Қазақстанда IT саласы қалай дамып жатыр

13 Қыркүйек 2022, 11:35 8909

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді.

Бүгінгі таңда елімізде IT мамандарына сұраныс артып отыр. Өйткені көптеген компания сауатты әрі мамандығын жақсы білетін бағдарламашылар мен әзірлеушілерге мұқтаж. HeadHunter онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының мәліметі бойынша, IT саласындағы бос жұмыс орындарының саны 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 50%-ға, ал биыл (жарты жыл) өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға өскен. 

Осыдан-ақ, бұл салаға деген сұраныстың артқанын анық байқауға болады. Осы тұста, елімізде IT саласы қалай дамып жатыр, мамандар дайындау үшін қандай шаралар қолға алынды, қанша қаражат бөлініп отыр, сонымен қоса мықты IT маман болу үшін мамандар қандай дағдыларды дамытуы керек, азаматтардың цифрлық сауаттылық көрсеткішін көтеру үшін не істеу керек деген секілді сауалдарға жауап іздеп көрдік.

IT саласын дамыту үшін 7,5 млрд теңге бөлінді

Цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөліп отыр. Атап айтсақ, 2022 жылы – 2,7 млрд теңге, 2023 жылы-2,9 млрд теңге. Ал 2021 жылы саланы дамытуға 1,9 млрд теңге бөлінген.

Аталған ведомствоның мәліметінше, бұл қаражат еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы үшін керекті жаңа технологияларды анықтау жоспарланып отыр. Сонымен бірге жаңа немесе жетілдірілген өнім шығаратын компанияларға да көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар IT-жобаларға потенциалы бар инвесторларды іздеу және отандық стартаптарды дамыту жұмыстары жалғасын табады.

Егер осы жұмыстар сәтті жүзеге асатын болса, биыл ІТ қызметтеріндегі жергілікті қамту үлесі 70%-ға дейін өседі деп жоспарланып отыр. Ал келесі жылы 70,5%, 2024 жылы 71%-ға жеткізу мақсаты тұр. Еске сала кетйік, биыл инновацияларды дамытуға 2,7 млрд теңге бөлу жоспарланған.

100 мың IT маман дайындау міндеті қойылды

Елімізде цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 100 мың жоғары білікті IT-маманды дайындау мақсатында көптеген іс-шараларды қолға алған болатын. Олардың ең негізгілеріне тоқталатын болсақ, біріншіден, 20 заманауи бағдардамалау мектебін ашу. Екіншіден, IT-бағдарламалау мектептеріне 20 мың грант беру, сонымен қоса университеттердің өнірлік жоғары оқу орындарына қамқорлық жасауын қамтамасыз ету.

Министрлік тұрақты негізде IT-мамандарды жаппай даярлауға IT-мектептермен бірлесіп, жұмыс жүргізіп жатыр. 2021 жылы осындай 6 мектеп ашылды. Ал биыл тағы 5 мектеп ашу жоспарланып отыр. IT-мектептердің өздері 2021 жылдан бері өңірлерде ашыла бастаған болатын. Атап айтсақ, Алматы қаласында "HackerU" мектебі, Ақтау қаласында "Da Vinci School" мектебі, Орал қаласында IT-хаб базасында мектеп, Жезқазғанда – "Zhez-IT" мектебі ашылған еді.

Бұдан басқа жоғарыда аталған іс-шаралардан бөлек, IT-мамандардың санын (студенттерден бөлек) 2023 жылға қарай 9000-ға, 2025 жылдың соңына қарай 60000-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы мұндай қолға алынып жатқан шаралардың барлығы еліміздегі жеке бағдарламалау мектептер санының артуына, оның ішінде шетелдік IT-мектептердің филиалдарын ашуға мүмкіндік беріп отырғанын атап өту керек. Осылайша, IT-мамандарды сапалы даярлау және бейінді жоғары оқу орындарының тәжірибесін қолдану, сондай-ақ өңірлік оқу орындарының деңгейін арттыру мақсатында өңірлік жоғары оқу орындарымен бейінді жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын арттыру мақсаты қойылып отыр.

Жастар қандай дағдыларды меңгеруі керек

Жалпы мамандар IT бағытында білім алып жүрген жастар тек техникалық білімі мен дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, жұмсақ дағдыларды (soft skills) да жетілдіру қажеттігін айтады. Жақында елордада өткен EdTech Forum M.E.T.A. конференциясында Qwasar Silicon Valley-дің негізін салушы әрі «EdTech» сарапшысы Кваме Ямгнане де осы пікірмен келісетінін жеткізген еді. Оның айтуынша, бір қарағанда инженер-бағдарламашы мамандығы ешқандай жұмсақ дағдыларды қажет етпейтін сияқты көрінуі мүмкін. Алайда ол әр маманға қазіргідей заманауи әлемде қатты дағдылардан гөрі жұмсақ дағдыларды меңгерудің маңызды екенін атап өтті.

«Бір қызығы, информатика жұмсақ дағдыларды қажет етпейтіндей көрінетін жалғыз пән шығар. Өйткені 1970-1980-жылдары ақпараттық технологиялар саласындағы алғашқы кафедралар пайда болған кезде олар электриктердің мамандығына ұқсас болды. Оларға әлеуметтенудің қажеті жоқ дегендей қарастырып келді. Менің не айтқым келгенін түсіндіңіз бе? Біз «бұл» адамдардың қарым-қатынас жасауы немесе қандай да бір қоғамдық қызметпен айналысу қажеттілігі жоқ деп түсіндік. Олар өз әлемінде өмір сүрді. Бұл олар үшін тамаша болды, өз жұмысынан ләззат алды және ешкіммен араласпады. Бірақ 90-жылдардың ортасынан бастап көп дүние өзгерді. Сөйтіп, біздің мамандық та кеңінен танымал бола бастады. Ал бұл жаңа дағдыларды, соның ішінде жұмсақ дағдыларды дамытуды талап етіп отыр»,-деді ол.

Оған қоса ол QWASAR бағдарламасы негізінде жұмыс істейтін QWANT мектебінде (Қазақстанда BCPD командасы ашқан және әзірлеген) оқушыларды адамдармен байланысуға, қарым-қатынас жасауға дайындайтынын атап өтті.

«QWANT-те студенттер технологиялық компанияда жұмыс істеуге маманданады. Бірақ бұған дейін олар компаниялар туралы ақпаратты алдын ала табуы керек. Оқушылардың жұмсақ дағдыларын қалыптастыру үшін әртүрлі рөлдік ойындарды ұйымдастырып, жаттықтырамыз. Мысалы, студенттер процеске алдын ала дайын болуы үшін біз арнайы сұхбаттар жүргіземіз. Инженер мамандардың арасында да жұмсақ дағдылардың қалыптасуына мән береміз. Бұрын біз кодты өзіміз жасадық, бірақ қазіргі кезде сіз жасаған кодыңызды басқалар қарап шығуы керек, ал сіз өз кезегінде басқалардың кодын қарайсыз. Мәселен, сіз код жазасыз, мен оны екі рет тексеруім керек. Тексеру барысында мен сізге бұл кодтың мүлдем дұрыс емес екенін дөрекі жеткізуім мүмкін. Сіз оны теріс қабылдап, мені жаман адам деп ойлауыңыз да мүмкін. Ал өз кезегінде, бұл жобаның тоқырауына әкеліп соғады, әрі қарай ілгерілей алмаймыз. Міне, бұған жол бермеу үшін инженерлер командада және бірлескен жобаларда жұмыс істеу үшін әріптестерімен тіл табыса білуі керек»,-деді маман.

Сонымен бірге ол IT саласын әртараптандыруға қатысты, оның ішінде оған білім саласының қалай ықпал ете алатыны туралы сөз етті.

«IT саласында инновацияға ашық орта құру керек, онда не болуы мүмкін екенін ешкім толық айта алмайды. Өйткені «инновация» бұған дейін ешкім жасамаған дегенді білдіреді, әйтпесе ол - инновация емес. Мысалы, сіз қараңғы бөлмеге кірдім деп елестетіңіз. Ол жерден шығудың жолын қалай табуға болады? Әртүрлі жолдарды іздегенде ғана шығатын жолды таба аласыз. Білім саласында да дәл солай. Жаңашылдық дегеніміз – процеске біртіндеп жақындау. Сіздің ортаңызда жаңаша нәрсе ойлап табуға және жасауға дайын адамдар болуы керек. Егер бәрі керісінше болса, оған қоса адамдардың қарым-қатынасы агрессивті болса, онда олардың мұндай командада жұмыс істей алуы екіталай. Сондықтан білім беру арқылы адамдардың бір бағытта жұмыс істеуіне жағдай жасау маңызды. Сапалы білім студенттерге білім алуға деген қызығушылығын оятады. Сіз өз армандарыңызды жүзеге асыра алатыныңызға сенімді болу үшін осы бағытта білім алып, жұмыс істеуіңіз керек»,-деп кеңес берді Кваме Ямгнане.

Бүгінде технология қарыштап дамып жатыр, алайда аға буын қазіргі технологияның соңғы жаңалықтарына ілесе қойған жоқ. Осы орайда ол қоғамдағы цифрлық сауаттылықты арттыру керек екенін айтып, тиімді жолдарымен бөлісті.

«Біздің алдымыздағы буын туралы айтатын болсақ, олар әдетте жаңа технологияны ұната бермейді. Мәселен, бұрын кез келген құжатты алу үшін мемлекеттік органдарға жүгіну керек болатын. Пандемия кезінде үкімет барлық мекемесін жауып, онлайн форматқа көшті. Сөйтіп азаматтар өздеріне керек құжаттарды белгілі бір құрылғыларды орнатып, интернетке қосылу арқылы ғана ала алатын болды. Әрине, егде жастағы адамдар оны өте агрессивті қабылдауы мүмкін. Бірақ оларды қызықтыруға болады. Мысалы, әжеңіздің жастық шағын есіне түсіріп, әдемі сезім сыйлайтын әуенді қосуға болады. Немесе FaceTime арқылы немересімен әр жексенбіде сөйлесуге болатынын көрсетіңіз. Содан кейін ғана сіз оның кез келген мемлекеттік қызметтерді алу үшін өз құрылғысын пайдалана алатынын айтсаңыз болады. Ал цифрлық сауаттылықты арттыру үшін алдыңғы буынға оқуға арналған құралдарды беріп, үйрету кезінде де сабырлылық таныту керек. Бірақ бәрібір әлем өзгеріп жатыр және бәріміз онлайн жұмыс істеуді үйренуіміз керек»,-деп атап өтті сарапшы.

IT саласы мектепте де оқытыла бастады

Жалпы елімізде IT саласы жоғары оқу орындарында ғана емес, мектептен қабырғасынан бастап оқытылады. Білім министрлігінің мәліметінше, мектептерде 3810 ғылыми-техникалық шығармашылық үйірмесі бар. Атап айтсақ, авиация, кеме, зымыран, автомодельдеу, робототехника. Бұл үйірмелерге 78 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысады. 20 станция мен жас техниктер орталықтарында 18 мыңға жуық бала техникалық шығармашылық негіздерін (авиация, кеме жасау, зымыран және автомодельдеу, робототехника және т.б.) оқиды.

2021 жылы информатикадан халықаралық олимпиадада Қазақстан 88 елдің ішінде 27-орынға ие болды. 4 қатысушының барлығы да қола жүлдені жеңіп алды.

Кадрларды дайындау және колледждерге қабылдау IT бағытының үш мамандығы бойынша, «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша жүзеге асады.

Оған қоса IT саласында қызмет ететін мамандардың жалақысы да жоғары саналады. HeadHunter онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының дерегінше, сұраныстың артуымен бірге жалақы да 17 пайызға өскен. Жұмыс берушілер IT мамандарына 220 мың теңге төлеуге дайын. Ең жоғары жалақыны бағдарламашылар (400 мың теңгеден), жүйелік әкімшілер (500 мың теңгеден) және мобильді қосымшаларды әзірлеушілер (600 мың теңгеден) алады.


Назерке Мұратқызы
Бөлісу: