Қазақстан мен Қырғызстан арасында ұрланған телефон сатқан топ ұсталды

28 Шілде 2022, 04:35 1519

Тінту барысында күдіктілерден 1700-ден астам мобильді телефон, 7 ноутбук, 5 планшет табылған деп айтылады.

Бішкек милициясы "ұрланған телефон, планшет және ноутбуктарды сатумен айналысқан" қылмыстық топты анықтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды EL.KZ. 

Милицияның баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қылмыстық топқа мүше 11 күдікті ұсталған. Олар жеке дерек, мобильді телефондардың сериялық нөмірлері мен имей-кодтарын өзгертумен айналысқан. Mi Cloud, iCloud, Google аккаунттарды ашқан.

"Қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру", "Қылмыстық топ құру немесе оған мүше болу", "Ұрлық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Тінту барысында күдіктілерден 1700-ден астам мобильді телефон, 7 ноутбук, 5 планшет табылған деп айтылады. 11 адамның алтауы тергеу изолторына қамалған. Қалғаны үйқамаққа алынған.

Ақпаратқа қарағанда, Алматы қаласының полиция департаментінің көмегімен қырғыз милиционерлері "гаджеттерді сату схемасына қатысы бар" тағы екі адамды ұстаған. 46 телефон Қазақстаннан Бішкекке қайтарылған.

Ал Алматы полиция департаментіне осы қаладан ұрланған 278 мобильді телефонды қайтарған. Аппараттардың біраз бөлігі иелеріне қайтарылған.


EL.KZ
Бөлісу: