ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ – БІРЕГЕЙ ДИАЛОГ АЛАҢЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ПӘРМЕНДІ РЕСУРСЫ

8 Желтоқсан 2018, 12:06 2046

Петропавл қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің (ҚКК) республикалық форумында делегаттар өз тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдық тұрақтылықты нығайту үшін аса маңызды іс-шараларды белгіледі.

Форум жұмысына ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, қоғамдық даму министрлігі этносаралық келісім басқармасының басшысы Мейрам Иманбаев қатысты.

ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенконың баяндамасы өңірлердің Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін нақты талдаумен ерекшеленді.

ҚХА Төрағасының орынбасары хабарлағандай, 3 тоқсанның қорытындысы бойынша республикада 3014 Қоғамдық келісім кеңесі бар, оның жұмысына 25 259 адам қатысады.

Леонид Прокопенко жергілікті бюджеттерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі және агроөнеркәсіптік сектордағы үдемелі технологияларды ілгерілету жөніндегі кеңестердің қызметіне ерекше назар аударды. Ол мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өкілдері кездесетін Ассамблеяның бірегей диалог алаңын белсенді пайдалануды ұсынды. ҚХА төрағасының орынбасары атап өткендей, мұны әртүрлі үлгілер мен конфигурацияларда жасауға болады.

Ассамблея «Нұр Отан» партиясымен тығыз ынтымақтастықты қолға алды. Оның өкілі – Фархад Қуанғанов форумда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды әлеуметтік жобалардың іске асырылуына партиялық бақылауды ұйымдастыру туралы айтып берді. Ол сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған сапалы өзгерістер халықтың қолдауын және мақұлдауын табатынына сенім білдірді.

Форумда сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары – Оралбек Жақиянов, Рашид Надиров, Идият Әбдіқалықов сөз сөйледі.

Форумда ҚКК-тің жергілікті бюджетті тиімді пайдалану мониторингісіне және агроөнеркәсіптік кешендегі үдемелі технологияларды дамытуға қатысуы туралы  Қостанай облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Айгүл Исмагулова, Түркістан облысының Сайрам аудандық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Есіркеп Жайлаубеков, Жамбыл облысы «Вынхуа» этномәдени бірлестіктің төрағасының орынбасары Зайнуддин Махусеев атап өтті.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру бойынша жұмыс тәжірибесімен Шығыс Қазақстан облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Серік Оразбайұлы және Астана қаласының «Ахыска» түрік этномәдени орталығы төрағасы Әскер Пириев бөлісті.

«Қызылжар су» кәсіпорнында өткен кездесу мазмұнды және қызықты болды. Оны форумға қатысушылар үшін серіктестіктің бас директоры Жеңіс Сұлтановтың басшылығымен Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері ұйымдастырды. Бұл кәсіпорында мамандардың, жұртшылық өкілдерінің, ардагерлердің пікірін ескере отырып, көптеген мәселелерді алқалы түрде шешетін кеңестің жұмысы жолға қойылған.

Күннің екінші жартысында ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко Қоғамдық келісім кеңесі басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін тиімді жариялау бойынша тренинг өтті. Оны танымал блогер – Ринат Балғабаев өткізді. Форум қатысушыларына медиативтік технологияларды пайдалану туралы «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинетінің меңгерушісі Гүлбахша Мұсабаева айтып берді. Солтүстік Қазақстанға келген делегаттар үшін «Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне экскурсия жүргізілді.

Бөлісу: