Қазақ радиосы – Ұлы Дала дауысы

3 Қазан 2022, 09:48 3573

1 қазан – Радио қызметкерлерінің күні!

 

1 қазан – Радио қызметкерлерінің күні! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Қазақ радиосының 100 жылдығын атап өту аясында 1 қазанды «Радио қызметкерлерінің күні» деп жариялауды ұсынды. Бұл радио саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне, ғасырлық тарихы бар Қазақ радиосына көрсетілген үлкен құрмет. 

Тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын байрағына балаған Қазақ радиосы өзінің 101 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ұлы Даланың өзіндік мәдениетін сырға толы сұлу тұрпатында жеткізіп, ән-әуезбен әдептелген алуан үндестігін сұңғыла сөзбен суреттейтін үнжарияның бұл тойы – халық тойы. 

Тарихқа сәл шегініс жасасақ. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары ауыл молдасынан араб әрпімен сауат ашқан халықтың басым бөлігі кеңес билігімен бірге келген жазу үлгісін танымайтын-ды. Сол кезде жарық көретін газеттерді оқудың өзі мұң қазақ қоғамы үшін радионың ролі маңызды болды. Содан бері 101 жыл өтті. Мереке қарсаңында Қазақ радиосының ұжымы тікелей эфирдегі студияға телевизия және радио дикторы, «Құрмет» орденінің иегері Әбдірәлі Бөлемайдың есімін берді. Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендікті еншілеп, еңселі ел атанған Қазақстанның Қазақ радиосы елі үшін аянбай тер төгіп келе жатқан ақпарат құралы. Өз ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында көл-көсір әңгіме айта алатын нағыз ұлтжанды ақпарат көзі әлі де тыңдарманын қуанта бермек. Бүгін Қазақ радиосының мерейтойына орай жан-жақтан құттықтаулар келіп түсуде.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ – ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрі: Қазіргі ақпараттық технология мықты дамыған заманда радионың алар орны ерекше. Қазақ радиосы – халқымыздың шын мәніндегі рухани шежіресін жасап келе жатқан қасиетті қара шаңырақ. Өзінің 101 жылдық тарихында бірнеше ұрпақтың қалыптасуына сіңірген еңбегі зор. Радионың әуе толқынына шығатын әдеби-мәдени жауһарлары тыңдарман қауымның сыршыл көңіліне майда қоңыр, сазды самал ұялатып, адам жанын баурайтыны анық. Өнермен өзара өзектес, өмірлес тағдырлар туралы толымды толғаулардың топтасқан кеніші да осы радио екені сөзсіз. Болашақта да радионың даусымен оянатын, оның даусынан қуат алатын ұрпақ қатары толастамасы анық. Демек, мәңгілік еліміздің қазақ радиосы да ұлы далада ұлтпен бірге жасай бермек.

Намазалы ОМАШЕВ – Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры: 1921 жылдың 29-шы қыркүйегінде Қазақ АССР Халық комисарлары Кеңесі республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Ал, қазан айынан бастап Қазақстанның сол кездегі астанасы – Орынбор қаласынан трансляция беріле бастады. Орынбордан кейін Қазақстанның жаңа астанасы болған Қызылорда қаласынан 1926-шы жылдың 3-ші қазанынан, ал бес алты жыл салып 1931-ші жылдың 1-ші мамырынан бастап Алматы радиостанциясынан әуе толқынына шықты. Содан бері Қазақ радиосы ұлт үшін жұмыс істеп келеді. Бұл үнжария 1930-50-шы жылдары қарыштап дамыды. Әсіресе, радиожурналистика саласы жолға қойылып, радио еліміздегі ең басты бұқаралық ақпарат құралдарының біріне айналды. Бір ғана айқын дерек, радио тәулігіне 40 «Правда» газетіне жүк болатын материалдырды берген кездері болды.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ – ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері: Қазақтың арман-қиялынан туындаған аңыз-әпсаналармен ауызданып, ежелгі эллин елінің эллада ерлері жайлы ертегілермен есейген біз ұлттық танымды радиодан тыңдайтынбыз. Мектеп кітапханасын тауысып, ауылдыкіне ауысып, аз уақытта оны да адақтаған, көркем шығармалардың кәусарынан қанып ішіп, сол арқылы қиялымен әлем кезіп, дүниетанымын кеңейткен біздер өмірдің бастапқы бағдарын ата-әжесінің тәрбиесінен және осы радиодан алатынбыз. Қазақ радиосы – ол қазақтың қаны, қазақтың жаны. Осы үнжария арқылы халқымыз Ұлы Абайдың ұлағатын таныды, Шәкәрімтанудың шуағына бөленді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың ұлы шығармаларын да радио арқылы тыңдады. Демек, бұл ақпарат құралы - дәуір үні.

Ләззат ТАНЫСБАЙ – «ҚАЗАҚСТАН» РТРК» АҚ Төрағасы: Қазақ радиосы 2011-ші жылдан бастап өзінің халықаралық байланыстарын нығайтуға жақсы қадамдар жасады. Соның нәтжесінде Ресей, Белорусь, Түркия, Қырғыз радиоларымен бірлесіп көптеген жаңа жобаларды жүзеге асырды.   Қазақстан - көптеген ұлт өкілдері өмір сүретін мемлекет. Соған сәйкес Қазақ радиосы да 9 тілде: қазақ, орыс, неміс, ағылшын, корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік және татар тілдерінде хабар таратады. Эфирден аптасына ақпараттық-сараптамалық, қоғамдық-танымдық, әдеби-музыкалық, балалар мен жастарға арналған бағдарламалар, радиоконференциялар, радиоойындар және концерттік бағдарламалар беріліп тұрады. Қазіргі күні қазақ радиосының «Алтын қоры» ұлттың халық ауыз әдебиеті және дала әуезі үндескен дәстүрлі әндеріне бай екен. Әр жылдары жазылған ұлт қайраткерлерінің теңіз толқынындай ақжал, кесек, келісті дауыстары сол қалпында сақталып, қазір радиотыңдауышының рухани кәдесіне жарап-ақ тұр. Енді соны шаң басқан сөрелерде қалдырмай халық игілігіне жарату керек.

*** 

Жалпы Қазақ радиосы 101 жылдық өмір сапарының өзіндік жолында жаңа құрметке бөленді, жылы лебізге кенелді. Бір ғасырдан астам уақытта өсу мен өрлеудің, талмай іздену мен талғамшыл талпыныстың жемісі сол-Қазақ радиосы бүгінде Ұлы Даланың үні деген лайықты атқа ие болды. Тыңдарман талғамы қашанда биік. Қазақ радиосы сол талғамға сай мәңгілік елдің сөзі салмақты, ойы орамды – ақпарат құралы бола берері хақ.

Жанат Жанұзақов 

 

Бөлісу: