Қазақстанда ипотека рәсімдеу жеңілдейді

9 Маусым 2022, 20:00 1846

Фото: inbusiness.kz

Ипотека рәсімдеу кезінде халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті болмайды. Бұл жайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz.

«Неліктен азаматтар ХҚО-ға барады? Егер әрбір қызметті қайта қарастырып, үдерістерді дұрыстап ойластыратын болсақ, ХҚО-да ұзынсонар кезек те болмас еді. Мысалы, жылжымайтын мүлікке байланысты қызметтер бойынша ХҚО-ға халық үш жағдайда жүгінеді. Бірінші топ - құрылыс компанияларынан үй сатып алып жатқан кісілер. Бұл ретте мемлекет құрылыс компаниясының жылжымайтын мүлікті нақты кімге сатқанын білуі тиіс, сонда алдағы уақытта әлгі нысан басқа біреуге заңсыз сатылып кетпейді және келісімшарттың құнына қарай салық базасына тиісті деректер енгізіледі. Екінші топ – ипотекаға үй алып жатқан клиенттер. Бұл жағдайда мемлекет жылжымайтын мүлікке құқығы бар азамат жайлы және кепілдеме туралы ақпарат сұрайды. Үшінші – жылжымайтын мүлікті өзара сатып алу-сатумен айналысып жатқан жеке тұлғалар. Бұл ретте келісімшарт дұрыс жүргізілгенін тіркеу қажет. Осы жағдайлардың барлығында ХҚО-ға бару керек болатын», - деп жазды министр.

Оның айтуынша, қазір жеке тұлғалар арасында жасалатын келісімшарт бойынша ХҚО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Нотариуста рәсімдеуге болады, ал ол барлық деректерді мемлекеттік базаға жолдайды. Банкте ипотека рәсімдеу кезінде де ХҚО-ға бармауға болады. Freedom Finance, Otbasy bank-те бұл үдеріс реттелген, ЦКБ да жуырда блокчейнмен цифрлық ипотека рәсімдеуге кіріседі.

«Құрылыс компаниясынан баспана алғысы келетін адам ХҚО, құрылыс компаниясы және нотариусқа бару керек болатын. Біз цифрландырудың арқасында мұндай ұзақ процесті оңтайландырдық. Былтыр пилоттық жоба аясында BI Group-пен бірге қолайлы механизмді іске қостық: келісімшарт құрылыс компаниясының кеңсесінде жасалып, қажетті деректердің барлығы бірден жылжымайтын мүлік базасына және үлестік қатысу базасына жолданады, осылайша азаматтар ХҚО-ға, басқа да мекемелерге бармайтын болды. Бүгін BI Group кеңсесінде цифрлық ипотека процесіне куә болдым. Компания өкілдері цифрландырудың клиент уақытын қаншалықты үнемдейтінін көрсетті. Бұл – барлық құрылыс нарығы үшін жақсы үлгі. Қазіргі таңда біздің елде кез келген құрылысшы осындай сервисті ұсынып, деректер базасымен интеграция жасау арқылы клиенттерді ХҚО-ға бару мәжбүрлігінен құтқара алады. Ал бізде ұзынсонар кезектердің кезеңі өтіп, үнемделген ресурстарымызды басқа да мемлекеттік қызметтер бойынша сервистерді жақсартуға жұмсар едік», - дейді Бағдат Мусин.

Бөлісу: