Ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған жоба әзірленді. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жоба екі міндетті қамтиды. Біріншіден, жетіспейтін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын, яғни медициналық пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды салу арқылы барлық елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық тексерулердің, скринингтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға және пациентке қашықтан көрсетілетін қызметтерге, медициналық оңалтуға, оның ішінде үйде тексеруге бағдарланған жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді», - деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқалуға арналған Үкімет сағатында.
Екіншіден, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған негізгі 5 орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру ескерілген. Осы орайда ауыл тұрғындарына дер кезінде шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді жоғарлатуға мүмкіндік береді.
Оның сөзіне қарағанда, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының, соның арасында 253 медициналық пункттің, 160 – дәрігерлік амбулатория мен 242 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды.
«Эскиздік жоба, бас жоспар, жұмыс жобасы әзірленді. Жобалау үшін жер учаскелерін таңдау жүргізіліп жатыр», - деді министр.
Ведомство басшысы инсульт және кардиологиялық, реанимация және қарқынды терапия, хирургия, травматология және оңалту бөлімшелерін ашу жоспарланып отырғанын айтты.
«Сондай-ақ аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиограф, ультрадыбыстық зерттеу, эндоскопиялық, реанимациялық, медициналық оңалтуға арналған жабдықтар) жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Болжам бойынша жоба 206,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды талап етеді. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындарына медициналық көмек деңгейі артады, «алтын сағат» принципін сақтай отырып, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету қамтамасыз етіледі. Мұнымен қоса, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім а төмендейді», - деді министр.