Қазақстанның әйелдер құрамасы өрт-сөндіру құтқару спорты бойынша Әлем чемпионатында III орынды иеленді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында ерлер арасында өрт-сөндіру құтқару спортынан XVII Әлем Чемпионатының және өрт-сөндіру құтқару спортынан әйелдер арасында VІII Әлем чемпионаты өтті.
Әділ күресте Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь, Әзірбайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия Республикасы, Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Қытай Халық Республикасынан 11 ұлттық ерлер командаларының құрамасы және Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей Федерациясынан 4 ұлттық әйелдер командаларының құрамасы жарысты.
Біздің еліміздің намысын ерлер мен әйелдер командасындағы әлемдік деңгейдегі 20 спортшылар қорғады.
Өрт сөндіруші-құтқарушылар шабуыл сатысымен көтерілуден, 100 метрлік кедергілер жолағынан өтуден, жауынгерлік қанат жаюдан және 4-тен 100 метрге дейінгі өрт эстафетасынан жарысты.
Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында жалпы есепте Ресей Федерациясының құрама командасы әлем чемпиондары атанды. Екінші орынды Беларусь Республикасының құрамасы жеңіп алды. Құрметті үшінші орынға Қазақстанның әйелдер құрамасы иеленді.
Жалпы есепте ерлер арасында Беларусь Республикасының құрама командасы әлем чемпиондары атанды. 2 орында Ресей Федерациясының, 3 орынды Өзбекстан Республикасының командасы иеленсе, Қазақстанның ерлер құрамасы алтыншы орынды иеленді.
Жеке және командалық сынақтың жеңімпаздары медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз командалар кубоктармен марапатталды.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша келесі Әлем чемпионаты 2023 жылы Түркия Республикасының Стамбул қаласында жоспарланған.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын өткізу әлемнің түрлі елдерінің азаматтық қорғау органдары саласындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.