Қазақ хандығына байланысты Тараз қаласында өтетін шаралар

6 Наурыз 2015, 06:32

Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бірқатар мәдени-спорттық шара өтеді.

Жамбыл облысы Қазақ хандығының негізі қаланған өңір. Талас пен Шу өзендерінің арасында Керей және Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрған. Сондықтан, биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты өтетін шаралардың арасында Тараз қаласының айтарлықтай орны бар. 

Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бірқатар мәдени-спорттық шара өтеді. Тіпті, осы мерейтойға байланысты дайындығын да бастап кеткен.

«Еліміз үшін Тараз қаласының маңызы зор,  - деп атап өткен болатын жуырда өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев. - Осы өлкеде бұрынғы заманда Талас пен Шу өзендерінің арасында Керей және Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрған».

Ұлттық мерейтойды атап өтуге және оған дайындыққа 22,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған.  «Қазақ Елі» 10 сериялық тарихи-драмалық сериалын түсіруге 1 млрд. теңгеден астам қаржы, «Қазақ Елі» анимациялық фильміне - 375 млн. теңге, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі фильмге 250 млн., Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын басып шығаруға шамамен 106,6 млн. теңге бөлу жоспарлануда.

Таразда бұл мақсатқа, алдын ала болжам бойынша,  13,4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. «Көне Тараз» жобасына ғана шамамен 6 млрд. теңге жұмсалмақ.

Ақпан айында жас ақындардың республикалық мүшайрасы өтеді. Мамыр айында қолөнер шеберлерінің облыстық «Қолөнер - халық қазынасы» көрме-жәрмеңкесі, «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» экспедициясы өтеді. Жамбыл облыстық драма театрында Қ. Ысқақ пен Ш. Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасы сахналанады. Таразда «Хан күреңі» киіз үйлер қалашығы пайда болмақ.

Қыркүйек айында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрладандырылған қойылым, республикалық ақындар айтысы, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» кітабының таныстырылымы өтеді.

Сондай-ақ, Таразда «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі ашылады.  «Тараз - ғасырлар куәсі» көрмесі, таразыға ҚР Президентінің сыйлығы қойылатын қазақша күрес бойынша «Евразия барысы» халықаралық турнирі мен ұлттық спорт бойынша жарыстар ұйымдастырылады.

Қыркүйек айында Қытайдың Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолының бойымен келе жатқан керуен  экспедициясына қатысушылармен кездесу өтеді.

Қараша айында Таразда «Текті сөздің төресі - терме» республикалық терме байқауы өтеді.


Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Бөлісу: