Қазақстанда патентті қалай алуға болады?

13 Қыркүйек 2022, 10:55 3426

Қазақстанда өнеркәсіптік меншіктің түрлі объектілері қорғалады және патенттердің бірнеше түрі беріледі.

Егер сіздің әзірлемеңізде техникалық шешім болса және оны өнеркәсіптік түрде қолдануға болатын болса, сонымен бірге мамандар үшін айқын болмаса онда оны өнертабыс немесе пайдалы модель ретінде қорғауға болады, деп хабарлайды El.kz

Ал егер әзірлеме өнімнің жаңа немесе түпнұсқа дизайнына қатысты болса, сонымен қатар оны бұрын ешкім пайдаланбаған (немесе патенттелмеген) болса, бұл жағдайда оны өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғауға болады.

Өнертабысқа немесе пайдалы модельге патент алу үшін өтінімді рәсімдеп, оны ҚР Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтына (ҰЗМИ) ұсыну керек немесе ҰЗМИ сайты және E-gov порталы арқылы онлайн беруге болады.

Өтінім берген кезде қандай құжаттарды қоса ұсыну қажет?

- авторлар мен ықтимал құқық иесі (кейде бұл әртүрлі адамдар) туралы ақпаратты көрсететін өтініш;

– пайдалы модельді жүзеге асыру үшін өнертабыстың немесе модельдің толық сипаттамасы,

– патент объектісін анықтайтын және оның мәнін білдіретін сипаттамаға негізделген формула;

– реферат (өнертабыс және оны қолдану саласы туралы);

– қажет болған жағдайда сызбалар және өзге де материалдар;

– өтінім беру, оның ішінде формальды сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат;

– қажет болған жағдайда сенімхат.

Өнертабысқа патент өтінім берілген күннен бастап 20 жылға беріледі. Патент иеленушінің өтініші бойынша патент құқығын 5 жылдан аспайтын мерзімге ұзартуға болады.

Пайдалы модель патенті 5 жыл бойы жарамды. Патентті күшінде ұстау үшін ақы төленген жағдайда 3 жылдан аспайтын мерзімге ұзартуға болады. Өнеркәсіптік үлгіге патент өтінім берілген күннен бастап 15 жыл қолданыста болады және 5 жылға дейінгі мерзімге ұзартылуы мүмкін.


Руслан Мухамадеев
Бөлісу: