Қазақстан халқы Ассамблеясы – тұтас галактика: «Жетісу» саябағында кавказ мәдениетінің фестивалі өтті

23 Тамыз 2019, 10:29 5236

Кеше елордалық «Жетісу» саябағында бірыңғай Этнос күні аясында кавказ мәдениетінің фестивалі өтті.


Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтарына елордамыздағы  «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігі, «Ван» армян этномәдени орталығы, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы мен «Колхети» грузин қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі өнер көрсетті.


Фестивалге Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Ахмет Мурадов пен Наринэ Микаелян, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметті ардагерлері қатысты.



Сахна шымылдығын алғаш болып «Ван» армян этномәдени орталығы ашты. Армян үйлену тойы – салт-дәстүрлердің негізгі қайнар көзі ретінде саналады. Сондықтан олар «Күйеу мен қалыңдықтын кездесуі» атты үйлену дәстүрін көпшілікке таныстырды. 


Дәстүр бойынша қалыңдықтың анасы әрбір жастың екі иығына лаваш жабады. Сонымен қатар, армяндарда тәтті өмір тілеуі ретінде жастарды қасықпен балдан дәм татыру дәстүрі бар. Осылайша, ата-аналар жас отбасына молшылық пен амандық тілейді. «Ван» армян этномәдени орталығының қатысушылары «Арцах», «Тавих», «Лорке» ұлттық билерін орындады. 


Ән айту мен халық билерін шебер орындауда грузин халқы көпшілікке танымал. Бұл жылы да «Колхети» грузин қоғамдық-мәдени орталығы  көрермендерге «Сулико», «Тбилисо» дәстүрлі әндерін тарту етті. 


«Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің «Хна яхты» салты көпшіліктің назарын өзіне қаратты. «Хна яхты» дәстүрі күндіз басталып, түнде аяқталады. Тек әйелдер ғана бұл дәстүрге қатыса алады екен. Дәстүр соңында күйеу жігіттің туыстары қалыңдыққа хончпен (себеттермен) толтырылған сыйлықтар әкелуі тиіс. Олар – тәттілер, киім-кешек, бояу, монша керек-жарақтары және алтын.


«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының жас тәрбиеленушілері «Кентеси» биі және «Тау биімен» көрермендерді тәнті етті. Мың бұралған биден бөлек әсем ән баянмен орындалды. «Вайнах» этномәдени орталығының биылғы ерекшелігі сән үлгісін көрсетуінде болды.


Фестиваль соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова фестиваль қатысушыларына игі тілектерін жеткізді. 


«Бүгін сахнада түрлі этнос өз өнерлерін көрсетті. Осы арқылы олар бір-бірлерінің өнерін жіті тани алады. Бұл өз кезегінде тамаша мүмкіндік болып саналады», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов.


«Қазақстан халқы Ассамблеясы – ол тұтас галактика. Мұнда өнер көрсеткен әрбір балалар мен ересектер бұл галактикадағы жеке жұлдыз болып табылады. Көрермендер мен қатысушыларға осындай тамаша кеште бізбен бірге болғандарыңыз үшін алғыс білдіремін», - деп атап өтті Ләззат Құсайынова.



Көрермендер фестиваль кезінде еліміздегі этностар шығармашылық ұжымдарының мәдениетімен жақынырақ танысты. Этномәдени бірлестіктер мүшелері шара соңында дәстүрлі түрде киіз үйдің керегесі жанына жиналып, барша жұртшылыққа игі тілектерін арнады.  


Көрермендер фестиваль кезінде еліміздегі этностар шығармашылық ұжымдарының мәдениетімен жақынырақ танысты. Этномәдени бірлестіктер мүшелері шара соңында дәстүрлі түрде киіз үйдің керегесі жанына жиналып, барша жұртшылыққа игі тілектерін арнады.  

Шарадан жасалған фоторепортажды осы жерден көруге болады.

Бөлісу: