Қазақстан ішімдікке тәуелді елдердің арасында ондықтың қатарында

23 Маусым 2022, 16:18 6215

Қазақстан ішімдік ішуден 10 орында

Елдегі ерлердің алкогольге тәуелділігі 9,52 пайыз болса, әйелдерде 1,48 пайызды құрайды. Арақ өндірісі біздің елде өткен жылы 60,3 пайызға артқан. Ащы суға ақша жұмсаудан да біздің ел көш бастап тұр,- деп хабарлайды El.kz.


Журналист Бейсен Құранбек: «Маскүнемдік деген: Ата-ана үшін ақталмаған үміт, жар үшін – жылаумен өткен ғұмыр, балалар үшін – бақытсыз балалық шақ, достар үшін – адасқан тағдыр, қоғам үшін – жоғалған адам. Не істеу керек, ішпеу керек», - деген еді. Ащы болса да, бұл шындық. Наркологтардың зерттеуінше, балалар 8-10 жасында еліктеп, қызығып ішімдіктің «дәмін» татып көре бастайды екен. Ал әлеуметтік зерттеулердің деректерінде: 13-15 жастағы ер балалардың 75 пайызы, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап, шарап, араққа дейінгі ішімдіктерді ішіп көрген. 18-20 жастағылардың 90 пайызы алкогольдің дәмін татып көріпті. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұған дейін алкогольді тұтынатындар жайлы ақпаратты жариялаған еді.
– ДДСҰ зерттеуіне сәйкес, 15 жастан асқан адамдар арасында алкогольді тұтыну деңгейі ерлер үшін жылына 25 литр, әйелдер үшін - 9 литр. Мысалы, жол-көлік оқиғалары, түрлі төбелес, жарақаттар, зорлық-зомбылық, улану, суға кету және т.б. көбіне алкогольді ішімдіктерді пайдаланудың кесірінен болады, - деді министр.
  Сондай-ақ, мас күйінде қылмыс жасайтындардың да қатары артыпты. Мәселен, былтыр ішімдік ішіп, салдарынан 9 200-ге жуық адам қылмыс жасаған. Ал 2020 жылы 11 мыңнан астам адам ащы суға сылқия тойып, құқық бұзушылық әрекетке барған. БҰҰ мәліметі бойынша алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің арасында Қазақстан ондықтың қатарында.
Алкогольге тәуелділерді қалай емдеуге болады, ішімдік ішудің алдын алу бойынша нарколог-психиатр дәрігер Тоқтар Қойшыбековтен сұрап білдік.

– Адамдардың маскүнемдік жолға түсуіне не себеп?

– Маскүнемдіктің қалыптасуына басты үш себеп бар. Басты себеп – отбасындағы қиындықтар. Негізгі факторлардың бірі – әлеуметтік жағдай, қоршаған орта. Егер маскүнемнің қоршаған ортасында ішімдікке құмар азаматтар көп болса, оның да ішкілікке салынып кетуі әбден мүмкін. Психологиялық фактор, яғни адамның қоғамдағы орнымен, стресске қарсы тұра алмауы және қандай да бір жағдайда психологиялық тұрғыдан мейілінше өзін ұстай алмауынан туындайды. Ал, биологиялық жағдайына тоқталсақ, жастар болашақ ата-ана. Баланың денсаулығы, он-екі мүшесінің сау тууы маңызды. Ішімдік ішетін ата-анадан да араққа салынған бала тәрбиеленеді. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, бірінші ата-ана өзін дұрыс жолға салып, тәрбиелеуі керек. Қазақстанда алкогольді сусындар қол жетімді болып кетті. ХХ ғасырдың 60 жылдары ішімдік кең тарай бастады. Оған дейін зиянды сусындар болған жоқ. Әлеуметтік жағдай жоғарылай бастаған кезде, қазіргі жастар оңай сатып алуды әдетке айналдырды. Көбінесе, мектеп оқушылары энергетикалық сусындар, коктейльдер мен сыраны жиі тұтынады. Бұл жастар арасындағы түйіткілді мәселе. Той-томалақ, жиындарда ішімдікті оңай әрі үнемі дастарханға қояды. Бұл маскүнем қатарының көбеюіне өз әсерін тигізеді. Мәселен, 1980 жылдары өзім жұмыс жасаған кезеңде ішімдікке салынғандардың басым көпшілігі 50-60 жастағы азаматтар болатын. Қазіргі кезге қарасақ, жас мөлшері өзгерген. 28-30 жастағылар арасында ішімдікке тәуелділік көп. Соңғы жылдары қыз-келіншектер үлесі де көбейіп бара жатыр. Себебі, әйел адамның ағзасы тез үйреніседі. Әрі эмоцияға берілгіш болғандықтан ішімдік шырмауында қалып жатады. Ең бастысы, әр адамның өзі миымен жұмыс жасауы керек. Жас кезінен ішімдікке әуес болып, кейін 3-5 жыл ішінде толығымен маскүнемдікке салынады.

– Былтыр алкоголь өндіру 60 пайыздан жоғарылаған, бұл нені білдіреді? Жастар арасындағы ішімідікке құмар азаматтардың артып жатқаны ма? Неге саны көбейіп жатыр?

– Қазіргі уақытта алкоголь өнімдері барлығына қолжетімді деуге келеді. Бұл өте қауіпті процесс. Қазақстанда 2020 жылы барлық наркологиялық есепте тұрған науқас саны 121 мыңнан 114 мыңға дейін азайды. Соның бір мыңы алкогольге тәуелді адамдар. Біздің орталыққа ем алуға келетіндердің көбі 30 жасқа толмаған жастар. Өйткені, олар ерте ішімдік ішіп бастайды, кейіннен бар жоғы 5 жылдың ішінде араққа салынып кетеді. Осылайша тәуелділіктің екінші, үшінші сатысына көтеріледі. Емделуге келетіндер қатары да көп. Ал, ем алудан қашып, тіркелмегендер азаматтар саны белгісіз.

 
– Ішімдікке салынғандардың қатарында әйелдердің саны көп пе, ер адамдардың үлесі жоғары ма?

– Әйелдер де, ер азаматтар да ішімдікке тәуелді келеді. Біздің қыз-келіншектер болашақ ана. Олардан қандай дені сау ұрпақ өмірге келеді? Осы жағдай баршамызды алаңадататыны рас. Тіпті олардың ұрпағының да ерте ішімдікке салынып кету ықтималдығы жоғары. Тәуелділік созылмалы ауру. Жасанды тәуелділік алкоголь, шылымнан туындайды. Адам соған ұшыраса, одан шығу қиынға соғады. Әйелдер эмоцияға берілгіш болғандықтан, олар тәуелділікті жасырады. 14-15 жастағы балалар энергетик сусындарды ішіп бастайды. Бара-бара күшейтілген алкогольді тұтынады. Мәселен, 70-90С спиртті ішсе, оған аз уақыттың ішінде салынып кетуі мүмкін. Соңғы 10 жылдың ішінде маскүнемдер, нашақорлар саны төмендеп келеді. Мысалы, 2019 жылы маскүнемдік диагноз қойылған 15955 адам болса, 2020 жыл 14202 адамға дейін төмендеді. Бір өкініштісі науқастардың жасы жасарып барады. Ол үлкен проблема.

 
– Ішімдікке салынғандарды медицинада қалай емдейді?

– Өкінішке орай, маскүнемдікке салынғандар уақытылы дәрігерге жүгінбейді. Олар тек тәуелділіктің екінші, үшінші сатысына жеткен кезде ғана емделуге келеді. Оған дейін қаншама жыл араққа салынып, әбден денсаулықтарын құртады. Емделуге келетіндердің көбі жұмысын, отбасын жоғалтқан жандар. Олар: "Мен тәуелді болып қалдым, маған көмек керек, мен емделгім келеді", - деп айтпайды. Тек жақындарының айтуымен келіп, ем алып жатады. Кейіннен миындағы тіреуді өзгертіп, өмірге жаңа көзқарас қалыптастырып, түпкілікті ішімдік ішуден бас тартатындар бар. Бірақ, бұл ұзақ уақытты талап етеді. Ал, өз миын дайындамағандар ем алса да кейін зиянды әдетін жалғастыра береді. Өзінің маскүнем екенін мойындамаған адам, ешқашан емделуге бірінші болып келмейді. Ол тек ауруын мойындап, таза ниетпен келсе ғана, маскүнемдіктен жазылуға мүмкіндігі бар. Ішімдікке салынғандарды емдеудің түрлі жолы бар. Мәселен, өз еркімен келген адамды біз есепке қоймаймыз. Олар стационарда тегін ем алады. 45 күнде нарколог мамандарға, пихиатрдың бақылауында болады. Міндетті түрде ол шара науқастың отбасымен бірге өткізілуі тиіс. Маскүнемдікке салынған адамның отбасы мүшелері де созылмалы күйзеліске ұшырайды. Олар ашуланшақ, эмоционалдық тұрақсыздықта болады. Сондықтан, науқастың отбасы да психологиялық көмек алады.

– Ішімдік адамның қай ағзасына ауыр зардабын тигізеді?

– Алкоголь ол – у. Денсаулықтың барлық ағзасына зиян. Ең бірінші ағзадағы бауырды құртады. Нәтижесінде, бауырдың түрлі аурулары, бауыр циррозы дертін туындатады. Шамадан тыс ішімдік ішкендер асқазан, орталық жүйке жүйесі, өкпе, ұйқы безі, ішек және бүйрек секілді ағзаларды зақымдап, жүрек қағысының бұзылуына әкеледі. Сондай-ақ, бедеулікке, қан қысымына және ұйқының бұзылуына түрткі болады. Жүрек қан тамыр аурулары маскүнемнің өмірін де қысқартуы жиі кездеседі. Ішімдікке салынғандардың өмір тәртібі өзгереді. Зиянды әдеттің қатарына, шылым шегуді де қатар пайдаланатындар көп. Сондықтан алкоголь, шылым шегу тәуелділігі адам денсаулығын құртып, көбі 25-30 жасында инфаркт, инсультқа ұшырайды. Адамның миына да әсер етіп, бас ауру түрлері пайда болады. Өкінішке орай, қатерлі ісік ауруына шалдығатындар көп. Адамның ағзасынан бөлек, әлеуметтік жағдайы да қиындыққа ұшырайды. Жағдайы төмендеп, мәселесі көбейеді. Отбасындағы жанжал, ажырасу барлығы ішімдік салдарынан орын алып жатады.

– Жастарды ішімдіктен алыстату үшін не істеу керек?

– Ащы судан, зиянды әдеттен жастарды алыстату үшін әуелі әр отбасыда дұрыс тәрбие берілуі керек. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен. Салауатты өмір салтын сақтанғанымыз абзал. Қазіргі уақытта барлық емханаларда психиатр-нарколог дәрігерлер жұмыс істейді. Науқастар ішімдікке тәуелділіктің бастапқы кезінде болса, бірден дәрігерге баруға кеңес беремін. Өкінішке орай, көбі алкоголь, есірткіні қолданған кезде жасырып, кейін созылмалы дертке ұласады. Нәтижесінде ауру асқынып кетеді. Қазақта жақсы сөз бар: «Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады» дейді. Сондықтан, жастардың болашағы жарқын, бақытты ғұмыр кешсін десек, сіз бен біз әрекетімізге сақ болайық. Дұрыс жолды таңдайық! 

– Сұқбатыңызға рақмет! 

Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: