық батыры М.А.Бийянхудың 170 жылдығына орайластырылып, Орталық Азияда жалғыз 1862 - 1877 жылдардағы Дүнген көтерілісінің құрбандарына арналған мемориалдың ашылу салтанаты болды. Қазақстанда жалғыз ұлттық тілді оқытатын әдістемелік орталық құрылған. Онда дүнген жазуын дамыту мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар тұрақты өткізіліп отырады. Қазақстан Республикасынан мыңдаған ұл мен қыз шетелдерге, оның ішінде Қытайдың көшбасшы жоғары оқу орындарына оқуға жіберілді. Ұйым қаржысына 3 мектеп салынып, ұлттық тілдегі оқулықтар қайта басып шығарылды. Дүнген мектептерінің үздік оқушылары үшін жыл сайынғы гранттар белгіленген. Жамбыл облысы мен ҚХР ІШэньси провинциясы арасында бауырластық байланыстар орнату жөніндегі келісімге қол қойылған. Дүнген балалары оқып жатқан 14 мектеп бар.

 

Еврейлер

 

Еврейлер - Израильдың байырғы тұрғындарын құраушы халық. Олар сондай-ақ Қазақстанда, Еуропа елдерінде, Канада, Ресей мен АҚШ-та тұрады. Этностың жалпы саны – 14 миллионға жуық адам. Афразия тіл шоғырына жататын иврит тілінде сөйлейді. Жазуы еврей алфавитіне негізделген. Этнос өкілдерінің көпшілігі иудаизмді ұстанады. Қазақ жерінде еврей этносының алғашқы өкілдері Жібек жолының ашылуымен пайда болды. Этнос өкілдері сондай-ақ ХХ ғасырдың 20 – 30 жылдарында Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында және ХХ ғасырдың 60 жылдарға дейінгі сталиндік репрессияның нәтижесінде келді. Еврейлердің дәстүрлі кәсібі кәсіпшілік пен сауда болды. Бір бөлігі кәсіпкерлікпен айналысты. Бүгінде Қазақстан аумағында 10 мыңға жуық еврей тұрады. Этнос өкілдері Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Түркістан облыстарында, Алматыда көбірек тұрады. Қазақстандағы жетекші еврей ұйымы - «Мицва» Қазақстан еврейлері ұлттық ұйымының қауымдастығы, «Мицва» қауымдастығының әріптесі – филиалдары Қазақстанның 13 қаласында орналасқан «Полина» хэсэдi. «Полина» хэсэдi қызметінің басым бағыттарының бірі - қайырымдылық. Бірнеше көмек бағдарламалары бар: қарт адамдарға, мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларымен ерекше қамқорлыққа зәру балаларға көмек беру. «Үйде күтіп-қарау» және «Балалар бастамасы» бағдарламалары белсенді жұмыс істейді. Республика аумағында: «Давар», «Шалаш», «Мабат» атты үш еврей газеті шығады. Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Қарағандыда, Көкшетауда, Қызылордада, Семейде, Оралда, Теміртауда, Шымкентте және басқа да елді мекендерде еврей қауымдастықтары жұмыс істейді. Еврей ұлттық қауымдастығының кітапханасы ашылған, Freilеhe Kinder лагерь-фестивалі өткізіліп тұрады. Ол жастар арасында еврей мәдениетін таратады. Астанада Орталық Азиядағы ең ірі «Бейт Рахель- Хабад Любавич» синегогы ашылған. «Қазақстандағы еврейлердің тарихынан» және «Қазақстандағы еврейлер. Тарихы, діні, мәдениеті» атты халықаралық конференциялар болып өтті. Алматы қаласында Рош-а-Шана, Қарағандыда Орталық Азиядағы бірінші балалар мен жасөспірімдердің Freilеhe Kinder шығармашылық фестивалі табыспен өтті. Шығыс Қазақстанда Еврей кітаптарының фестивалі ұйымдастырылды.

 

Ингуштар

 

Ингуштар – Беларусьта, Қырғызстан мен Ресейде тұратын халық. Жалпы саны 750 мыңға жуық адам. Солтүстіккавказ тілшоғырының нах тобына жататын ингуш тілінде сөйлейді. Жазуы кириллицаға негізделген. Этнос өкілдерінің көбі исламның сүннитін ұстанады. Қазақстан аумағында ингуш этносы өкілдері 1944 жылы күшпен депортациялаудың әсерінен пайда болды. Бүгінгі күні Қазақстанда 18000-нан астам ингуш тұрып жатыр. «Вайнах» этномәдени орталығының маңызды міндеттерінің бірі ұлтаралық келісімді сақтау, елде тұрып жатқан басқа да этникалы топтардың өкілдерімен мәдени және қоғамдық байланыстарды дамыту, ұлттық мәдениетті, салт-дәстүр мен тілді түлету мен танымал ету. Елімізде ақсақалдар кеңесі құрылып, белсенді жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда,олар жас ұрпақты тәрбиелеуде, оларды вайнахтардың мәдени құндылықтарына құрметпен қарауға, қазақстандық патриотизмге баулуда, республиканың байырғы халқының дәстүріне деген махаббат пен құрмет сезіміне тәрбиелеуде үлкен іс-шаралар атқарып келеді. Осы мақсатпен елордада ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстел мәжілістері, семинарлар, әртүрлі тақырыптарда жастар кештері өткізіліп тұрады. Этномәдени орталық жанында ингуш және шешен тілдерін, вайнахтардың тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін оқып-үйрену жөніндегі жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Орталықтың мақтанышына айналған би ұжымының құрамында 80 жігіт пен қыз бар. Бұл ансамбльге халық атағы берілген. Ансамбль облыстықжәне республикалық концерттер мен фестивальдарда бірнеше мәрте өнер көрсеткен, құрметті жүлделермен және грамоталармен марапатталған. Мысалы, 2009 жылы республикалық «Шабыт» конкурсының иегері болды. Сондай-ақ орталықтың кеңестері, кәсіпкерлер мен жастар қанаты жұмыс істейді. 2010 жылы орталық басшысы Салман Героев Ингушетияға шақырылып, «Біздің екінші Отанымыз – Қазақстан» атты тақырыппен өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қазақстанда ингуштардың әлеуметтік-экономикалық адаптациялануы» деген баяндама жасады. 2012 жылдың қарашасында Бейбітшілік және келісім сарайында Ингушетия Республикасының Басшысы, Ресей Батыры Юнусбек Евкуровпен Қазақстан кәсіпкерлері және ингуш диаспорасының кездесуі өтті. Қазақстанда құрамына Ингуш ғылыми-мәдени орталығы мен «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени облыстық орталықтары кіретін қоғамдық қор жұмыс істейді.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: