Шет елдің туризмі мен қонақжайлылығын көрген демалушылардың туристік нысандарға қояр талабы жоғары. Бірақ біз Қазақстанның тамсандырар табиғатын әлі де ашып көрсете алмай келеміз. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін бірнеше демалыс айлақтарына инвестиция құйылып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Туристі жоқ тамаша табиғат. Күйбең тіршіліктен шаршаған халық көбіне шет елдің жағалауы мен 5 жұлдызды қонақ үйлерінде демалғанды жөн санайды. Себебі, туристік айлақтары ерекше архитектурасы мен қатар жоғары деңгейдегі сервис толығымен ойластырылған. Керегіңнің барлығын қиналмай-ақ табасың.
Туған жердің туризміндегі кемшін тұстарын дамыту мақсатында, отбасылық демалыс орындары мен емдеу-сауықтыру нысандарын ашу және қайта құрастырудың сметалық жобалары жасалып жатыр. Атап айтқанда жоспарда Қостанай жағалауы, Балқаш көлі мен Бұқтырма жағалауын қайта жаңғырту және «Байқоңыр» кешенін дамыту ұсынылған.
Әлемдік туризм саласындағы әлі де жаңа бағыттың бірі болып тұрған эко және этнотуризмді дамыту бірінші орынға қойылып отыр. Кең байтақ Қазақстанда аталған бағыттың түр-түрін дамытуға табиғат түрлері мен жағдайы да толықтай жетерлік. Тауға шығу, сауықтыру, саяхаттау, аң аулау, танымдық, этно секілді айта берсең толастамас, экономикалық кірісі жоғары болатын демалыс аймақтарын ашуға мүмкіндіктер бар. Бұл ретте дәл сол туристік нысандарда сауда сипатындағы туризмді де қоса отырып, ұлттық нақыштағы экспортты дамытуға әбден болады.
Мемлекеттің басты жарнама кілті – туризм. eQonaq ақпаратық жүйесінің соңғы мәліметтері бойынша, биылдыққа елімізге 200 мыңдай турист келген екен. Статистикада көрсетілгендей, шетелдік туристердің басым көпшілігі еліміздегі 4 облысты саяхатқа қолайлы деп таныған. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда және Маңғыстау. Алайда, туристердің барлығы дерлік маусымдық саяхатпен шектеліп қалады. Биыл туристердің 4 пайызы Қытайдан, 7 пайызы әртүрлі мемлекеттерден және 89 пайызы көршілес әрі тілі ұқсас мемлекеттерден келген. Бұл туристер үшін тіл мәселесінде қиындықтар бар деген сөз. Яғни, кейбір аймақтарда ағылшын тілді мамандар жетіспегендіктен, туристерге бағыт-бағдар көрсетер ешкім жоқ.
Бастапқы инфрақұрылымға оралар болсақ, Қостанайдағы Тобыл өзенінің жағалауын жаңартып, туристік нысанға айналдыру үшін 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Құрылыс 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде экстремалды парк пен шезлонгтар орналастырылған. Дегенмен демалыс орны қанша адамға арналып салынатына беймәлім.
Қостанай қаласының тұрғыны Жанбырбай Аяжан да туған өлкесінің туристік аймаққа айналғанын қалайды.
– Тұрғындар бос жатқан жердің ластанып бара жатқандығын, оның орнына әдемі саябақ қалайтындарын жеткізген болатын. Міне, бүгінде жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. 2023 жылы бітіреміз дейді. Әрине, әдемі бір демалыс орны болса дейміз. Шетелдгі жағалауларға қарап қызығамыз. Бірақ біздің де жағалау олардан кем емес, тек әдемі бір дизайнерлік локациялар жетіспейтін сияқты, – дейді ол.
Айтуынша, Қостанай өте тыныш қала. Кейін туристер көбейсе осы тыныштығымыз бұзылады ма деп те алаңдайды.
Туристер үшін тағы бір тартымды аймақ – Бұқтырма. Бүгінде Алтай ауданында 102 демалыс нысаны бар. Оның көпшілігі осы Бұқтырма су қоймасының жағалауында орналасқан. Бұл су қоймасын да Алакөлдің үлгісімен дамыту ұсынылған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, басқа аймақтардан адамдар көп келеді. Сондықтан да, бүгінде демалыс базаларына қойылатын талапты қатаңдатып, жаңадан ғимараттар салу қажет.
«Бұқтырмаға да Алакөлдегідей қонақ үй кешендерін салу керек. Демалыс орындарының инфрақұрылымын дамыту қажет. Алакөлді бүгінде бәрі біледі, ендігі мақсат Бұқтырманы да сондай деңгейге жеткізу. Халыққа су қоймасына жету ыңғайлы болу үшін бірінші кезекте Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысын аяқтау қажет», - деген еді облыс басшысы Даниял Ахметов.
Түйіндеп айтқанда, табиғаты тамаша болғанмен Қазақстан туризмінің жарнамасы жоқ. Өзге мемлекетте танымал тұлғалар демалыс орындарын жарнамалап, әлеуметтік желілер арқылы бөлісіп жатады. Бұл да туризмді дамытып, туристерді тартудың бірден-бір құралы. Ал біздің елдегі танымал тұлғалар отандық демалыс орындарына өте сирек барады. Себебі, бағасын қымбатсынады.
Суреттер: El.kz