Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында тарихи жеңіске жетті

22 Қыркүйек 2022, 22:15 1302

Магомед Адиев шәкірттері енді 25 қыркүйекте Әзербайжан құрамасына қонаққа барады. 

Футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 5-турында Беларусь командасын қабылдап, жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz.

Кездесу елордадағы "Астана Аренада" өтті. Ойындағы алғашқы қауіпті шабуылды қазақстандықтар ұйымдастырды. 24-минутта Аслан Дарабаев қақпаға бірнеше метрден соққы жасаған - голкипер құтқарып қалды.

Ал бес минуттан соң алаң иелері есеп ашты. Рамазан Оразовтың әдемі пасынан кейін қорғаушы Михаил Габышев ұрымтал тұсқа шығып, алыс бұрышты дәл көздеді - 1:0. 

Бірақ командалар үзіліске кетер кезде қонақтар таразы басын теңестіре алды. Стандарттардың бірінде Павел Савицкий допқа бірінші жетіп, гол соқты.

Екінші таймда Габышевтің дубль жасайтын мүмкіндігі болған - қақпашыны алдап өткенімен, допты аяғына бағындыра алмады. 

Кездесудің 79-минутында Абат Айымбетовтің пасынан кейін Бақтиер Зайнутдинов гол соғып, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. 

Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы өз тобында мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Енді Ұлттар лигасының келесі маусымында Қазақстан В дивизионында өнер көрсетеді. 

Сонымен қатар, қазақстандықтар турнирдің плэй-офф кезеңіне шықты, енді біздің команда Еуро-2024 жолдамасына таласады.

Айта кетейік, Магомед Адиев шәкірттері енді 25 қыркүйекте Әзербайжан құрамасына қонаққа барады. 

Бөлісу: