Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийі әзірленді - министр

27 Тамыз 2022, 10:24 865

Инфляция барлық сценарийлерде төмендейді деп болжам жасалды

Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған үш сценарийі әзірленді. Бұл туралы Ұлттық экономика министірі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz

«Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85$ деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 %-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы - 4%. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110$, АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжануда», - дейді министр.

Министрдің айтуынша, пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60$ және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды.

«Инфляция барлық сценарийлерде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025 – 2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді. Бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0%-дан 2027 жылы 4,2 %-ға дейін жеделдейді», - дейді Ұлттық экономика министрі.

Бөлісу: