Қазақ қолөнершілері әлемді таңқалдырды

19 Қыркүйек 2019, 18:24 2628

Нұр-Сұлтан қаласының теміржол вокзалында Өзбекстанның Қоқанд қаласында өткен Бірінші халықаралық колөнершілер көрмесінің  қатысушыларын шашумен қарсы алды. Мұның себебі де жоқ емес, 11-15 қыркүйек аралығында ежелгі Қоқанд қаласында әлемнің 78 елінен бас қосқан 300 колөнершінің ішінде қазақстандық шеберлердің жұмыстарының шоқтығы биік болды.

Аталмыш шараға ұлттық өнердің қадірін арттырып, оны әлем санасатын брендке айналдырсам деген қазақ дизайнерлері Әсель Өмірбекова, Ләззат Исаханова, Анаргүл Норботанов, ойма өнерінің хас шебері Бектас Кәрім, ұлттың ірілігін дәлелдеген алып күш иесі Тимур Спатаев бастаған 18 қазақстандық қатысты.

Екі ел арасындағы мәдени байланысты жоғары бағалаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшісі Дархан Сатыбалды көрмеге арнайы қатысып, қазақстандық қолөнершілерге қолдау танытты.

Таныстырылым кезінде шетелдік көрермен отандық киім дизайнерлерінің «Шашу» коллекциясындағы қазақтың бай мәдениеті мен ұлттық ою-өрнегіне деген қызығушылықтарын жасыра алмады.

Бір қолымен салмағы 70 кг тартатын қылыш пен гір тасын көтерген қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР рекордшысы Тимур Спатаев, көпшілікке күш атасы Қажымұқанның жолын жалғастырушы екендігін тағы бір дәлелдеді.

Халықаралық көрмеде ұлт рухын асқақтатқан қазақстандықтардың тағы бірі - қолөнерші Бектас Кәрім болды. Шебердің сүйектен ойылған мүсіндері көрмеде жоғары бағаланды. Бабалар мұрасын кәсіп еткен қолөнершінің жұмыстары бұған дейін де халықаралық деңгейдегі көрмелерде таныстырылып келеді. Төрт түліктің жауырын, жамбас және бас сүйектерін кесек туындыларға айналдырған Бектас Кәрімұлы өнерді жанына жастайынан серік еткен.


«Қолөнерге бала жасымнан қызығып өстім. Үй тұрмысында анама үнемі көрпе-жастық тігуге, жиһазды бүтіндеуге қолқабыс етіп жүретінмін. Менің анам да қолөнерші болатын. Мұның өзі менің кейін ісмерлікпен айналысуыма ықпал еткен секілді. Кішкентай кезімде үйдегі сүйекпен өрнектелген сандықтар мен ыдыстарды қызығушылықпен қарайтынмын», - дейді бүгінде бұл кәсіпке жастарды баулып, шеберлік дәрістерін ұйымастырып жүрген Бектас Кәрім.

Колөнерші Моңғолия жерінде туып-өскен. Ол сондай-ақ, майлы бояумен сурет салады. Бүгінде өзі тұратын Шортанды ауылында Мәдениет үйінде суретші-декоратор болып жұмыс жасайды.

Қазақ тұрмысында ежелден-ақ сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қаптау секілді өнер кеңінен тараған болатын. Бектас Кәрім ұлттың осы тұрмыстық өнерін қайта жаңғыртушылардың бірі.

«Алдағы уақытта сүйекпен, ағашпен жасалатын ойма өнері ұлттық тұрмыстық құндылық ретінде дамығанын қалаймын. Көрмеде аңғарғаным, оған келушілер әр ұлттың мәдениетіне, өнеріне қызығушылықпен қарайды. Қазір өз ауылымда 20-дан астам балаға осы өнердің қыр-сырын үйретіп жүрмін. Шәкірттерімнің ішіндегі ең кішкентайының жасы 5-те. Олар бұл дәстүрді жалғастырушылар болады деп сенгім келеді», - дейді қазақтың ұлттық өнерінің жоғалмауына жанашырлық танытқан хас шебер. 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз. 



Бөлісу: