Қазақстан қанттың 5 пайызын ғана өндіреді

14 Маусым 2022, 15:08 3397

Қазақстан 95 пайыз қантты шетелден тасымалдайды. Бұл туралы «Ақсу қант» компаниясының басшысы Қайрат Оразбеков Арманжан Байтанасовқа берген сұқбатында мәлімдеді,- деп хабарлайды El.kz.

Қазақстандықтар жылына 560-580 мың  тонна қант тұтынады. Оның 5 пайызы елімізде өндірілсе, қалғаны Ресей, Беларусь және Бразилиядан жеткізіледі. 

– Биылғы жылы қант тапшылығы елімізде белең алып, қант бағасы рекордтық көрсеткішке жетті. Қант өндірушілер қауымдастығы 5-6 жыл бұрын қант тапшылығы болуы мүмкін екенін  ескерткен. Қантты экспорттап отырған елдерге шектеу қойылса, жағдайымыз қиындайтыны айтылды. Ресейден кейін Үндістан, Пәкістан Қырғызстан, Өзбекстан қант эспортын тоқтатты. Осыған орай, біздің елдегі 4 зауыт қант өндіруге күш салып жатыр, - деді Қайрат Оразбеков.  


Қайрат Оразбековтың айтуынша, осы уақытқа дейін елімізде қант тапшылығы болмаған. 1970-1980 жылдары Қазақстан 160 мың тонна қант өндіріп, халықты толығымен қамтамасыз еткенін айтты. 

– Қазақстандықтар бір айда 50 мың тонна қант тұтынады. Қыркүйек айынан бастап қана қызылша шикізатын өзіміз өндіреміз. Айына 30 мың тонна қант. Бұл ай сайынғы тұтынуға жетпейтін көрсеткіш, деді «Ақсу қант» компаниясының басшысы. 

Айта кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылық министрі Ерболат Қарашөкеев  елімізде қант тапшылығы жоқ екенін және баға көрсеткіші 400-500 теңгеден аспайтынын айтқан еді. Алайда, елімізде қант бағасы бірнеше есе өсіп, шағын дүкендерде 800 теңгемен саудаланып жатыр. Мәселен, Алматыда 700 теңге болса, елордада бір келі қант орта есеппен 750 теңгені құрайды. 





 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 











Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: