Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

23 Тамыз 2022, 11:13 6230

Елімізде біліктілікті қажет етпейтін мамандықтар бар. Қазіргі уақытта оларға да сұраныс жоғары.

Жыл сайын жаңа мамандық түрлері мен қызметтері пайда болып жатыр. Сондықтан да заман талабына сай мамандықтар туралы білу маңызды. Дегенмен, мектеп бітірген түлектер өздеріне белгілі, жандарына жақын қалайтын мамандықты таңдайды. Соған орай, еліміздегі сұранысқа ие мамандықтар туралы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Стратегия департаменті директорының орынбасары Ұлпан Қайратқызымен аз-кем сұхбаттастық.

– Елімізде қандай мамандықтар сұранысқа ие?

– Жалпы еліміздегі еңбек нарығын және қоғамдық трендті алатын болсақ, қазіргі таңда IТ және инженерлік мамандықтарына сұраныс жоғары. Ақпарат пен техниканың дамыған заманында аталған қызметтің қоғамдағы рөлі зор. Бұл салалар бүгінгідей техналогия заманында ешқашан өлмейді. Химия, физика, информатика және техникаға қызығатын жастардың саны артып келеді. Тіпті, жақында ғана Қазақстан құрамасы халықаралық олимпиадалардан жемісті оралды. Бұның өзі болашақта біліктілігі мен білімділігі жоғары мамандардың саны артатынын көрінісі.   

Сондай-ақ еңбек биржасына келетін болсақ, әлеуметтік мамандықтарға да сұраныс бар. Оған, денсаулық сақтау мамандары, дәрігерлер, медбикелер, санитарлар және мұғалімдер жатады. Білім беру мен медицина саласынын қызметкерлеріне де әрдайым сұраныс жоғары. Бұл екі қызметкердің адам өміріндегі маңызы мен қоғам үшін рөлі қашанда зор деп айтар едім.

Сонымен қатар, елімізде біліктілікті қажет етпейтін мамандықтар бар. Қазіргі уақытта оларға да сұраныс жоғары. Оған сатушы, күзетші, қызмет көрсету маманы және т.б. жатады. Бұндай қызметтерге жастар емес, көбінесе жасы үлкен кісілер келіп жатады.

– Осы аталған мамандықтар бойынша елімізде мамандар жеткілікті ме?

– Қазіргі таңда электронды еңбек биржасындағы көрсеткішпен салыстырып қарайтын болсақ, сұраныс пен ұсыныс бір-біріне сәйкес келіп тұр. Дегенмен, қызмет көрсету саласының мамандарына, автомобиль жүргізушілеріне және күзетшілерге сұраныс көп. Аталған мамандықтарға сұраныстың көп болуы тұрақты табиғи процесс. Себебі, жыл өткен сайын халық саны артып келеді. Соған байланысты сұраныс жоғары мамандықтардың да санынын артуы әбден мүмкін.

– Соңғы жылдары онлайн жұмыс істейтіндердің де саны арқан секілді...

– Рас айтасыз. Пандемия уақытында үйде отырып табыс табатындардың саны артты. Сонымен қатар қашықтықтан жұмыс істейтін мамандар да бар. Жалпы, пандемиядан кейін қашықтықтан қызмет көрсету сапасы артты деп айтуға болады. Қазіргі таңда мұның адам үшін тиімділігі жоғары. Адамның уақытын үнемдейді және қызмет сапасы қолайлы бола түсті.

Сондай-ақ қашықтықтан бірнеше жұмыс істеп табыс көзін көбірек табуға мүмкіндік туды. Адамдардың онлайн жұмысқа деген сұранысы осындай принциптердің арқасында артып жатыр деп ойлаймын. Қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы SMM, фриланс және таргет мамандықтарымен айналысатындар көбейіп жатыр. Көп жағдайда бұндай жұмыстармен бала тәрбиесімен үйде отырған аналар айналысып жатады. Бірақ, онлайн мамандық деген заңды түрде қарастырылмаған.

– Ал елімізде қай саланың мамандары ең көп табыс табады?

– Статистика комитетіне сүйенсек, елімізде ІТ мамандарының, кең өндіру саласындағы қызметкерлердің, қаржылық және сақтандыру қызметі бойынша және қызметтік мамандандырылған қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін мамандар табысты ең көп табатын қызмет түрлерінің қатарына кіреді.

Дегенмен, елімізде медицина мен білім саласының қызметкерлері үшін де жалақы көтерілген. Алдағы уақытта оларды да аталған тізімге қосылу мүмкіндігі жоғары.   


Миражан Махан
Бөлісу: