Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын арқалаған Қазақстанда теңдесі жоқ, толығымен қазақтың әдет-ғұрпы пен салт-дәстүріне арналған бірегей Орталық Шымкент қаласының төрінде 2014 жылдың желтоқсан айында бой көтерді. Биыл ол оқиғаға да 5 жыл толады екен.
Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оңтүстікке жасаған іс-сапары барысында өзі ашқан еді. Бұл бір ғана Оңтүстік жұртшылығы үшін емес, Қазақстан халқын елең еткізер оқиға болды, себебі бұл ел аумағында бұған дейін салынбаған бірегей нысана.
Орталықтың бір ерекшелігі сол, мұнда қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналған жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Яғни, ғасырдан-ғасырға жеткен рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауға, үңіліп толыққанды зерттеуге жол ашылып отыр.
Орталыққа кіре берісте бірден көзге түсетіні – жеті қазына мүсіні.
Жалпы, атам қазақ жеті санын қастер тұтқан. Жеті қарақшыға қарап жолын тапса, жеті атасын танып, тарихын білген деген сөз бар. Соның ішінде жеті қазынаның жігіттің өмірімен тікелей байланысы бар. Жүйрік аты - қанаты, қыран бүркіт - қуаты, құмай тазысы - абыройын асырар сенімді серігі, берен мылтығы - қаһарлы оты, қақпаны – серті, ауы - әдіс-айласы, кездігі - сұсы. Астында 4 түліктің бейнесін көруге болады. Қазақ бай болған, төрт түлікке сай болған. Түліктің төресі - түйе. Жылқы мінездес деп жатады әдетте. Сол жылқыны жанындай сүйген елміз. Жылқы, сиыр, қой қошқар, түйе. Әр қайсының киесі, иесі, атасы бар. Түйенің атасы – ойсыл қара, жылқының атасы – қамбар баба, сиырдың атасы – зеңгі баба, қой қошқардың атасы – шопан ата.
Ал Орталық ғимараты өз ішінде Достық және Салт-дәстүр деген екі үлкен мазмұнды залға бөлінген.
«Ұлттық салт-дәстүр» залы
Орталықтың ұлттық салт-дәстүр залында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, көшпелі өмір салтын, табиғатпен үйлесімдігін, жалпы дүниетанымын бейнелейтін жағдай жасалған. Залда орны-орнымен, бүк-бүгімен, жік-жігімен ұқыпты етіп жайғастырылып қана қоймай, әдемі безендірілген әрбір зат көздің жауын алады. Қазақтың бай мәдени мұрасынан сусындап, ләззат алып шығасың. Пайдаланған әрбір тұрмыстық бұйым, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, төсек-орынға қатысты ұсақ-түйекке дейін ескерілген.
Мұндағы әрбір тұрмыстық зат белгілі заңдылық пен тәртіппен орналасуы ұлтымыздың ой-өрісін, таным-түсінігін байқауға мүмкіндік береді. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі халықтың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған этнографиялық, қолөнер бұйымдарының толық үлгілері осы жерде жинақталған.
Киіз үйдің төрі қасиетті орын саналған. Ал қазақ халқы ежелден қонақжай болғанын ескерсек, әрбір қонақты сыйлап, төріне шығарған. Керісінше, жас келін ешқашан емін-еркінсіп, төрге шықпаған.
Киіз үйге кіре берістегі оң босаға әркез киелі саналған. Қыз бала он екіге толғанда шаңырақтың оң босағасынан өзіне тиесілі орын бөлнііп, киім ешегін, көрпе төсегі мен жатын орнын шымылдықпен көлегейлеп бөлек тәрбиелене бастаған. Осындағы шымылдықтың ішіндегі қыздың төсегі «көсеге» деп аталады. Қазақ бабам тілек-бата айтқанда "көсегесі көгерсін" деп осыған байланысты айтатын болған. Қыз бой жетіп, ұзатылатын шағында көсегесі жасауымен қоса алып кетілетін болған. Қыз баланы жастайынан оң босағада ұстауының өзінде терең философилық, тәрбиелік мән жатыр.
Қызды жатжұрттық деп санаған халық дәстүрі қызды үлкен өмір жолына қадам басуына ерте кезден әзірлеген. Жаңа келін түскенде де оны киіз үйдің оң жағымен жағалатып жүргізуі сол себептен екен. Оған қоса сол үйдің иесі қаза болғанда да киіз үйдің оң жағына мәйітін қойып түнетуі сол қасиеттің мәнін аша түсккендей.
«Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» демекші, қыз-келіншектер, апа-әжелеріміз ұлттық нақышта безендірілген әшекей бұйымдарды жарқыратып, шашбауларын сылдырлатып, жүзік сақиналарын қолдарына бар сән-салтанатымен тағып алатын болған. Солардың ішіндегі ең көрнекті де қымбаттысы болып ұзатылған қыз киетін аса қымбат, бағалы, кәделі бас киім саналатын саукеле.
Сәукеле қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт, лағыл секіді асыл тастардан жасалған моншақтар төңкерілген. Біле білгенге ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелеге қарап қарап бағаланған.
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда түскенде Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсін» - деген екен. Сөйтсе, Кенесарының ағасы Саржан төре тұрып: «Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал, сондықтан қызының малы бес жүз жылқы болсын»- деп кескен екен деседі. Бұған қоса, дәстүр бойынша сәукелені тек ұзатылатын қыз бала киген, оны айырбастамаған, басқаға киюге рұқсат берілмеген. Осының өзінен-ақ халықтың қаншалықты салт-дәстүрге, наным-сенімдерге аса үлкен көңіл бөлетінін оңай аңғаруға болады.
Киіз үйдің оң жағы үй иесінің отыратын және жататын орны болған екен. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар орналасып, оны шимен жауып қоятын болған.
Қазақ халқы ыдыс-аяқтарды ағаштан, теріден, қыштан мол жасаған.
Мысалы, астау, ожау, қымыз, шұбат пісіп, май шайқайтын күбі, жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалатын, қымыз құюға арналған 3-8 литрге дейін сусын құйылатын түрлі торсықтар тағы бар.
Тары, бидайды түйетін елі-келсап, тамақ және ыдыс-аяқ сақтайтын үй жиһазы, кебеженің түрі асадал да бар. Бұлардың барлығы киіз үйдің оң жағында орналасқан деп жоғарыда айтып өттік.
Ал киіз үйдің сол жағы балаларға берілген. Оның өзінде босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінген.
Киім демекші, қазақ ұғымында Адалбақан деген киелі зат бр. Ол бірнеше қызмет атқарған. Бірінші киелі шаңырақты көтеретін құрал ретінде. Екіншіден киім ілгіш ретінде. Ал дәстүр бойнша жігіт қызға ұрын келген кезде бақан өзінің дәстүрлік мәнін атқарған. Оң босағада отқан қызға жігіт ұрын келген кезде қыздың жеңгелері адалбақанды жігіттің аяқ астына тастаған. Жігіт болса, адалбақан киелі болғандықтан, оны аттап өте алмаған екен.
Ер қаруы – бес қару дейді. Оған соғыс кезінде кесу, шабу, түйреу, соғу, ату арқылы жауын жарақаттап, өзіндік қолдану әдісі бар қылыш, айбалта, найза, шоқпар, жақ (садақ) сынды қарулар жатқызылған.
Тағы бір ерекше көңіл бөлетін жабдық – түр-түрге бөлінетін ер-тоқым. Тұрмыста қолдану мүмкіндігіне, жасаған материалына, әшекейлеп безендіруіне, кескін-келбеті, яғни пошымына орай үлкен ер, жігіт ер, әйел ер, бала ер, қайың ер, қарағай ер, құрама ер, темір ер, алтын ер, күміс ер, оюлы ер, құранды ер, қапталды ер, жайпақ ер, биік ер, сауырлы ер, қоқан ер, орыс ер болып жіктеліп кете береді. Осы ердің қаңқасына тоқым, желдік, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, қанжыға, үзеңгі, таралғы немесе үзенгі бау, жүген, шылбыр, тізгін қосылып, олар ат әбзелдері деп аталады.
Киіз үйге ерекше сән беру мақсатында шашақты желбаулар ілініп, тағылады. Ол екі түрлі мағына береді. Алғашқысы – сән, екіншіден киіз үй құрылысының беріктігіқамтамасыз етілген. Әр түстің мән мағынасын ашуда олардың дүниетанымының қаншалықты кең болғандығын аңғару қиын емес. Мына тамашалап отырған басқұрдағы ою өрнек шексіздік белгісі - жер мен көкті жалғап тұрған ақжол іспеттес.
«Достық» залы
Ерекше назарды қажет ететін тағы бр зал - «Достық» көрме залы. Ол 2014 жылдың желтоқсанында орталықтың ашылуына байланысты Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай бар сән-салтанатымен келем деушілерге қызмет көрсете бастады.
Залдың экспозициясын жабдықтауда облыстың барлық дерлік жиырма этномәдени бірлестігі бір отбасыдай атсалысып, экспонаттарды жинақтауға үлкен қолдау көрсеткен. Олардың негізін ұлттық киімдер, салт-дәстүр мен ұлттық мәдениет қамтылған әдебиеттер, ыдыс-аяқ, тұрмыстық бұйымдары және тағы басқалары құрайды.
Бұл жерде аталмыш мәдени орталықтар жылына бірнеше мәрте тәрбиелік маңызы бар түрлі мәдени шаралар да өткізіп тұрады. Сол арқылы әр-ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрінен молынан хабардар болуға мүмкіндік бар. Жалпы адам баласына қандай да б3р ұлттың салт-дәстүрін, жол–жоралғысын оқып білу, зерттеу, сол халықты жақыннан тану ешқашан да артық етпейді. Керісінше ой-өрісің кеңіп, жаңа білімге жол ашылады.
Айтпақшы, жақын арада Орталық әрбір этностың рухани игіліктерін тереңдеп зерттеу ісімен де айналысуды жоспарлап отыр. Енді осы залда келтірілген этномәдени бірлестіктерді қысқаша таныстырып өтсек.
Шешен халқының салт-дәстүрі кез-келген мұсылман халықтардың дәстүріне сәйкес өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі. Шешен халқының табиғатын суреттейтін басты дәстүр - еркіндік. Екінші орынға шешендердің жомарттығы шығады. Суретте көрсетілгендей, шешендердің салт-дәстүрі бойынша «Ер балаға папах» бас киім кигізіледі. Папах – кавказдардың ер адамдардың жай ғана бас киімі емес, ол шешен мен ингуш ұлттарының ар-намысы саналады.
Ұйғыр халқының тұрмыс-салтында кеңінен тараған әдеттердің бірі - ер адамдардың бірігіп бас қосуы, яғни машрап. Мұнда жастары шамалас 15-20 ер адам бірігіп, әрқайсысы кезекпен бір-бірін үйлеріне шақырып, жиналады. Сонымен қатар отбасы, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Әкенің мұрагері тұңғыш ер бала есептеледі. Ал жас нәресте дүниеге келген үйге 12 күнге дейін бөтен адам келмеген.
Тәжікстан жұрты болса Наурызда ерекше дәмі бар «суманақ» немесе «сумалақ» тағамын әзірлейді. Бұл елде Наурыз 21-і мен 24 аралығында тойланады. Баланы сүндетке отырғызу салты тәжіктерде туй хатна, туй суннат, буррак, чукбуррон деп аталады. Тәжіктерде алаша тоқу өнері өте жақсы дамыған. Алашаға түрлі ою-өрнектер мен табиғаттың суреттерін бейнелеу өзінің шыңдалу дәрежесне жеткен. Тәжіктердің дәстүрлі ұлттық киімдері әсіресе таулы аудандарда жақсы сақталған. Ондағы әйел киімі көйлек-курта, дамбал-эзор не пойчома, сырылған шапаннан, орамал-румолдан тұрады.
Татар халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі, көршілердің бір-біріне қора салысуға немесе егін жинасуға көмектесуі. Оны «омә» немесе «асар» деп атайды. Ұлттық ойындары – «сымсыз телефон», «жүзік салуды» татар жастары иесі қыдырып кеткен бос үйге жиналып, тамақ істеп, сауық құру кезінде ойнайтын болған.
Қазақ, қырғыз, өзбек ұйғыр ағайындардың әдет-ғұрыптары бірдей болмаса да, өте ұқсас болып келетін тұстары аз емес. Мысалы түркі тілдес халықтар секілді түріктерде де туыстық жақындықты әке жағынан есептейді.
Түріктерде ер адамдар әйел адамдардан әрдайым жоғары тұрады. Дүниеге ұл баланың келуі түріктер үшін қуаныш, оны ұрпақ жалғастырушы деп аса құрметпен қараған. «Cennet annelerin ayaklarin altindadir» - «Жаннәттің кілті аналарымыздың аяғының астында».
Славяндардың мәдениеті - орыс мәдениетінің қайнар көзі. Ежелгі славяндардың дүниетанымы табиғаты пір тұтуымен байланысты болды. Олар әр орманды, бұлақты, құдықты пір тұтқан. Славян қолөнерінде ағаштан ыдыс жасау кеңінен тараған. Оның негізгі себебі, әрбір ағаш ерекше емдік қасиетке ие деген нанымсеніммен байланыстырылған.
Поляктар мерекелерді атап өтуге ерекше мән беретін, оны тойлауды қалт жіберметін халықтың бірі. МЫсалы, 25 желтоқсанда котоликтердің Рождество Христовоның Бірінші күні. Кутья мпреке кезінде бал, мейіз, көкнәр тағы басқа қоспалар қосылып, қант қайнатпасында бидайдан пісірілетін тағам түрі. Пасха мейрамы. 1 қараша - Барлық әулиелер күні. Әйелдер жағы юбка-көйлек, сыртынан алтын және күміс зермен тоқылған корсаж; ерлер жағалы көйлек, жолақты шалбар түріндегі ұлттық киім киген.
Қазақстанда тұратын немістер болсын, германиядағы немістер болсын, олардың дәстүрлі кәсіптері – егіншілік пен мал шаруашылығы, балық аулау, қолөнер. Аптаның соңғы күндері «ата-ана» күні деп аталады. Жаз айының соңғы 24 жұлдызында Иванов күні мерекелейді. Бұл мейрамда иониттер мен мальталық серілер лаулатып алау жағып, бір-бірінің қолдарынан ұстасып отты айнала алуан түрлі ойын-сауық құрған.
Өзбек халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында біздерге ұқсас тұстары аз емес. Қазақстан мен Өзбекстан шекаралас жатқандықтан екі ел халқының көптеген ұқсастықтары кһзге бірден түседі. Бұл бала тәрбиесіне ерекше мән беруден де аңғарылады. Әдетте палаудың отаны Өзбекстан дп те жатамыз. Ал тоқтықтың белгісі ретінде мейрам күндері әрбір өзбек дастарқанға «Сумалак» асын қойған. Бұл ас бидайдан әзірленеді.
Қарақалпақтар – түркі тілдес халық. Олар Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ Республикасын мекендейді. Олар ерте кезден жартылай көшпелі халық болған. Мал шаруашылығы балық аулаумен қатар, көне дәуірден суармалы егіншілікпен шұғылданып келеді. Қарақалпақтардың күнделікті қорегінде сүт тағамы, қауын мен асқабақ көп. Қолөнері дамыған қарақалпақтар сөз өнеріне де ерекше ден қойған халық.
Қырғыздардың ғасырлар бойы қалыптастырған негізгі шаруашылығы -көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Қырғыз халқында теміршілік, зергерлік, ағаш өңдеуге ер-тұрман жасау, ою-өрнек, тері илеу, киіз басу, киім-кешек тігу, май тарту, диірмен, былғары өңдеу жақсы дамыған. Байқап отырсаңыз, қазақ халқының салт-дәстүрімен астасып жатқан тұстары өте көп.
Күрді халқы Наурыз мерекесін атап өтуді қазақ халқы секілді апта бұрын бастайды. Ағайын-туыстарымен жиналып, үй-үйді аралап, жастар жағы ұлттық киімде қызмет көрсетеді. Бұл «Огра Нәврузи» дәстүрі. Дастарханға алдымен 9 түрлі тағамнан әзірленген күрдтің Наурыз көжесі – «Грар» койылды.. Ерекшелігі сол, көжеге ет пен май мүлдем қосылмайды.
Кәрістер жағы Жаңа жылдық мерекесін Сэхва деп атайды. Сонымен қатар Толь – бөбектің бір жасқа толуы тойланатын күн, Герхонсик – үйлену тойы, және Хуангаб – алпыс жасқа толу салтанаттарын ерекше атап өтеді. Нәрестенің бір жасқа толу күні әйелдер жағы бөбектің әжесінің басшылығымен корейдің кукси, тош, кимчи ұлттық тағамдарын әзірлейді.
Иранда да басты мереке – Наурыз. Көктемнің бұл айын олар «Фавардин» деп атап кеткен. «Аиди» - Жаңа күн туғанда ел ақсақалдары жасы кіші балаларға күміс немесе алтыннан жасалған тиын табыс ету рәсімі. Ұлттық тағамдары: палау, челу кәуап, абгушт, арнайы әдіспен пісірілген күріш. Иран халқының қолөнері жайлы айтар болсақ, ең жақсы дамыған түрі – кілем тоқу шеберлігі.
Еврей халқы да түріктер секілді баланың дүниеге келуін ерекше қабыл алады. Сол себептен де ту би-шват мерекесі тойланады. Бұл күні дастарқанда 7 түрлі өнім жемістер қойылады, міндетті түрде жаңа жеміс дәндері отырғызылуы тиіс. «Алтауы бір қап ішінде» ойыны ойналады. Оның шартына сәйкес, ойынға әртүрлі жеміс, өнім кейпіндегі 6 бала қатысады. Қап жолда келе жатып әр түрлі жеміс, өнімдерге кездеседі. Олар өздерінің қандай жеміс немесе өнім екендіктерін, өздерінің қасиеттері туралы мейлінше мол мағлұмат берулері тиіс.
Грузиндер үшін де отбасы қасиетті ұғым. Ал әке сөзі – заң. Грузиндер қонаққа барғанда көшеге киетін аяқ киімдерін шешпейді. Мұны жасайтын болсаңыз, қожайындар ренжіп қалады екен. Грузиндер үшін дастархан басындағы басты адам – ол асаба. Асабаның сөзін бөлуге болмайды, оның сөзі – «заң» болып есептеледі.
Гректер жағы Жаңа жылды – 14 қаңтарда (ескі үлгі бойынша) атап өтеді. Жаңа жылда маска киген адамдардың шеруі ұйымдастырылады. Рождество 7 қаңтарда атап өтіледі. Рождествоның алдында қырық күндік ораза тұтылады. Рождестволық дастархандағы міндетті тағам - кутья (колва) болып табылады.
Армяндар үшін нан - басты азық-түліктердің бірі. Сондықтан армяндарда өте жиі «таңғы ас», «түскі ас» немесе «кешкі астың» орнына «нан жейік». «Гнанк Нац уденк» немесе «Жүр, нан жейік» деп жолдасы жолдасын шақырады. Әрбір шаруаның үйінде тондир немесе нан, ет пісіретін саздан жасалатын пеш болған.
Әзірбайжан ұлттық дәстүрлерді сақтап, оларға ерекше құрметпен қарайтын ел. Атаулы күндер – Құрбан байрам (құрбандық шалу мейрамы). Рамазан байрам – оразадан кейінгі мейрам. Новруз – байрам – халық арасындағы Жаңа жыл мен көктемді тойлаудың ең ежелгі және құрметті мейрамы. Бұл жерде де қазақ пен әзірбайжан халықтары арасындағы салт-дәстүрлердің сабақтастығын аңғару қиын емес.
Елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі ол XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры. Осыдан он үш ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты - Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің Жалпыұлттық идеямыз, мемлекеттігіміздің тамыры көне тарихтан бастау алатынын танытады. Яғни, Мәңгілік Елдің желбіреген көк туы астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың түп тамыры бір – Мәңгілік Ел идеясы төңірегінде бірлігі жарасқан мызғымас ел болып күн кешу туралы асқақ арманы орындалып, қой үстінде бозторғй жұмыртқалаған сәтті бастан кешіп жатқан кезіміз бұл деуге негіз бар. Мұндай достығы жарасқан ел дүние жүзінде кемде кем. Көп елдің береке-бірлігі қашқан заманда бір шаңырақ астында конфессия және ұлтаралық келісімде өмір сүріп жатқан Қазақстанның бұл моделі дүниежүзі қауымдастығына кәдімгідей үлгі-өнеге.
Әсем Жұмабекова
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.