Қазақстандағы табиғаты ерекше демалыс орындары

30 Шілде 2022, 15:57 6005

Жаздың соңғы 31 күні. Көпшілік жазда да жұмыс істейтін болғандықтан, тамыз айын демалыс пен көңіл көтеруге арнаған жөн.

Қазақстан туризмінің тоқтаусыз дамуы қуантарлық жайт. Соңғы жылдың статистикасы бойынша шет елде демалушылар 69 пайызды құраса, қалған 31 пайыз отандастарымыз кең байтақ Қазақстан жерінде саяхаттауды жөн санаған, деп хабарлайды El.kz

Әрине, шет елде мөлдір суға шомылып, жағалауда жатып күнге қыздырылған кімге ұнамас. Дегенмен де белсенді демалыс адам денсаулығына толассыз энергия сыйлайтынын ұмытпаған жөн. Бүгінде бір немесе екі күндік турлардың да саны артып жатыр. Ал тамыз айының күнтізбесінде 9 демалыс күні бар екен.Осы ретте назарларыңызға туған жердің үздік деген табиғат орындарының бірегейін ұсынамыз.

Елордадан 230 шақырымдық жерде орналасқан Бестөбе каньоны. Мөлдір суы бар жер асты бұлақтарымен танымал су қоймасының арғы жағы алып каньондарға ұласатынын бірі білсе бірі білмес. Геологтардың айтуынша бұл керемет осыдан 500миллион жылдан астам уақыт бұрын пайда болған екен. Жолға ұзақ уақытты талап етпейтін, небәрі 3,5 сағаттық жердің таза ауасы мен тарихи ландшафты сергектік сыйлайтыны сөзсіз.

Егерде таулы аймақ қиындық тудырар болса Ақкөл кенті маңындағы орман сізді әсемдігімен таңдандыруға асық. Мұндай табиғат аясы тимбилдинг ұйымдастыруға таптырмас мекен. Тек қаладан 116 шақырым ассаңыз болғаны.

 Алматы маңынан арасы жақын бірақ табиғаттары жер мен көктей үш локация ұсынамыз. Көлсай, Қайынды, Шарын шатқалы. Шегі көрінбестей өзеннен таңғажайып әсер қалдырар биік өсімдіктердің арасына еніп, кейін таулы шатқалдың биігінен барлық кереметті көзбен шолуға мүмкіндік беретін саяхаттан бас тартпау қажет.

Тарихты ұнатар қауымға да туған жердің тартуы жетерлік. Түркістан аймағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер саяхаттаушыны бей-жай қалдырмайтыны анық. Тас ғасырындағы тұрақтар, шатқалдар, керуен жолы, орта ғасырлық бекіністер, ескерткіштер осының барлығы бір аймақта. Түрлі кесененің энергетикасы ерекше.

Келесі табиғат нысаны ретінде Бұқтырма және Алакөлді қарастыруға болады. Бұқтырма - туристік орталық ретінде қайта қалыптастырылып жатса, Алакөл елге танымал шипажай деуге тұрарлық. Шет елдегідей теңіз, арал, тіпті 5 жұлдызды қонақ үй де бар.

Әлем бойынша төртінші орындағы және қолдан жасалған су қоймасы - Бұқтырма. Көпшілік "көк теңіз" деген атауымен де танып жатады. Бұл аймақ балық аулауды сүйетін жандардың бағы. Сазан, мөңке балық, ақтабан, шортан, көксерке, нәлім сынды балықтардың көптеген түрлері жетеді. Оған қоса, адреналин сүйер қауымға су қоймасында рафтингпен айналысуға рұқсат етілген.

 Алакөл - тұзды көл. Демалып қана қоймай, емі бар су кімге жақпас. Шығыс пен Алматынай шекарасында орналасқан көл туристер мен отандастарымыздың сүйікті демалыс орнына айналған. Бұл аймақта жаз мезгілінің ортасында ине шаншар жер табылмай қалып жатады. Сондықтан тамыз айының ортасына дейін барсаңыздар ерекше демалып қайтуға болады.

 Дайындаған: Айым Даниярова

 

Миражан Махан
Бөлісу: