Қазақстан аяқдопшыларының ала-құла ойыны

27 Қазан 2020, 12:13 3770

Ел футболшылары Албания мен Беларусь құрамаларымен кездесті

Өткен ойындарда Қазақстан футболшылар мүмкін болған алты ұпайдың тек біреуіне ғана қол жеткізе алды. Турнир кестесінің бірінші орнында тұрған Михал Билек шәкірттері төртінші сатыдан бір-ақ шықты. Сонымен, бұл қос ойын қалай өрбіді екен?


Қонақтар жоғалтқан екі ұпай

Қазақстан – Албания – 0:0.

Қазақстан: Покатилов, Быстров, Марочкин (Бейсебеков, 46), Ерланов, Керімжанов, Сүйімбаев, Қуат (Перцух, 69), Әбікен, Тағыберген, Зайнутдинов (Жақсылықов, 86), Айымбетов (Федин, 69).

Албания: Бериша, Весели, Дермаку, Джимсити, Кумбулла, Траши (Мемолла, 82), Баре, Абраши (Лачи, 86), Каллаку, Броха, Манай (Сефери, 82).

Ойын алдында Бауыржан Исламханның жарақат алып қалғаны туралы ақпарат шыққан болатын. Қазақстанның үздік ойыншыларының бірі тезірек айығып, сапқа қосылады деп күткенмен, бұл матчқа шығатын футболшылар тізімінде болмай шықты. Михал Билектің сенім артып отырған шабуылшысы Алексей Щеткин де аз-кем жарақат алса, қорғаушы Нұрәлі Әліптің коронавирус тесті оң болған (Бұл орайда Ян Вороговскийдің жағдайы соңғысымен бірдей екенін айта кетейік). Сонымен, Алматыда өткен Ұлттар лигасының кезекті турында Қазақстан маңызды ойында бес бірдей қорғаушымен өнер көрсетті. Орталықтан келетін қауіпке тосқауыл болу мақсатында Ерланов пен Марочкинке Керімжанов қосылды. Орталық жартылай қорғаушы рөлі Тағыбергенге бұйырса, шабуылға Зайнутдинов пен Айымбетов дуэті жауап беруі керек болды. Қонақ құраманың бас бапкері Эдоардо Рейнің де белді ойыншылары бұл матчтан тыс қалған болатын. Бірақ, оны кадр мәселесі қатты толғандыра қоймаған болар. Себебі, Албания құрамасында түрлі чемпионаттарда ойнайтын білікті аяқдопшылар жеткілікті. Сонымен Дермаку, Джимсити мен Кумбула қорғанысқа жауап берсе, екі латераль «қызметінде» Тарши мен Весели бой көрсетті. Манай-Броха дуэті Қазақстан қақпасының кілтін табуға тырысып көрмек.

Ойын тартысты басталды. Весели допты бұрыштамаға жіберген, Тағыбергеннің көтерген добын Айымбетов қақпаға бағыттауға тырысқан, Бериша бірінші ойын сәтінен теңбілдопты иелегіне ала алмаған, оған Марочкин таласып көрді. Екі ойыншының теке-тіресі алаңға дәрігерлердің шығуымен аяқталды. Араға бірер минут салып, сол Айымбетов ендігі өз қақпамыздың маңында автоголдың авторы атана жаздады. Албандардың алғашқы корнерінен кейін Траши оң бұрыштан қақпа алдына доп тастады, Абаттың аяғына келген доп, бағанадан кейін серпілді. Тез салынған гол ойынның сценарийін басқа бағытқа бұрып жіберуі әбден мүмкін еді. Алаң иелері стандарттан бір нәтиже шығаруға тырысып бақты. Оң қапталдан Исламбектің аяғына доп жеткен, ол Бериша қорғаған қақпаға тепті, албаниялық кипер спорттық снарядты бұрыштамаға жіберді. Бірақ, корнерден ешқандай қауіп туындаған жоқ, керісінше қонақтар қарымта шабуылға жүгірді. Сүйімбаев Трашидің добына жармасқанымен, оған үлгермей футболшыны қағып түсірді де, төрешіден сары қағаз алды. Енді Қазақстан құрамасының капитаны Беларусьпен өтетін матчқа бармайды. Айымбетовке доп жетпей жатса, Зайнутдинов жалғыз өзі қауіпті шабуылдар жасап көруге тырысқанымен, онысынан түк шықпай жатты. Тек Тағыберген сәтсіз орындаған айып добын әперумен тынды. Әдемі пастар шығаратын Исламханның жоқтығы білініп тұрғандай. Әбікен-Қуат-Тағыбергендер ондай пастан гөрі, орта дистанциядан Бериша қорғаған қақпаны көздеушілер ғана іспетті. Бірінші таймның орта белінен ауғанда албаниялықтар Алматының орталық стадионына үйрене бастады ма, жақсы шабуылдар ұйымдастыруға көшті. Броха жеке шеберлігіне сүйеніп, қақпа алдына жақсы пас жеткізуге атсалысты, Каллаку Қуатты бір қимылмен қалыс қалдырып, қақпаны көздеген, доп Покатиловтың қолғабынан табылды. Одан кейін Марочкиннің нашар пасы, қонақтардың қарымта шабуылға шығуымен, Быстровтың сары қағаз алуымен аяқталды. Десе де, «Қайсар» қорғаушысы Манайдың соққысына тосқауыл болып, өз қатесін жуып-шайғандай болды. Покатилов Албания футболшыларының екінші рет берілген корнерінен кейін ойынға араласуына тура келді. Орталық алаңда Бериша қақпасына ұмтылып бара жатқан Тағыбергенді Броха шалып түсіріп, төрешіден «жазаланды». Қақпа алдына жасалған пасты Ерланов жеті метрлік торға бағыттай алмады. Екінші қарқынмен жасалған шабуылда Дермаку Зайнутдиновты ережеге сай емес тәсілмен тоқтатты. Қақпаға жақын айып нүктесінен Тағыберген ойдағыдай пас бере алмады. Бірінші таймға берілген қосымша минутта Әбікен орта дистанциядан соққы жасаған, рикошеттен доп корнерге кеткенмен, алаң иелері оны орындауға уақыт жетпеді.


Екінші таймда Михал Билек Марочкиннің орнына Бейсебековті ойынға қосты. Бұл ойын бөлігі «Эспаньол» жейдесін киетін Баре екі бірдей қауіпті шабуылды ұйымдастырумен басталды. Оның қақпа алдына жеткізген алғашқы пасына ешбір командаласы үлгермесе, келесіде өзі жақын бұрышты көздеуге тырысқан. Покатилов өз орнынан табылды. Одан кейін Баре корнерден доп көтерген, оның пасы Кумбуланың басына жеткенмен, Стас ойынды оқып қойған секілді. Бұл бұрыштаманың ізін ала Сүйімбаев сол қапталдан Веселиді айналып өтіп, Зайнутдиновке пас бергісі келген, бірақ сәтсіз. Келесі корнер қазақстандықтарға ешқандай пайда әкелген жоқ. Тағыберген алыс дистанциядан Беришаның мықтылығын бір сынға алған. Албан қақпашысы сыр берген жоқ. Қонақтар есепті ашу үшін жан таласа бастады. Ендігі, Покатилов күзеткен тордың алдында нағыз қызық басталды. Келесі ойын эпизоды голдың сәл алдында қалды. Баре Керімжановты артта қалдырып, алдынан жүгіріп шыққан Покатиловтан допты асыра салған, әйтеуір Ерланов созылып барып, қақпаға еніп бара жатқан допты сыртқа шығарып үлгерді. Бұдан кейін корнер де Қазақстан қақпасына қауіп төндірді. Допқа бәрінен бұрын жеткен Джимситидің баспен соққысы маңдайшадан биіктеу ұшты. Алаң иелерінің қарымта шабуылы өздеріне қауіппен қайтарын күтпесе керек. Кумбула Брохенің жеткізген теңбіл добын торға қарай тулатам дегенде, қорғаушылар алдын орап үлгерді. Покатилов та сәтті допты қағып алды. Бұл ойында Айымбетовтың бір мүмкіндігі болған, Абат дриблингке барып-бармауын ойланып тұрғанда тамаша сәтті мүлт жіберіп алды. Соңғы 20 минутта Михал Билек шабуыл шебін күшейтуді ойлап, алаңға Федин мен Перцухты жіберген. Соңғысы жасыл алаңға шыға сала, өз қақпа алдында Трашиге допты сыйлай салды. Лоренц Покатиловтың сол бұрышын көздегенмен, тура ұшпағанына шүкір. Келесі қазақстандықтардан келген «сыйлықты» Брохе өз керегіне жарата алмады, ол Покатиловтың «алтылығына» түсіруді ойлаған, бірақ онысы бола қоймады. Келесі эпизодта Армандо ашық тұрған командаласына бергісі келмей, есепті ашуға тырысқанмен, тағы да дегеніне жетпеді. Ойын соңына қарай, Таулянт Покатиловпен бетпе-бет шыққанымен, Стас бар шеберлігін ортаға салды. Албания ойыншыларының толық басымдығы голмен аяқталмады. Барынша қорғанып, осы матчта болмағанда бір ұпай еншілеуді мақсат тұтқан Михал Билектің шәкірттері дегеніне жетті. Бұл ойында қазақстандықтардың ойын өрнегіне көңілі толмайтындар жеткілікті секілді. Бір де бір ойлы шабуыл ұйымдастырылмады, қонақтар қақпасының алдында қауіпті сәттердің туғаны да некен-саяқ. Қазақстан құрамасының дебютанты Айбар Жақсылықов та керемет ойынымен көзге түсе алған жоқ. Тек Покатиловтің сенімді ойыны бүгінгі бір ұпайға жеткізген секілді. Әрине, қорғаушы Темірлан Ерланов та қақпаға кіріп бара жатқан допты сыртқа шығарып үлгергенін ерекше айта кеткен жөн. Қашанға дейін Қазақстан футболшылары осындай шабуылсыз ойындар өткізе бермек?

 Ойын соңынан соң, Албания құрамасының бас бапкері Эдуардо Рея:

- Маған командамның ойыны ұнады. Қазақстан да бірлі-екілі қауіпті шабуылдар ұйымдастырғаны бар. Бірақ, менің шәкірттерім жақсы мүмкіндіктерді өз керегіне жарата алмай жатты. Біздің топтағы барлық командалар деңгейлес. Топты кім физикалық тұрғыдан төтеп береді, сол жеңеді деп ойлаймын. Футболшыларым екі ойыннан бері гола соға алмай келеді. Бұған дейін біз құрамадағы кей ойыншылардың белгілі себептерге байланысты осы матчтарды жіберіп отырғанын айтқан болатынбыз. Алдағы кездесулерде өз шәкірттерімді толық көремін деген сенімдемін, - деді.

Ал Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Михал Билек бірнеше ойыншылардың бұл матчқа қатыса алмағанын баса айта өтті:

- Ойын алдында көптеген қорғаушылардың жасыл алаңға шыға алмайтынын білдік. Вороговский мен Әліпте ковид белгісі шықса, Малый артық сары қағаздың кесірінен тыс қалды, ал Марочкин жарақатына байланысты бұл матчта көмектескен жоқ. Алайда олардың орнын басқан Керімжанов, Ерланов пен Бейсебековтерге көңілім толды. Қарсылас командада жақсы шабуылдар болды, біз де шамамыз келгенше гол салуға тырысып бақтық. Әрине, бұл ойыннан бір ұпай алғанымызға қуаныштымыз. Бұл ойынды өз алаңымызда өткізіп жатқандықтан, ұпай еншілеуді мақсат тұттық. Себебі, Беларусьтарға кеткен есеміз бар. Ендігі барлық күшімізді қонақта өткізетін ойынға салатын боламыз. Жарақат алған ойыншылардың шама-шарқын қарап, жаттықтырушылар штабымен ақылдасамыз. 

Бірінші орыннан соңғы орынға дейін

Беларусь – Қазақстан – 2:0 (1:0).

Голдарды салған: Яблонский, 36, Юзепчук, 90+3.

Беларусь: Гутор, Юзепчук, Поляков, Наумов, Сачивко (Бордачев, 42), Печенин (Золотов, 65), Яблонский, Маевский (Хачатурян, 47), Скавыш, Стасевич (Климович, 66), Лисакович (Бахар, 66).

Қазақстан: Покатилов, Быстров (Бейсебеков, 78), Ерланов, Малый, Керімжанов, Досмағамбетов, Тағыберген, Әбікен (Қуат, 57), Васильев (Нарзілдаев, 78), Зайнутдинов, Айымбетов (Жақсылықов, 57).


Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек бұған дейінгі қос ойында сары қағаз алып, осы матчтан тыс қалған Сүйімбаевтың орнына «Ордабасы» клубының қорғаушысы Тимур Досмағамбетовты шығарды. Албандарға қарсы кездесуде командаласы Ғафуржан секілді ойыннан тыс қалған Малый Марочкиннің орнын басты. Сол сияқты Минскте Владислав Васильев құрама жейдесіндегі дебютты кездесуін өткізді. Ал Қуат алаң жиігінен бақылайтын болды. Беларусь бапкері Михаил Мархель өзгеше ойын сызбасын құрған секілді: Поляков-Наумов-Сачивко үштігі орталық қорғаушы міндетін атқарса, одан ілгерірек Маевский өнер көрсетті. Печенин сол қапталдағы қорғаушы міндетін атқарғанмен, жиі-жиі шабуылға иек артып отырды. Сол сияқты оң қапталда тер төгетін Юзепчук та осы міндетті жүктеп алған сыңайлы. Лисакович пен Скавыш Қазақстан құрамасы қақпасының кілтін табуға тырысып бағады. Поляков алғашқы он бес минуттықта өзінің жарқын ойынымен көзге түсе алмады. «Қайрат» жейдесін киетін ол өз қапталында Досмағамбетовты шалып жыққан. Айып нүктесінен Тағыберген ойдағыдай пас жеткізе алмады. Содан кейін Поляков Айымбетовты бекем ұстай алмай, Абат Васильевті соққы жасауға қалдырған. Соңғысы тек корнер орындауға мүмкіндік алып берді. Бұрыштамадан келген допқа бәрінен бұрын секірген Ерлановтың да ойлағаны болмады. Ендігі бес минуттықта Денистің орта алаңда аяғы тайып, теңбіл допты Әбікен ала қашқан, ол қақпа маңынан Зайнутдиновты тапты, Бахтиердің соққысын Гутор қайтарды. Алаң иелерінің де позициялық шабуылы нәтиже алып келмеді. Беларусьтар еркін алаң іздеп, Покатилов қақпасына жақындауға барынша тырысты. Ойлағандары болғанда, шын қауіпті сәт орын алды. Керімжанов құлап бара жатып қауіптің бетін қайтара білді, одан кейін Лисаковичті Малый тоқтатты. Тағы бірде Керімжанов өз қақпамыздың алдында допты Лисаковичке «сыйлай» салған, «Локоматив» шабуылшысының соққысын Досмағамбетов жібермеді. Қазақстан футболшылары стандарттар мен қарымта шабуылға иек артты. Оң қапталдан спорттық снаряд Васильевке жеткен, Влад соққы жасай алмады, алайда доп бұрыштамаға кетті. Тағыбергеннің көтерген кроссын Гутор жұдырықпен қайтарып тастаса да, аяғына келген допты Досмағамбетов қақпаға қарай бағыттай алмады. Десе де, Зайнутдиновке пас беріп үлгерді, ал Бахтиердің алдын беларусь қорғаушылары орап кетті. Келесіде Досмағамбетов Быстровқа бар алаңды басып өткен пас жеткізді, Марат қақпа алдында Бахтиерді тапқан, ЦСКА ойыншысын тағы да Сачивко қапы қалдырды. Көп өтпей Александр жарақат алып, орнына Бордачев алаңға кірді. Бұл уақытқа дейін алаң иелері есеп ашып үлгерген еді. Беларусь ойыншыларының бір типті шабуылдары өз нәтижесін берді. Алдымен Юзепчук Маевскийді тауып, әдемі пас жеткізген, Иванның «алтылыққа» жасаған соққысан Стас қағып тастаса, келесі де Покатилов дәрменсіз болды. Сол Юзепчук пен Стасевич Яблонскийге ассистент болды. Олар Қазақстан қорғаушыларының алдын орап, ойындағы алғашқы голға көрімдік сұрады. Бірінші таймның соңғы минуттары да алаң иелерінің таза басымдығымен өтті. Стасевичтің соққысы Покатиловтың қолынан табыса, Скавыш орта дистанциядан допқа иелік етіп, қақпаны көздеген, маңдайшадан биік кетті. Одан кейін Стасевич Әбікен Меваскийді құлатқан жерден, Керімжанов Скавышті шалып жыққан тұстан ойдағыдай кросс жасай алмады. Сонымен, алғашқы тайм өз мәресіне жетті. Қазақстандықтар өздеріне берілген мүмкіндікті орындай алмай жатқанда, қауіптірек шабуылдаған беларусьтар өз дегендеріне жетіп, есепте алға шықты. Екінші тайм басталғанда Тағыберген жарты алаңды жүгіріп өтіп, алыс дистанциядан Гутор қақпасына допты жерге ұра соққы жасады, кипер бұрыштамаға жіберді. Ендігіде Маевский жарақат алып, оның орнына Хачатурян алаңға беттеді. Бірақ оның шығуымен алаң иелерінің қорғанысында шикілік байқала бастады. Тағыбергеннің қақпа алдына жеткізген добын пайдаға асыратын жан табылмады. Ал Зайнутдинов орталық алаңда «стандарт» орындауға мүмкіндік алды. Бірақ, нәтижесіз. Михал Билек құрамды жаңарту мақсатында алаңға Қуат пен Жақсылықовты жіберді. Соңғысы алғашқы таймда ешқандай пайдалы ісімен көзге түсе қоймаған Айымбетовтың орнын басты. Көп өтпей қазақстандықтар таразы басын теңестіре жаздады. Орталық алаңнан Қуат Тағыбергенге пас жеткізген, ол қақпадан қиыс жіберді. Сосын Бахтиер кипердің оң қапталынан алыс бұрышты көздемекке тырысты. Тағы да мүлт кетті. Быстровтың алып берген «стандартын» орындаған Васильев қақпа алдына жақсы кросс жасады. Барлығынан өткен доп тағы да Досмағамбетовке жетті, Тимур ала допқа аяғын қоя алмады. Осы бір сәтте таразы басын теңестірсек, ойын өрнегі басқаша өрбір еді. Жасыл алаңдағы қонақтардың басымдығын көрген Мархель үш бірдей тыңнан футболшы қосты. Оларға алаңға бой үйретіп жатқанда, Васильев пен Жақсылықов бір шабуылдың шетін шығарған. Бірақ, Айбардың соққысын қорғаушылар қалқалап үлгерді. Соңғы жиырма минуттықта алаң иелері қорғаныста барынша сақ ойнап, мүмкіндік болса қарымта шабуылға жүгіріп отырды. Соның бірлі-екілісі Покатилов қорғаған қақпаға кәдімгідей қауіп алып келді. Қазақстандықтар тұрған жерінде Скавышке допты оңай бере салған, ол Малыйды алдап өтіп, керемет соққы жасады. Покатилов керемет сейв жасап, мүмкін болатын екінші голдан қақпасын аман алып қалған. Стас тағы да Яблонскийдің жойқын соққысына төтеп берді. Қатарынан келген қауіп қазақстандықтардың қақпасына екінші голдың кірмесіне қоймады. Төреші қосқан қосымша минуттың үшіншісі өтіп жатқанда Хачатурян мен Скавыш доп алмасып, Юзепчукты жақсы ойынға қоса білді. Ол спорттық снарядты Стастың иелігіндегі торға тоғыта салды. Бұл эпизодта Покатилов расымен де ешқандай шарасыз еді. 2:0 есебі бұл ойынның шын көрсеткіші еместей. Себебі, Қазақстан Албаниямен қарсы өткізген ойыннан да жақсы өнер көрсетті. Алайда, тең есепті де ұстап тұра алмады. Алаңға кірген ойыншылар бір жетіде үш ойын өткізген Беларусь фтуболшыларына ешқандай шара қолдана алмағаны таң қалдырады. Михаил Мархельдің тыңнан қосылған теңбілдопшылары осыған дейін де ойынның тағдырын өзгерте алатын мүмкіндікке ие екенін көрсетіп баққан. Бұл жолы да сол заңдылық орын алғандай.


Беларусь құрамасы Қазақстанды екі кездесуді де жеңіп, топтағы алғашқы орынға шықты. Ал Литва мен Албания құрамалары тең тарқасып, еншілеріне бес ұпайдан жазып, екі мен үшінші орындарды бөлісіп тұр. Бұған дейін алғашқы сатыда келген Қазақстан құрамасы соңғы орынға сырғыды. С тобында қалу біздің құрама үшін қиындап бара жатқандай. Алдымен, топтан үздік шығуға ұмтылған Билек жоспарының күлі көкке ұшып, тек ең төменгі дивизионға өтіп кетпеуді қалайтындай.

Ендігі ойындар қараша айында өтеді. Қазақстан сырт алаңда Албанияға қарсы ойнаса, өз үйінде Литва футболшыларын қабылдайтын болады.

Матчтан соң баспасөз отырысында Михал Билек бірінші таймнан гөрі екінші ойын бөлігі жақсы қарқынмен өткенін атап өтті:

- Алғашқы таймда ойлаған жоспарымыз іске асқан жоқ. Сол себепті, екінші қырық бес минуттықта барынша жинақы ойнап, гол салудың амалын қарастырдық. Қарсылас командаға жеңіліп қалғанымыз өкінішті-ақ. Бүгін Қуатты алғашқы минуттан қоспағаным, өз командасында жақсы ойын өрнегін көрсетпі жүрген Владислав Васильевке сенім арттым. Ол өзіне берілген тапсырманы орындай алды. Жалпы, шәкірттеріме ризамын.

Ал Беларусь бапкері Михаил Мархель ойын нәтижесі көңілінен шыққанын айтты:

- Екінші таймда қонақтар барынша есепті теңестіруге тырысты. Ойыншыларым осы матчта қалайда жеңіске жету керегін түсінді. Бар күш-жігерін жасыл алаңда салды. Көптеген қиындықтарға қарамастан үш ұпайды қоржынға салып отырмыз. Өздеріңізге мәлім бір жетіде осынша ойын өткізіп, бірнеше аяқдопшылар қатардан шығып қалды.  Соған қарамастан, мүмкіндікті пайдаланып, ойлағанымызды жүзеге асыра алдық. 

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: