ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Педро Мираспен кездесті, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде тараптар Қазақстанның жаһандық энергетикалық қауымдастықпен ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов әлемдік салалық қоғамдастықтың сенімді және жауапты мүшесі ретінде Қазақстанның позициясын нығайту үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.
Мәселен, еліміз климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімін ратификациялады және 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқарту бойынша міндеттемелерді мойнына алды, сондай-ақ қазіргі уақытта 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын әзірлеп жатыр.
«Қазақстан көмір станцияларын газға көшіру, мұнай-газ химиясы мен сутегі энергетикасын дамыту бойынша ынтымақтастыққа мүдделі. Осыған байланысты біз Дүниежүзілік мұнай кеңесінің сараптамалық бағалауын қарастыруға әрқашан дайынбыз», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы 2022 жылғы 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматыда ДМК VII жастар форумын өткізудің маңызын атап өтті, онда жаһандық энергетикаға көшу, декарбонизациялау және төмен көміртекті даму мәселелері қаралады. Әлемнің 29 елінен 700-ден астам делегат қатысады. Өз кезегінде Педро Мирас Қазақстан Үкіметіне аталған іс-шараны өткізуге және жалпы өңірдегі ұйымның жұмысына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Бізде көптеген қызықты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, біз жас мамандарға бүкіл әлемдегі болашақ әріптестерімен салалық байланыс орнатуға көмектесу үшін университеттермен жұмыс істейміз», — деді Педро Мирас.
Айта кетсек, Дүниежүзілік мұнай кеңесі – БҰҰ жанында аккредиттелген коммерциялық емес ұйым, оның мақсаты – мұнай және газ өнеркәсібінің негізгі мәселелерін талқылау үшін жағдай жасау. Ұйымға 59 ел мүше, олардың үлесіне әлемдік мұнай мен газды өндіру және тұтынудың 95%-дан астамы тиесілі. Қазақстан 2008 жылы ДМК-ның толық құқықты мүшесі болды.