16 Наурыз 2015, 05:08
«Ғылым ордасы» РМК кешенінде Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, дінтанушы, әдебиеттанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәлі жас ғалымдармен кездесіп, қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, көне қалалары, қазақ хандығының 550 жылдығы және қазақ даласынан шыққан ұлы ғұламалар жайлы мағыналы кездесу өткізді. Ол жас ғалымдарға осы салада жүргізген 40 жылдық ғылыми жұмысы туралы баяндады.
Аққала
Исфиджап - бұл өте ерте кездегі атау. Кейін бұл қала Әлбайда деп аталған. Мағынасы - «Аққала». Қазіргі атауы - Сайрам. Осы қаладан 34 ғалым шығып отыр. Айтпақшы, осы жақында мен Испанияда болып, бір атақты кітапханада жұмыс істеген кезде екі Сайрамиді таптым. Олар, 14-15-ші ғасырда өмір сүрген екен. Екеуі ағайынды болып шықты. Екеуі де кейін араб елдеріне кеткен ғой. Солардың екі трактаты табылды, Испаниядан алып келдім. Бұлар да сол отыз төрт ғалымның ішінде. Енді мынау Түркістанға бара жатқан жолда Темірлан дейтін ауыл бар. Ордабасы ауданының орталығы. Содан 1 шақырым жерде, Арыс өзенінің жағасында бір қираған қала жатыр. Одан 5-6 шақырым жерде Қараспан дейтін қираған қаланың орны бар. Осы Қараспанда Әмір Темір Тоқтамыстың елшілерімен кездесіп, сол жерде келіссөз жүргізген екен. Ал жаңағы, Темірланға жақын жатқан қаланы арабтар Арысбаникас деп атаған. Олар түркі тіліндегі атауын дұрыс білмегендіктен Успаникас, Субаникас деп жаза берген ғой. Бірақ, сөздің түбірінде Арыс деген сөз бар. Шынында да қала Арыс өзенінің жағасында жатыр. Сондықтан Арыс деген сөз қалып қойған. Міне, осы Арысбаникастан шыққан 9 ғұлама бар.
Түркістан екі дүние есігі ғой...
Түркістанның ежелгі атауы - Шауғар. Одан кейін - Ясы деп аталған. Бертін келе - Түркістан. Шауғар деген атауды естігенде таң қалдым. Шауғар деген бұл не сөз? Сөйтсем, Шауғар деген соғды тілінде «Қаратау» дегенді білдіреді екен! Қаратаудың етегінде жатыр ғой енді. Қараңыздаршы, ешқандай кездейсоқтық жоқ. Бәрі бір-бірімен байланысты. Міне, осы Шауғардан 4 Шауғари табылды. Ясыға келер болсақ, біз енді Қожа Ахмет Ясауи атамызды ғана білеміз ғой, өкінішке қарай. Ол үлкен ғалым, бүкіл түркі дүниесінің руханиаты! Ақын, дана бабамыз. Ал енді, менің зерттеулерім бойынша Қожа Ахмет Яссауи атамызға дейін Абдолла әл-Яссауи дейтін де ғалым шығып отыр! Одан қала берді Қожа Ахмет Яссауиден кейін де алты әл-Яссауи шыққан екен. Бұлар қайда? Неге білмейміз? Білмейтініміз сол, олар Кашмирде жатыр! Кезінде Кашмирді исламдандыруға барған екен. Мен бір жолы Кашмирге барған кезімде, жергілікті ғалымдар айтты:
- Біздің мұсылман болуымызға сіздің аталарыңыз көп себеп болған.
- Неге? - деймін ғой жаңағы.
- Сіздер жақтан Кашмирге 600 сопы келген екен. Сөйтіп, бізді исламдандырыпты.
Сол 600 сопының алтауы біздің бабаларымыз болып шықты. Түркістаннан шыққан Ясылықтар. Түркістан қаласынан 31 ғалым шыққан. Енді солардың ішінде біреуіне ғана тоқталайын. Үндістанға барып жүрген кезім. Нью-Делидің оңтүстік жағында ескі қала болған. Тұғлыабад деген. Қазір де бар. Онда өте әдемі мешіттер бар. Керемет енді, орта ғасырда салынған. Сонда бір кісі маған:
- Сіз Қазақстаннан келдіңіз бе?
- Иә, иә.
- Мына жерде бір Имам Зами Түркістани деген кісінің кесенесі бар.
- Ойбай, қайда?
- Анау тұр! Қаланың оңтүстік қақпасының қасында.
Бардым. Сөйтсем, енді үлкен кесене емес. Біздің Қожа Ахмет Яссауи атамыздың кесенесіндей емес, одан кішірек кесене. Сосын қарасам, маңдайында жазу бар екен. Тақтаға жазылған. Өте ескірген. Көшіріп алдым. Парсы тілінде екен. Көшіріп алып, кейін зерттеп қарасам, бұл кісі 1539 жылы қайтыс болған екен. Ойбай-ау! Бұл Бабырдың замандасы болып шықты ғой! Бабыр Үндістанды қай жылы алды? 1526-27 жылы Панипадта қырғын шайқаста Үндістанның билеушісі Ибрахим Лодидің 50 мың әскерін өзінің 20 мың әскерімен жеңіп, Үндістанды алды. Соның құрметіне сол жерде үлкен мешіт салдырады. Мен сол Мешітті іздеп таптым. Кашмирден машинамен қайтып келе жатқан жолда Панипад деген атауды көзім шалды. Шопырға: Әй, тоқта, тоқта, тоқта! - Неге? - Мына Панипадтқа тоқтайық. - Ой, түн жарым болды, уақыт жоқ. - Жоқ, тоқтаңыз, әйтпесе жаяу түсіп кете берем дедім. Тоқтады. Бардық. Ғаламат шайқас болған жер ғой. Содан тағы бір барғанымда Бабыр салдырған мешітті тауып алдым.
Исфиджаптың маңында Зернуч, Зернух дейді, Сурхан, Заххад, Қараспан, ал Алакөл жақта Емил деген қала болған.
Сырдың бойында Сығнақтан шыққан үш кісіні таптым. Хұсамадддин Сығнақи. О, бұл үлкен ғалым, тамаша ғалым. Мен сіздерге бір қызық айтып берейін. Мына «Нұр Мұбарак» дейтін университет бар. Соған жыл сайын он шақты ғалым келіп дәріс оқиды. Бір жыл сонда тұрып сабақ жүргізеді. Содан бір рет Каирге барғанымда, солардың бірі қасыма келіп:
- Осы сіз бір жолы Сығанақи туралы әңгіме айтып едіңіз.
- Иә. Осы жерде Каирдің бір баспасы Сығнақи дейтін сіздің елден шыққан бір ғалымның сегіз томдығын шығарды деді.
- Ой, қайда?
- Осы жерде бір баспада.
- Ойбай апар мені сол баспаға - дедім. Апарды. Сөйтсем, баспа бесінші қабатта екен. көтерілдік. Директоры қабылдады.
- Мына кісі Қазақстанның муфтиі еді, осылай да осылай.
- Иә, жақсы.
- Сізді осы Хұсамаддин Сығнақи туралы кітап шығарды деп естідім.
- Иә, шығардық, үш томдығын шығардық. Оның бес томы қателеспесем Эр-Риядта шықты, үш томын біз шығардық.
- Сол кітаптар маған керек еді, мен сатып алайын деп едім.
- Ой, олардың шығып кеткені қашан! Олар жоқ қазір! Барлығы сатылып кеткен.
- Қап, әттеген-ай, жарайды енді, - деп, бұрылып кетіп бара жатыр едім:
- Тоқтаңыз, ол сізге не үшін керек еді? - деп сұрады. Содан құдай аузыма салған шығар, - Ол менің бабам еді - деппін. Бабам дегенім рас қой енді. Біздің жерімізден шыққан ғалым ғой. Сөйтіп ем, ол кісі:
- Әй, шопырды шақыр, - деді көмекшісіне, - Біздің үйдегі менің өзім үшін қалдырған экземплярды алып кел, - деді. Содан алып келгенше бірге отырып шай іштік. Содан алып келді. Ой, жүрегім жарылып қуандым! Сол Сығнақи атамыздың сегіз томын маған сыйлады! Сөйтсем, біздің Сұлтан Сартаев дейтін заңгер, академик ағамыз бар емес пе!? Сол кісі естіп:
- Әй, бұл менің бабам ғой! Мен оның 16-шы ұрпағымын. Ол бабам менің! Бұл кітапты маған беріңіз, - деп жата жармасты. Не істеймін енді? Өте жақсы көретін ағам. Бердім сол кісіге.
- Сіз тағы табасыз ғой. Араб елдерінен жинап жүрсіз. Сіздің кітапқұмар екеніңізді білемін. Тағы аларсыз, - деді. - Жарайды, - деп сегіз томдықты қолына ұстаттым. Кейін бірақ бұл кісі бабасы туралы үлкен бір мақала жазды. Сосын менің бір шәкіртім, сол университеттің проректоры, профессор Шәмсиддин Керімов менің өтінішіммен Хұсамаддин Сығнақи деген ғылыми монография жазды. Соны Сығнақиге арналған ғылыми конференцияда жаңағы академик ағамызға сол еңбегін сыйлады.
Түріктердің ата жұрты
Енді Сауран қаласы. Сауран қаласынан шыққан 9 ғалым бар екен. Сондай-ақ, Қазалының маңында Жент деген қала болған. Орта ғасырда. Онда оғыз тайпалары тұрған. Солардың астанасы болған. Осы күнгі түріктер, яғни түркиялықтардың отаны. Олардың: «Қазақстан біздің ата жұртымыз, тарихи отанымыз, ал Түркия ана жұртымыз» - дейтіні содан. Міне, осы қаладан шыққан 18 ғұламаны тауыппын. Барлығы Женди, Женди болып кете береді.
Сырдың бойында тағы Баршынкент деген қала болған. Ол туралы ортағасырлық тарихшы ғалым Жамал Қарши жазады. Сол кісі сырдың бойын жаяу аралап жүріп, көргендерінің барлығын жазып отырған. Өте қызық кітап. Міне сол қаладан сегіз Баршынкенти шыққан. Солардың бірі - Әбілмұхамед Әсеми әл-Баршынлығи. Мен Жамал Қарши туралы жуырда бір үлкен мақала жаздым. Жалын журналында шықты.