Қазақстан тағы бір мәрте әлем назарын жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесіне аударды

18 Қазан 2018, 11:24 3053

Қазақстан бейбіт күннің бағасын білетін ел. Тарихтың қай тарауын қарасаң да, қазақ елінің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтап қалу әр кезеңнің шешуші сәттеріндегі ұлттың ұлы тұлғалары үшін оңай болмағанын көреміз.

Сондықтан болар, Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, әлеммен татулық пен ынтымақта ықпалдасуға ықылас білдірді. Бірінші болып ядролық қарудан бас тарқаны Тәуелсіз елдің тарихына алтын әріппен жазылған оқиға болса, әлемнің алпауыттары мен аузын айға білеген ұйымдары үшін қатыгездік пен алауыздыққа, ашкөзділік пен өркениет надандығына жасалған наразылық қадамы болды. Бала ұйқысының тыныштығының бағасын қазақтан кем білмейтін елдер үшін Қазақстанның бұл қадамы, жер жаһанға татулыққа шақырып жария салған үндеуі қара түнектен түскен сәуле саңылауы секілді тілектеріне үміт жалғаған ізгілік болды.

Мемлекет басшысы кешегі өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде: «Жаһандық қауіпсіздік жүйесінде жаңғыртудың табысы - әлемдік бірлестіктердің милитаристік ойлау жүйесін еңсеруіне байланысты болады. Мемлекеттерді әскери блоктарға бөлу ісін өткенге қалдыру керек. Әскери блоктардың болуы – мәнсіз де тартысқа әкелуі мүмкін фактор» деген Президент Н.Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екендігін, алдағы уақытта да аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін барынша күш салатынын мәлімдеген болатын.

«Қазақстан дәстүрлі түрде мемлекеттер арасындағы сенімді қайта қалпына келтіру жолында толассыз еңбек етіп келеді. Белгілі болып отырғандай, біз сириялық қақтығыстардың тоқтатылуына күш салып, сонымен бірге келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынып отырмыз. Біз тұрақты түрде Шығыс Украинадағы мәселелердің реттелуі үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Ресей мен Түркия арасындағы кикілжің кезінде де Қазақстан тараптарды татуластыру жолында тер төкті. Біз бұл бағытта ары қарай жұмысты жалғастыруға дайынбыз» деген Елбасы әлемдік бірлестіктер мен дін басшылары Қазақстан ұсынған шараларды қолдайтын болса, ядролық қарусыз әлемге жетуге болатынын айтқан еді.

Бүгінде Қазақстанның ядролық қарусыздандыру тәжірибесі көптеген елдердің қызығушылығын тудырып отырғаны ақиқат. Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде «Халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау: жаппай қыру қаруын таратпау» тақырыбы аясында еліміздің ұстанымын жариялап, жаппай қыру қаруымен күресу үшін халықаралық құқық жүйесін күшейту керектігін ескертті.

Естеріңізде болса, биыл қаңтар айында еліміз Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен болатын. Сол кезде Президент Н.Назарбаев ядролық державаларды жойқын қарудан ада әлем үшін қозғалыста көш бастауға шақырған еді. Қазақстанның Дүнежүзілік ұйымның маңызды органындағы Орта Азия өңірі халықтарының «үніне» айналғанын айтқан Қазақстан Президенті әлемдік ядролық державалар арасында өзара түсіністік пен сенім орнатудың маңыздылығына мән артты. Оның сенімді нығайта түсуге бағытталған бірқатар шараларды ұсынуы кеңеске мүше елдер тарапынан қолдауға ие болды. Қазақстан Президенті ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттерге осындай қаруға ие державалар тарапынан заңмен міндеттелетін кепілдіктер жүйесін құруды ұсынды.

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға және шиеленісті жағдайларды  саяси, дипломатиялық тәсілдер арқлы бейбіт жолмен шешуге үлес қосып келе жатқан ел.

Тарихқа кері шегініс жасасақ, егер…

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш рет 1992 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб пәтерінде Бас Ассамблеяның сессия жұмысына қатысуы тәуелсіздік жылнамасына жазылған тарихи сәт болып жазылды. Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясатта ұстанған бағытын айқындады. Посткеңестік мемлекеттер аумағында жер көлемі үлкен болғанымен, халық саны аз, саяси белсенділігі төмен болып келген Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес ел ретінде экономикасын нақты өсім жолына қойып, халықаралық саясат аренасында өз орнын белгілеуге ұмтылды.

Н.Назарбаев ел егемендігі танылған алғашқы сәттен-ақ Қазақ елінің Азияның барысына айналуын көздеді. Оның халықаралық ұйымдардағы белсенділігі, саясаттың райын сезіне білген көрегенділігі, жас мемлекеттің әрбір қадамын нық басуына себеп болған батылдығы мен сарабдалдығы Батыс үшін Қазақстанды Орта Азиядағы экономикалық және саяси тұрғыда басты ойыншылардың біріне айналдырды.

Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеяссында жария етілген әрбір саяси мәлімдемесінде бейбітшілік пен берекеттілік, тыныштық пен татулық аксиомалары басты назарға алынады. Ел Президенті Қазақстанның қасіретіне айналған Арал теңізі маңындағы және Семей ядролық сынақ полигонындағы экологиялық жағдайға әлемдік қауымдастықтың назарын да аударды. Соның арқасында 1997 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы халық пен экологияны сауықтыру, сондай-ақ Қазақстандағы Семей өңірінің экономикалық дамуы мақсатында халықаралық ынтымақтастық пен үйлестіру қызметі туралы қарар қабылдайды.

Қазақстан әлем елдерінің мәселесіне, әсіресе экономикалық, саяси тұрақсыздық орын алған кіші елдердің ішкі ахуалына да алаңдаушылық білдіріп отырды. Қазақ елінің басшысы бірінші болып БҰҰ қабырғасында Ауған мәселесін сөз етіп, Ауғанстан мен Орталық Азиядағы жағдайларды қарау үшін Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысын шақыруды ұсынған болатын. Ол Әлемдік Қоғамдастықты Қазақстанның тәжірибесі негізінде ядролық қарудан бас тартуға шақырды. Бұл бейбітшіліктің кепілі болатын. Қазақстан әлемде өлшемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет. Ол Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы келісімнің белсенді қатысушысы.

2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен күндеректе 29 тамызды қызыл күнге ауыстырып, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялағаны тарихтан белгілі. Қазақстан әлем назарын жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесіне аударып, жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын әзірлеуді ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ұйымның бас штабында айтылған әрбір ұсынысы өзектілігі жер жаһанның қайсыбір елін болмасын, бей-жай қалдырмайтын аспектілерді айналып өтпейтін орынды мәселе болатын. Оны күллі әлем бейбітшілік елшісі ретінде қабылдады.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енуі - мемлекеттің саяси аренадағы рөлінің айқындалғанын аңғартады. Әлемдік қоғамдастық сенімі әрине, бірінші кезекте Қазақстанның бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті, тұрақтылықты жақтаған саясатының жемісі болса, екіншіден, елдің аз ғана уақытта әлем нарығында қаржы алпауыттарымен ықпалдасып үлгерген экономикалық белсенділігі мен даму қарқынының жеделділігінде.

Бір айта кетерлігі, Қазақстаннан өзге Қауіпсіздік кеңесінде бүінге дейін Орта Азия аумағында бірде-бір мемлекет өкілеттік етпеген. Сондықтан мұны Елбасы бүкіл Орталық Азия субөңірінің де табысы деп атап көрсетті. «Тұрақты және қауіпсіз әлем – бұл азаматтарымыз бен балаларымыз үшін аса қажетті құндылық. Сондықтан Қазақстан болашақ қазіргіден де сенімдірек және игіліктірек болуы үшін өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылатын болады. Біз жаһандық қоғамдастық назарын бұған дейінгі көкейтесті бастамаларымызға аудару ниетіндеміз. Олар ядролық қару мен соғыс вирустары және жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған» деп мәлімдеген болатын бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Әлемдік қоғамдастық біздің елімізді Орталық Азиядағы тұрақтылық пен тыныштықтың кепілді аймағы деп біледі.

Қазақстан өз аумағында ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілікті сақтай отырып, халықаралық ауқымда дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайту мен дамытуға ықпал етіп келеді. Мұны әлем де мойындады. Елбасының «Әлемдік және дәстүрлі діндер Съезі Елдордамыздың бойтұмарына айналды» деп айтуы да тегіннен емес. Әлемдегі конфессиялар мен діндер көшбасшыларының үш жыл сайын жиналып, жаһандық мәселелерді талқыға салатын пікірталас платформасына айналған Астананың әлемдегі түрлі қақтығыстарды реттеу мен шешудегі үлесі сүбелі.

Қазақстан қай уақытта болмасын, халықаралық қауіпсіздік пен келісімді нығайту жолында аянбай тер төгіп келе жатқан мемлекет. Әлем бейбітшілігі Қазақстан халқының болашағы үшін кепіл болмақ. Күні кеше ғана Елорданың төрінде Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезі жұмысының елге бейбіт тірлік тілеген «Ақкөгершін» әнімен басталуы да Қазақстынның әлемге ізгілікті насихат еткен тілегін аңғартады.    

Дерек пен дәйек

Бүгінде БҰҰ-ның ядролық қарудан бас тарту туралы ұсынысын 183 ел қолдағанымен, әлемнің ядролық державалары саналған 8 елдің келісімі жетпей тұр.

АҚШ, Қытай, Иран, Израиль, Үндістан, Пәкістан, Корея және Египет саяси ұстанымдары мен геосаяси мүдделері тұрғысынан ядросыз әлем құру туралы ортақ келісімге келмей отыр.

Әлемде 5 ел ресми тұрде яролық қаруы бар екенін мойындаған. Сарапшылар олардың иелігінде 15 мың ядролық оқтұмсық бар дейді.  

Нұргүл Қалиева

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу: