Қазақстан мен Өзбекстан сирек кездесетін архивтік құжаттар мен қолжазбалармен бірлесіп жұмыс жасау туралы келісті

7 Қазан 2019, 11:16 3899

Үлкен қазақстандық делегация Өзбекстан Республикасына іссапармен барып қайтты. Оның құрамында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (ҚР МСМ) ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов болды.


Үш күндік іссапар бағдарламасында сирек кездесетін кітап және қолжазбалармен, сондай-ақ сирек кездесетін архивтік құжаттармен тікелей байланысты бірқатар мекемелерді аралау көзделген.


Аталған бағдарлама аясында Өзбекстанның әртүрлі ұйымдары және институттарымен бірнеше екі жақты кездесулер өткізіліп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Халықаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыс комитетінің төрағасы Рустам Курбановпен кездесу өткізілді.


Кездесу барысында Р. Курбанов Өзбекстан Республикасының Президенті Ш. Мирзиёевтің бастамасымен 2017 жылы құрылған мекеменің қызметі туралы баяндады. Сөз барысында Комитет 138 ұлттық мәдени орталықтың және 36 достық қоғамдарының қызметін үйлестіретіні атап өтілді. Олардың жұмысы толеранттылық мәдениет дамытуға, конфессияаралық өзара түсіністікке, әрістестермен және отандастардың шетелдердегі диаспорасымен байланысты кеңейтуге бағытталған.


Сонымен қатар, Өзбекстанда білім 7 тілде берілетіні, теле- радиохабарлар 12 тілде жеткізілетіні белгілі болды. Халықаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыс комитетінің төрағасы Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс жүргізетініне ерекше тоқталды. Мысал үшін, Қазақстан Республикасының Шымкент қаласында осы жылғы 21 қыркүйекте «Өзбек тілі, мәдениеті және дәстүрлерінің күні» бірлесіп ұйымдастырылған. Осы мерекелік бағдарлама барысына аталған Комитет өкілдері белсене қатысқан.


Сөз соңында Р. Курбанов екі ел арасындағы түрлі институттардың байланысын нығайту үшін ат салысуға әзір екендігін атап өтті. Осы бағытта екі жақты байланысты нығайту және архивтік істі қалыптастыру тәжірибесімен алмасу, іздеу-зерттеу жұмыстарын жетілдіру мақсатында ең алдымен архивтік жұмыс мекемелері, оның ішінде Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивімен өзара қарым-қатынасты жолға қоюдан бастау керектігіне назар аударды.


Өз кезегінде қазақстандық делегацияның жетекшісі - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архивтік іс және құжаттама департаментінің директоры Бағдат Тансыбеков осы іссапарды ұйымдастыруда қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Тараптар екі жақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында одан әрі іске асыруға болатын бірқатар мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, делегация жетекшісі кездесуге қатысушыларға «Архив - 2025» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан іздеу-зерттеу және тарихи ақпаратты цифрландыру бойынша жұмыстар туралы хабарлады.


«Аталған жобаға бүкіл отандық және шетелдік архивтердің Қазақстан тарихы туралы іргелі зерттеулері кіреді. Осыған орай тарихшы, архивист және мәдениеттанушылардан тұратын іздеу-зерттеу топтары құрылды. Осы топтар ежелгі дәуірден бастап осы уақытқа дейінгі тарихи кезеңнің материалдарын зерделейтін болады,- деп атап өтті Б. Тансыбеков.


Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан кездесуге қатысушыларға құрметін білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың алғысы мен жылы лебізін жеткізді.


«Бүгінгі сапар — 2018 жылы біздің ұйымдар арасында қол қойылған меморандумның нәтижесі. Сіздің тікелей басшылығыңыздың және жеке қолдауыңыздың арқасында Қазақстан мен Өзбекстанның мекемелері арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу туралы меморандумдарға қол қойылатын болады. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Абу Райхан Беруни шығыстану институты және Өзбекстан Республикасының Халықаралық ислам академиясы арасында меморандумға қол қойылады. Бізді жылы қабылдағандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Біздің елдер мен халық арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін бүгін бастаған жұмысымыз жақсы нәтиже беретінінде сенімім мол»,- деп атап өтті Ш. Пулатов.


Кездесу соңында қазақстандық тарап қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы туралы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметі туралы және ҚР Мемлекеттік архивінің жұмысы туралы кітаптар және Қазақстан халқының энциклопедиясын сыйға тартты.


Кездесуден соң қазақстандық делегация Абу Райхан әл-Беруни атындағы шығыстану институтына барды. Аталған іс-шара шеңберінде Өзбекстан Республикасы Ғылымдар академиясының Абу Райхан әл-Беруни атындағы шығыстану институты мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Өзбекстан Республикасының Ғылымдар академиясы төрағасының орынбасары Бахром Абдухалимов басқарған аталған институттың ұжымымен кездесу барысында іздеу-зерттеу жұмыстары саласындағы тараптардың әлеуеті туралы хабардар етілді. Атап айтқанда, Б. Абдухалимов ғылым саласындағы өзара іс-қимылды нығайту бойынша басталған жұмыс үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Орта Азияға қатысы бар сирек кітаптар мен қолжазбалардың бүкіл көшірмелерін беруге әзір екендігін жеткізді.


Сонымен қатар институт басшысы Абу Райхан әл-Беруни атындағы шығыстану институтының атқарған жұмысы туралы хабарлады. Жалпы, институт 700 қолжазбаны цифрландырып үлгерген, институттың негізгі қоры 13319 қолжазба, ал дублеттік қоры 6000 дананы құрайды. Осы институтта барлығы 26 000 қолжазба (томдар), литографиялық басылымдар томы 40000, ал тарихи құжаттар саны 5000-нан асады.


Аталған сапар аясында Абу Райхан әл-Беруни атындағы шығыстану институтының ғалымдары және сарапшыларымен жеке кездесулер өткізілді. Мәселен, профессор Санжар Гуломовпен кездесу барысында институт шығарған сирек кітаптарды және осы мекеме базасында бар қолжазбаларды зерделеу бойынша ұсынымдар берілді. Ондағы мақсат – көшірмелері кейіннен Қазақстанға берілетін кітаптардың тізімін анықтау.


Қазақстандық делегация сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Халықаралық ислам академиясына да барды. Ректор Шухрат Ёвкочев басқаратын аталған Академияның өкілдерімен екі жақты кездесу аясында өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.


Естеріңізге саламыз, Өзбекстан Республикасының Халықаралық ислам академиясы Өзбекстан Республикасының Президентінің жарлығымен Өзбекстан ислам академиясы мен Ташкент ислам институтының базасында құрылған. Академия филиалдары Қарақалпақстанда, Самарқанд, Наманган және Сурхандария облыстарында жұмыс жасайды. Өзбекстан Республикасының Халықаралық ислам академиясының қызметі ислам тарихын зерттеуге, ислам құқығын, акид, суфизм, ислам экономикасы мен қаржыны зерделеуге бағытталған.


Мекеме басшылығы Академияға сапар аясында семинар ұйымдастырған, онда Қазақстаннан келген қонақтар ведомстволық бағынысты Беруни атындағы шығыс қолжазбалары орталығының жұмысымен танысты. Негізінен, ғылыми сарапшылар Академия архивіндегі сирек кітаптар және қолжазбаларды зерделеу, сақтау және қалпына келтіру бойынша жүргізілетін жұмыс туралы айтып берді. Сонымен қатар, өзбек әріптестері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Ережеповке осы мекемеде бар қолжазбалардың каталогын сыйлады. Олардың ішінде Ахмед Яссауи қолжазбалары да бар. Кездесу соңында Академия басшылығы аталған қолжазбалардың көшірмелерін Қазақстанның бүкіл мүдделі ұйымдарына беруге әзір екенін атап өтті.


Бұған қоса, Қазақстан тарапы Ташкент мемлекеттік шығыстану институты жанындағы Беруни атындағы шығыс қолжазбалары орталығында сақталатын ежелгі кітаптар мен қолжазбаларға қызығушылық білдірді.

Бұл Орталық шығыс қолжазбалары сақталатын ең бай қойманың бірі болып табылады. Қазіргі уақытта оның қорында 65 000-нан астам қолжазбалық және литографиялық кітаптар бар.


Абу Райхан әл-Беруни атындағы шығыстану институты мен ҚР МСМ Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның негізінде тараптар үш бағытта тығыз ынтымақтасуға бел буды. Біріншіден, орталықтарға барып екі тарап үшін тарихи және мәдени маңызы бар қолжазбалар мен сирек кітаптарды анықтайтын мамандармен алмасу. Екіншіден, екі тарап та факсимеле, яғни екі тарап үшін тарихи және мәдени маңызы бар қолжазбалар мен сирек кітаптардың көшірмелерін жасауға мүмкіндік беру. Үшіншіден, тараптар әдебиетпен – екі тарап үшін де мәдени құндылығы бар ғылыми және тарихи ақпартпен, ғылыми журналдармен және мақаламен алмасу туралы уағдаласты.


Екі мекеме де – Абу Райхан әл-Беруни атындағы шығыстану институты және Өзбекстан Халықаралық академиясы да өздерінде бар қолжазбалар каталогын Қазақстан тарапына беріп, біздің елге қатысы бар кітаптардың көшірмелерін беруге әзір екендігін атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің қолдауымен ҚР МСМ Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының алдында тұрған міндет – каталогтарды зерделеп, одан әрі Қазақстанға беру үшін қажетті қолжазбаларды таңдау.


Қазақстан тарапы сирек кітаптар мен қолжазбаларды бірлесіп зерделеу және екі ел институттары мамандарының біліктілігін арттыру бағытындағы жұмысты жүргізуге дайын екендігін жеткізді.

Ташкентке сапар барысында қазақстандық делегация Алишер Навои әдебиеті музейіне барып, осы мекеменің қызметімен толығырақ танысты. Тараптар бұдан әрі тығыз қарым-қатынас орнату туралы келісті.


Осы Өзбекстанға сапардың ең маңызды нәтижелерінің бірі – коллекционер Давронбек Тожиалиевпен келісім жасасып, оның өз коллекциясынан 400 сирек кітап пен қолжазбаның электрондық көшірмелерін (өзбек, араб, көне өзбек, т.б. тілдерде) беруі болды.

Атап өткен маңызды, Давронбек Тожиалиев бұған дейін де Қазақстан тарапына электрондық кітаптар берген болатын, алайда осы жолы берілген материалдар қазіргі уақытқа дейін оның порталында жарияланбаған және Қазақстанға берілмеген.


Аталған сирек кітаптар мен қолжазбалар екі ағайын халықтың рухани және мәдени байлығы болып табылады. Бұл материалдар Қазақстанның Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорын толықтырумен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы депозитарийнің игілігіне айналмақ.

Осы сирек кездесетін және маңызды материалдар Қазақстанның ғалымдары мен зерттеушілерінің қызығушылығын тудырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері үшін жаңа зерттеу алаңына айналады деп болжанады.

Қазақстандық делегация Өзбекстанға сапары барысында Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Имам Бухари Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығына да барды. Ол Самарқанд қаласында орналасқан екен.


Осы Орталық директоры Шовосил Зиедов қазақстандық делегацияны қабылдап, сирек кітаптар мен қолжазбалар кітапханасымен таныстырды. Сондай-ақ Шовосил Зиедов өзі басқаратын мекеменің жұмыс істейтін бағыттары бойынша екі жақты ынтымақтастыққа әзір екендігін атап өтті.

Атап өту керек, осы Орталық 2017 жылы өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Астаналық саммитінің нәтижесінде құрылған болатын. Мақсаты – мұсылман әлемінің ұлы ойшылдарының бай мұрасын, дүниежүзілік өркениет пен ғылымды дамытуға олардың қосқан қомақты үлесін терең зерделеу, зерттеу және көпшілікке тарату, сондай-ақ халықаралық алаңда рухани ағарту қарым-қатынасын және өзара ынтымақтастықты нығайту.

Имам Бухари Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының қызметі негізгінен екі бағытта: ғылыми зерттеулер және имамдардың біліктіліктерін арттыру курстарын ұйымдастыру бағытында жүзеге асырылады.


Екі жақты кездесу нәтижесінде Орталық басшысы Шовосил Зиедов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен ынтымақтастыққа, Қазақстанның зерттеушілері мен ғалымдарын қабылдауға, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алаң ұсынуға әзір екендігін атап өтті. Жергілікті тұрғындардан, Өзбекстан мен Орталық Азияның әртүрлі мекемелерінен сатып алу арқылы тұрақты негізде толықтырылып тұратын үлкен кітапхана мен қолжазбалар қоры қазақстандық зерттеушілер мен ғалымдар үшін әрқашан да ашық.

Материалды әзірлеген Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.




Әсем Жұмабекова
Бөлісу: