Қазақстан мұнайының 97%-ы Ресей порттары арқылы экспортталады

11 Шілде 2022, 17:09 1619

Жыл басынан бері Қазақстан 28,75 млн тонна мұнай экспорттаған

2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан 28,75 млн тонна мұнай экспорттаған. Оның 27,814 млн тоннасы немесе 97%-ы Ресейдің теңіз порттары арқылы сыртқа шығарылған, деп хабарлайды El.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі редакцияның ресми сауалына жолдаған жауабында айтты.

«Мұнай мен газдың аналитикалық орталығы» АҚ-ның дерегі бойынша 2021 жылы Каспий құбыр консорциумы арқылы 53,1 млн тонна Қазақстан мұнайы экспортталған. Ал 2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығында КҚК арқылы 23,76 млн тонна Қазақстан мұнайы экспортталды», - деп жазылған жауапта.

Ведомство берген дерекке сүйенсек, жылдың алғашқы 5 айында Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан басқа ресейлік теңіз порттары 4 млн тоннадан астам мұнай экспорттаған.

«Мұнай мен газдың аналитикалық орталығы» АҚ-ның мәліметі бойынша 2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығында 28,75 млн тонна мұнай экспортталды. Оның ішінде 27,814 млн тонна мұнай (экспортқа шығарылған мұнайдың шамамен 97%-ы) Ресейдің теңіз порттары арқылы сыртқа жөнелтілді», - деп жазады министрлік мамандары.

Сондай-ақ, министрлік өкілдері Қазақстанның экспортталатын мұнай бағасын көтеруге ниетті екені туралы тараған мәліметке пікір білдірді.

«Әлемдік сауда нарықтарында мұнай бағасын нарық белгілейді және ол Платс, Аргус, Рефинитив сияқты тәуелсіз халықаралық агенттіктері белгілеген меженің негізінде қалыптасады», - делінген министрліктің жауабында.

Бөлісу: