Қазақстан халқының бірлігі: Аймақтардан Бірінші мамыр мерекесінен фоторепортаж

3 Мамыр 2019, 00:00 6894

Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтардағы этномәдени орталықтары көктемнің жаймашуақ мерекелерінің бірі -  Қазақстан халқының бірлігі мерекесін көтеріңкі-көңіл күймен атап өтті.

Мысалға Өскемендегі Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында ауқымды іс–шаралар өтті. Мерекеге қатысыушыларды ШҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар штабының төрағасы Равиль Александрович құттықтады.

Достық үйінің алаңында «Халықтар достығы» деген атаумен этномәдени бірлестіктердің белсенді жастарының қатысуымен флешмоб өтті. Сонымен қатар «Бірлік, Достық, Қазақстан» тақырыбында балалар арасында сурет салудан байқау ұйымдастырылды.

Мерекелік шара этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдардың  мерекелік концертімен жалғасты.  

Павлодар қаласындағы Конституция алаңында облыс әкімі Болат Бақауов партиотизмге тәрбиелеуге, өңірде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты дамытуға және мәдени мұраны сақтауға қосқан үлестері үшін этномәдени бірлестіктерге 500 мың теңгеден гранттар табыстады.

Мерекелік шараға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мейраммен құттықтаған аймақ басшысы биылғы жылы грант көлемі өскенін атап өтті.

Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өту аясында  қаланың этномәдени бірлестіктері мен жастарының қатысуымен «Бір ел, бір болашақ, бір мүдде!» атты театрланған көрініс ұсынылды.

«Радуга культур» этномәдени бірлестіктердің қолданбалы шығармашылық және ұлттық өнер, «Бірлік лентасы» балалар суреттерінің көрмелері, «Балдырғандар әлемі» балалар концерттік-ойын бағдарламасы да ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, «Sport life» мерекелік спорттық турнирлер, «Өнерлі Jastar» музыкалық би алаңы жұмыс істеді. «Ұлттық татулық» этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Орал қаласының Н.Назарбаев даңғылында мекеме-кәсіпорындар, еңбек ұжымдарының мерекелік шеруі өтті. Бірлік пен ынтымақты ту етіп, аталмыш алаңға жиналған  батысқазақстандықтарды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.   

Мерекеге арналған концерттік бағдарлама бір шаңырақ астындағы көпұлтты еліміздің татулығы мен мызғымас бірлігін айшықтаған «Достық» композициясымен ашылып, облыс әкімі Алтай Көлгінов батысқазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Бұдан әрі өңірдегі көркемөнерпаздар ұжымдары ұлтты ұйыстырып, ұлысты ұғыстыра білген еліміздің берекелі бірлігін ән мен жырға қосып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ал Қарағандының Достық үйінде  «Достық шаңырағы» атты XXIV облыстық этномәдениет фестивалі өтті.

Ел бірлігі  мен этносаралық келісімді нығайтып, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық үлгісін көрсеткен шара этномәдени бірлестіктердің музыкасын, дәстүрін, тілі мен мәдениетін жаңғырту, сақтау және дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Фестиваль қонақтары келгеннен «Бір шаңырақ астында» этноауылының көрмесін тамашалады. Көрмеде этностардың ұлттық қолөнері, қолданбалы тұрмыстық заттарын көріп, әр ұлттың өзіне тән тағамдарымен танысты.

Көрмеден соң фестиваль «Біз бір отбасымыз» конкурсымен жалғасты. Концерт Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан құсайынның құттықтау сөзімен басталды.  

Сайыс шарты бойынша әр этномәдени бірлестік туған тілінде және мемлекеттік тілде өз өнерлерін ортаға салды. Конкурсқа облыстық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысты.

Шара соңында қатысушыэтномәдени бірлестіктер мақтау қағаздарымен марапатталды.

Атыраудың Сұлтан Бейбарыс алаңында  Қазақстан халқының бірлігі мерекесі  салтанатпен аталып өтті.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атыраулықтарды атаулы мерекемен құттықтады. Сахна төрінде «Шаттық Отан» ұранымен бишілер тобының «Достық» биі, әнші Маржан Арапбаеваның «Самға, Қазақстан!» әні орындалды.

Алаңда Достық шеруімен этномәдени бірлестіктер өз өнерлерін көрсетіп, көпшілікті тәнті етті.

Ал шешуші сәтте «Ел болашағы - жастар» ұранымен Президенттік «Ұлан» ансамблі мерекелік шашуын ұсынып, әр түрлі этностардың жас буын өкілдері «Я, ты, он, она» әнімен жастар биін орындап, мерекенің сәнін арттыра түсті.

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық Үйінің ұжымы Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне қуыршақтар, бауырсақ пен сүт өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды.

Қала тұрғындары мен қонақтар этноқалашықтарды аралап, этномәдени бірлестіктер құрамындағы шығармашылық ұжымдардың қойылымындағы мерекелік концертті тамашалады.  

Қуыршақтар экспозиясы ұсынылды: этномәдени бірлестіктерден, қуыршақ театрының, қазақ-француз орталығынан және қала тұрғындарынан 100-ден астам қуыршақ жиналды. Қостанайлықтар қамырдан, ағаштан, папье-машеден және фарфордан жасалған және тоқылған экспонаттарды көруге асықты.

Сүт өнімдерінің көрмесіне қымыз, қатық, шұбат, гатых (әзірбайжан халқының айраны), кілегей қосылып ұйытылған айран, адыгей  ірімшігі, чечил ірімшігі, құрт, сүзбе ірімшік т.б. өнімдер қойылды.

Бауырсақ көрмесіне 20-дан астам түрі қойылды. Қазақ халқы ғана емес, татар, қырғыз, моңғол, найман, тіпті грек халықтары да дастарқандарына бауырсақ қояды екен.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ұлттық тағамдардан дәм татып,  этноқалашықтарды   аралап шықты,   этномәдени     бірлестік    ұжымдарына 3 млн. теңгелік сертификат табыс етті.

Өңір басшысы  тағамдардан  дәм татып, ақ мол болсын деген тілегін жеткізді.  Облыс әкімі «Асар» белорус-балтық жағалауы халықтарының этномәдени бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Дарья Тиминамен бірге матрешкаларды санап шықты. Олар тиісінше жетеу болды.

Қала орталығында орналасқан сахнадағы мерекелік бағдарламамен қатар, этноқаланың сахнасында этномәдени бірлестіктер құрамындағы шығармашылық ұжымдарының  концерті өтті.

Қостанайлықтар сондай-ақ неміс халқының ұлттық киімін және алтын бауырсақтың костюмін киген жастармен суретке түсті. Облыстық Достық үйінің ұжымы дайындаған фигуралар  мен сан түрлі ұлт өкілдері бейнеленген үлкен фотобейнелерді көрген халық таң-тамаша болды. Сібір казактары мереке қонақтарына бал қосылған шай ұсынды.

Татулық пен ынтымақ күнін Ақтөбе облысы да ерекше атап өтті. Шаһардағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында 1 мамыр Қазақстан халқы бiрлiгi мерекесіне арналған мерекелiк шаралар өтті.

Мерекелік іс-шара барысында ақтөбелік өнерпаздар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері де өнер көрсетті. «Татулығымыз бір шаңырақ астында» атты концерттік бағдарламада Ақтөбедегі «Славяне» орталығының орындауындағы «Мы славяне» әні шырқалып, «Шатлык» татар және башқұрт ЭМБ-нің бүлдіршіндері  ұлттық билерін билеп сахнанынң сәнін келтірді.

 Ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин барлық ұлттың шаңырағына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілік пен татулықтың берік нығаюы үшін атқарып жатқан жұмыстарының маңызы зор екендігін айтып өтті.

Бұдан кейін аймақ басшысы Ақтөбе облысындағы этномәдени бірлестіктерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарын табыс етті.

Ашық аспан астында өткен концерттік бағдарламада татулық пен бірлікті дәріптейтін сахналық қойылымдар ұсынылды. Іс-шарадан соң облыс басашысы Тұңғыш Президент атындағы саябақта ұлт өкілдері дайындаған қолөнер шеберлерінің бұйымдарын тамашалады. Саябақта күрес, шахмат секілді спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.

1 мамыр - Қазақстан халқы бірлігі мерекесіне арналған «Бір шаңырақ астында» атты достық фестивалі «Тәуелсіздік» алаңында Көкшетау тұрғындары мен қонақтарының басын біріктірді.

Бұл күннің бағдарламасына сәйкес көпшілік қауым сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, Ақмола облысы этномәдени бірлестіктері, қаланың шығармашылық ұжымдары жасаған ұмытылмас мерекелік атмосфераға бөленді.

Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықбаев «Достық арбатын» аралап,  аймақта тұратын этностардың ұлттық бұйымдары, тұрмысы, қолданбалы шығармашылық заттары, ұлттық тағамдар көрмесі, мәдениеті, тұрмысы, салт-дәстүрлері ұсынылған  этноқаланың 11 павильонын аралап көрді.

Ермек Боранбайұлы бұл күні барлық ақмолалықтарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтап, «Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Қайрымды ел Ақмола» жобасы аясында екі жыл ішінде 148 млн. теңгеге 400-ден астам қайырымдылық іс-шаралар өткізіліп, 450-ден астам отбасына, 1500-дей мүмкіндігі шектеулі жан мен қарт адамдарға, 600-ден астам балаға «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында материалдық көмек көрсетілді», -  деп атап өтті.

Жастар флешмобы, облыстық филармонияның көркемөнерпаз шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама,   ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шаралар және қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарының мерекелік сауда-жәрмеңкесі бірінші мамыр мерекесін ұмытылмастай етті.

Петропавлда «Бірлігіміз жарасқан ұлттық мәдени фестивалі өтті.

Достық Үйінің алаңында бір шаңырақтың астында облыста тұратын барлық этностар өкілдері жиналды. Жастар мен СҚО ҚХА этномәдени орталықтарының шығармашылық ұжымдары қала тұрғындары үшін нағыз мәдени-ойын-сауық бағдарлама ұйымдастырды.

СҚО ҚХА этномәдени бірлестіктері достықты, келісімді, бірлікті білдіретін бірыңғай Достық гүліне жиналды. Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің әрқайсысы халықты шын жүректен құттықтап, көрермендерге өздерінің шығармашылық нөмірлерін ұсынды. Орнатылған 4 жартылай киіз үй біздің халқымыздың өзіндік ерекшелігі мен мәдениетінің орталығына айналды. Әрбір киіз үй ерекше болды. Өйткені, онда сәндік-қолданбалы өнер мен түрлі ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Әрбір киіз үйдің атауы мен мақсаты болды.

«Шебер қаласы» - сәндік-қолданбалы өнер киіз үйі. Онда көрме үшін үстелдер орнатылып, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің шебер сыныптары ұйымдастырылды.

«Қымыздан қуат алған біртұтас ел» - қымыз, қазақ ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесі. «Ас – адамның арқауы» - әр түрлі этностардың ұлттық тағамдар көрмесінің киіз үйі. Онда этностардың ең танымал ұлттық тағамдарын дайындау бойынша шебер сыныптары көрсетілді.

«Бір шаңырақтың астында» - бұл киіз үйде этномәдени бірлестіктердің өкілдері қонақтарды қарсы алып, салт-дәстүрлерді, ал СҚО жастар ресурстық орталығының өкілдері жастармен ұлттық ойындар өткізді.

Тараз қаласының «Жастар» аллеясында Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған шеру жаңа форматта өтті.

Қоғамдық бірлестіктердің ұйымдастыруымен Ы.Сүлейменов көшесінің бойына «Ұлы дала ұландары» стеласынан «Білім» алаңы аралығында этноауылдар орналастырылды.

Әр этностың ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды, «Достық дастарханы»  жайылды. Қазақ, орыс, өзбек, украин, неміс, дүнген, түрік, корей этноауыл «тұрғындары» өздерінің салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын, ойындарын, өнерлерін көрсетуде асқан шеберлік танытып, жиылған жұртшылыққа  зор әсер қалдырды.

Сондай-ақ, әр этноауылда тұрмыстық және қолданбалы өнер шеберлерінің музей экспонаттарынан көрмелер ұйымдастырылды. Қолөнершілердің еңбектері, шығармашылық жұмыстары  тамашаланып, қазіргі заманға сай түрлі материалдар мен өзіндік технологияларды ұштастыра дайындаған тамаша бұйымдар жұртшылық назарына ұсынылды.

Бұдан әрі түрлі қызықты спорт ойындарынан – «қазақ күресі», «қол күрес», «ордабасы», «асық ату», «мас-рестлинг», «тоғызқұмалақ»,  «ләңгіден»  жарыс өтті.

Бұдан соң «Білім» алаңында жастар мен жасөспірімдердің театрландырылған қойылымы және  жастар арасында тақырыптық байқаулар мерекелік концерті өтті.

«Жастар» аллеясының басты алаңында этномәдени бірлестіктер шығармашылық топтарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтті.

Ары қарай этномәдени бірлестіктер жастарының қатысуымен «Рахмет, саған туған ел!» әнінің фонында «Саялы бәйтерек» атты театрландырылған қойылым ұсынылды.

Бөлісу: