Денсаулық сақтау министрлігі мен фармацевтикалық өнімдердің жетекші әлемдік өндірушісі «Ново Нордиск Қазақстан» ЖШС әлеуметтік мәні бар инфекциялық емес ауруларды емдеудегі әріптестік мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды El.kz.
Даниялық Novo Nordisk компаниясы құрылғаннан бері қант диабетін, семіздікті және басқа созылмалы ауруларды емдеуге арналған инсулин және «Оземпик», «Виктоза» сияқты бірқатар дәрі-дәрмектерді шығаруға мамандандырылған.
Меморандумға қол қою рәсімінде министр осы әріптестіктің қант диабетін қоса алғанда, негізгі әлеуметтік маңызы бар инфекциялық емес аурулардың алдын алу мен басқаруды жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанның фармацевтика саласын одан әрі дамыту үшін маңызын атап өтті.
–Бүгінгі меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтар біздің денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін береді деп үміттенемін, – деді А.Ғиният.
Өз кезегінде, ТМД дамушы елдері өңірінің,«Ново-Нордиск Қазақстан « ЖШС бас менеджері Али Бенги жоспарланған іс-шараларды толық және сапалы жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Меморандумға сәйкес тараптар екі жақты ынтымақтастықты бірнеше бағытта дамытуды көздеп отыр, атап айтқанда:
- дәрілік заттардың отандық өндірісін қолдау және дамыту;
- диабет және семіздік саласында үздіксіз медициналық білім беру бойынша жобаларды іске асыру арқылы сапалы медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында кадрлық әлеуетті нығайту;
- ғылыми және зерттеу әлеуетін арттыру;
- аталған топтардың емдеудің инновациялық әдістеріне ертерек қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы қант диабеті және семіздікпен ауыратын науқастар үшін емдеу сапасын арттыру.
Мысалы, Novo Nordisk компаниясы семіздіктің алдын алу және емдеу мәселелерімен айналысатын қазақстандық мамандарға «Global obesity clinics programme» бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, компания қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың адам инсулині препараттарын өндіруді одан әрі жолға қоюы үшін белсенді фармацевтикалық субстанцияны қазақстандық нарыққа жеткізуді жүзеге асыру мүмкіндігін зерделеуді жоспарлап отыр.
Дүниежүзілік диабет федерациясының (IDF) дерегінше, 2021 жылы қант диабетінің жаһандық таралуы 10,5% (573 миллион адам) құрады және 2030 жылға қарай 11,3% - ға және 2045 жылға қарай 12,2% (783 млн адам) дейін ұлғаю болжанып отыр.
Қазақстанда «Қазақстан Республикасы үшін диабеттің ауыртпалығы» зерттеуіне сәйкес, осы аурумен ауыратын науқастардың саны 383 мыңды құрайды және тұрақты түрде өсіп отыр.