Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасын айқындайтын «Бауырлас ел» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

15 Қараша 2018, 12:05 3403

Шымкент қаласында Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай ҚР президентінің телерадиокешені дайындаған «Бауырлас ел» деректі фильмінің салтанатты тұсаукесері өтті.

Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы Төра­ғасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың идеясымен түсірілген 20 минуттық деректі фильмде түбі бір туысқан қазақ-өзбек халықтарының бауырластыққа негізделген тарихи қарым-қатынасы, тамыры тереңге бойлайтын бекем байланыстардың тәуелсіздік жылдарындағы жаңа деңгейі баяндалады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтың кездесулері кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар, бауырлас елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңі көрсетілді.

Салтанатты шараға Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы Төра­ғасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев қатысты.

2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланды. Өзбекстанда Қазақстан жы­лын да өткізу күн тәртібінде тұр. Бауыр­лас халықтардың жақын­дас­тығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізетін бұл бастамаға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығы өз үлесін қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Достық керуені» жобасы қолға алынып, қазақстандықтар Өзбекстанға бірнеше рет саяхаттап барды. Достық ниеттегі өзбекстандық делегаттар да еліміздің тарихи орындарына саяхаттар ұйымдастырды.

Айта кету керек, бүгінде Өзбекстанда 800 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Ал Қазақстандағы өзбек этносы өкілдерінің саны 550 мыңға жуықтайды.

 

Бөлісу: