Қазақстан, Әзербайжан және Түркияның сыртқы істер және көлік министрлері кездесті

28 Маусым 2022, 00:58 1998

Алқалы басқосуға еліміздің тарапынан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты, деп хабарлайды EL.KZ ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын әлемдегі геосаяси жағдайға орай логистикалық және сауда байланыстарының өзгеруіне байланысты үшжақты транзиттік-көліктік өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Аймақта қалыптасқан ахуал Қазақстан, Әзербайжан және Түркия елдері арасындағы тасымал мен көлік маршруттарына айтарлықтай әсер етіп, бұл тарапта бірқатар кемшіліктерді айқындады. Ведомство басшыларының басқосуында транспорттық көлік дәліздерін дамыту бойынша нақты ұсыныстар айтылып, мәселелерді оңтайлы шешудің тиімді жолдары ұсынылды.

Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қазақстандық тарап ұсынып отырған бірқатар шаралар мен ұсыныстарды ортаға салды.

Атап айтқанда, ол Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірлесіп арттыру мақсатында бірқатар бастамаларға жан-жақты тоқталды. ИИДМ басшысы порттардың, теңіз және теміржол тасымалдаушыларының іс-қимылын синхрондауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірыңғай оператор құру және әрбір елде жоспарлаудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама логистикалық тізбек буындарының өзара іс-қимылын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік бермек.

Қазақстан 2020 жылдан бастап ТХКБ маршрутында Блокчейн технологиясын қолдана отырып, транзитте қағазсыз технологияларды енгізу мәселесімен жұмыс істеуде. Нәтижесінде Қарағанды – Поти және Қарағанды – Дериндже бағыттары бойынша екі тестілік жолдама пайда болды. Мемлекетаралық өткізу пункттеріндегі жұмысты автоматтандыру үшін барлық қатысушыларға маршрутты цифрландыру және Бірлескен кәсіпорын ұстаушысы бола алатын бірыңғай платформаға интеграциялау бойынша бірлесіп шаралар қабылдауды ұсынамыз, – деді Қ. Өскенбаев.

Сондай-ақ ол Транскаспий маршрутының даму қарқынын сақтау үшін Құрық-Баку/Алят-Құрық паром желісін ашу қажеттігін алға тартты.

ҚР ИИДМ тарапы көлік және тасымал саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін бүгінде сынақ режімінде жұмыс істейтін Баку – Тбилиси – Карс теміржол торабының мүмкіндіктерін толық қуатта пайдалану қажеттігін ұсынды.

Сонымен қатар жиын қатысушылары Әзербайжан тарапының Зангезур көлік дәлізін құру бағытындағы іс-әрекеттерін оң бағалап, қолдау білдірді. Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Зангезур дәлізі қазақстандық тауарлардың еуропалық бағытта шығатын үшінші жолы болып табылмақ.

 Бұл көлік дәлізі Шығыс – Батыс дәлізінің дамуына оң әсер етеді және жалпы ТХКБ-ға қосымша жүк ағындарын тарта алады, – деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы.

Сондай-ақ Қайырбек Өскенбаев жиында Шығыс – Батыс дәлізін дамыту бойынша Қазақстан тарапынан қолға алынған шараларға тоқталды. Мәселен, бүгінде Қазақстан Үкіметі Ақтау порты базасында «контейнерлік хаб» салу және Достық – Мойынты учаскесінде екінші теміржол салу сияқты ірі жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл қадам Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етіп, ТХКБ-ның жүк ағынын өткізу қабілетін ұлғайтпақ.

EL.KZ
Бөлісу: