Тараптар банктің Қазақстандағы қазіргі жобалары мен алдағы жоспарларын, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген Үкіметтің реформаларды жүргізу жөніндегі шараларын, Дүниежүзілік банктің 2020-2025 жылдарға арналған Әріптестік туралы негіздемелік стратегиясын іске асыру барысын және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.
Премьер-министр Банктің белсенді қолдауының арқасында елімізде серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған жобалар табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банкпен бірлесіп бірқатар жаңа жобалар пысықталып жатыр. Үкімет оларды жүзеге асыру мүмкіндігін егжей-тегжейлі қарастыруға әзір, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы бүгінгі таңда мемлекет заң шығару билігі институтын нығайту және әділ бәсекелестікті күшейту, жеке меншікті қорғау, демонополизациялау және т. б. арқылы экономиканы сапалы жаңғыртуға бағытталған реформалар бойынша белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Осы шаралардың барлығы бизнестің мүдделері мен құқықтарын қорғау жүйесін барынша нығайтады, отандық кәсіпкерлер үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де кең ауқымды экономикалық мүмкіндіктер ашады. Осыған байланысты біз реформаларды қолдау жөніндегі бастамаларды құптаймыз, — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Анна Бьерде Қазақстан мен Дүниежүзілік банк ұзақ уақыттан бері өзара ынтымақтастықты жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылдар ішінде $8 млрд-тан астам сомаға 47 жоба табысты іске асырылды.
Жаңа экономикалық сын-қатерлер кезінде іске асырғымыз келетін жобаларды алдын ала жоспарлау керек. Біздің ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндіктеріміз бар деп санаймын, — деді Анна Бьерде.