Қазақ халқының заттай және рухани мәдени мұрасы

14 Қыркүйек 2021, 14:53 6933

Ұлттық құндылықтар

 

Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, қорғау және насихаттау еліміздегі қоғамдық сананы қайта жаңғырту мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды шаралардың алтын өзегі болып табылады. Еліміздің археологтары, этнографтар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар осы бағытта өзекті мәселелерді талдай отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Еl.kz порталы аталған сала мамандарының зерттеу нәтижелері мен А.Оңғарұлының «Ұлы дала мұралары» деген еңбегіңе сүйене отырып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы музыкалық мұралар және көркем тоқымашылық өнер туралы сыр шертеді.

Оңтүстіктегі музыкалық мұралар

Қазақ даласында Ораза кезінде айтылатын тұрмыс-салт жырларының ескі үлгілерінің бірі «Жарапазан» айту дәстүрі қазіргі қазақ қоғамында жоғалудың алдында тұрған өнердің бір түрі. Созақ ауданында осы дәстүрді жаңғыртып жүрген Абдрақова Гүлнар Базарбекқызынан (10.06.1956 жылы туған) жарапазанның ескі айтылу мәнеріндегі бір әуенін жазып алдық. Ол әуенді домбыраның сүйемелдеуімен айтты. Әуені домбыраның бас буыны «Ля-ре» дыбысы мен орта буын «Соль-ре» дыбысы арасында ғана жүріп жеңіл айтылады.

 

Қазақ даласының әр өңірінде жарапазанның айтылуы да әртүрлі. Кей өңірлерде музыкалық аспапта қосылып айтса, енді бір өңірлерде аспапсызда айтылады. Жарапазан жырының құрылысы қарапайым, мәтіні де жаттауға жеңіл, астарында әсірелеу элементтері басым, ел көңілін көтере жүріп, жұртты иманға, береке-бірлікке, ізгілікке шақырады. Сондықтанда жарапазанды көбінесе жас балалар да айтқан. Жалпы халықтың тұрмыс-салт жырларына жататын өлеңдердің сюжетсіз ұсақ өлеңдер екендігі туралы Ә.Қоңыратбаевтың еңбектерінде де айтылады. Жарапазанның қазіргі таңда ел есінен ұмыт болған және бір нұсқасын Сарыағаш ауданында ұстаздық қызметте жүрген Асқар Байзақов (18.04.1959 жылы туған) пен Бекназар Әріпов (01.01.1962 жылы туған) деген кісілер баян мен домбыраның сүйемелінде орындап берді. Сонымен бірге Нартай Бекежановтың «Дүние» атты термесін жазып алдық.

 

Өздері орындап отырған жарапазанның бұл нұсқасын бала күндерінде нақтырақ айтқанда бес-алты жас кездерінде ауылдағы жарапазаншылардан үйреніп қалған. Бұл әуен де домбыраның бас буынынан «Ля-ре» дыбысынан ойнақы, жүрдек басталып орта буыннан кейінгі «Ми-ля» дыбысына дейін көтеріліп, қайтадан бас буынға дамдылдап, одан кейін бас буын мен орта буында «Ре-соль дыбысы» қайырмасы айтылады. Мәтіндік ерекшелігі жарапазан айтылып жатқан үй иесінің байлығын, ірілігін мадақтау арқылы сол үйдегі адамдарды және жалпы жұртты имандылыққа, ізгілікке, бірлікке шақыру. Ескі айтылу мәнері сақталған жарапазанның және екі нұсқасын Жетісайда тұратын Сапарәлі Серікбаев (14.04.1947 жылы туған) деген кісіден естідік. Соңғы нұсқасының мәтіні Сарыағаштан жазылып алынған нұсқаның мәтінімен бірдей, бірақ әуені екі түрлі. С.Серікбаев орындаған екі нұсқада өте ескі сарында айтылады.

 

Қазіргі таңда жарапазан айту дәстүрі Қазақстанның Оңтүстік, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Маңғыстау өңірлерінде ғана аздап кездеседі. Оның өзінде жарапазан айту дәстүрі әуендік және айтылатын ортасына қарай бұрынғы табиғи формасын жоғалтып, осы заманның бейіміне көшкені байқалады. Яғни жоғарыда айтылған жарапазандардың айтылуында әуендік, мәтіндік ерекшеліктері сақталғанмен, осы заманғы сахналық үлгіге айналған. Бұл жарапазанның ел арасындағы айтылуының сиреуіне байланысты ұмыт болғаны немесе жарапазанның айтылу формасын осы заманғы қажеттілікке (талғамға) икемдеу мақсатында өзгеріске түскен нұсқасы болуы мүмкін. Жарапазанның айтылу формасы туралы әдет-ғұрыптық әндер зерттелген еңбектерде былай деп жазылған: «Жарапазанның айтылуын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алдымен орындаушы үй иесін мақтаудан бастайды. Одан кейін ислам дінінің негіздерін уағыздап, имандылыққа шақырады. Соңы бата берумен аяқталады». Жарапазандағы ең негізгі ой оның соңында берілетін бата тілегінде.

 

Қазақ халқының салт-санасымен сабақтасып дамыған, музыкалық фольклор жанрымызда аса кең таралған, ол лирикалық әндер. Бұндай әндер интонациялық және әуендік-ырғақтық жағынан кең ауқымды. Осы жолғы сапарымызда Мақтарал өңірінде ел арасындағы өлең-тойларда, қазақтың тұрмыс-салты бейнеленетін жиындарда айтылатын жоғарыдағы айтылғандай ерекшелікке ие, ескі лирикалық әндерді бала жасынан жадына сақтап орындап келген Сапарәлі Серікбаевпен кездестік. Орындаушының айтуында бұл әндердің әуені тек сол Мақтарал өңіріндегі яғни Мырзашөл жеріндегі 50 жылдарда ел арасындағы қыз ұзату сияқты жиын-тойларда айтылатын ескі әуендер. Сапарәлі Серікбаевтың орындауында ескі лирикалық әндерден «Айырылмайды-ау көңіл саз», «Беделім бөпем-ай», «Әй-әй бөпем», «Қыз едің ойла есің бар», «Қыз мұңлық еш пендеге салмағай», «Сусамыр елдің жайлауы», «Сұлужан кетер болдың рудан», «Үкілім-ай», «Күләнда-ай», «Қарағай өмір өтіп барады, алды-атына қарамай», «Қарағым ойын күлкі заман-ай», «Қарағым Еркем-ай», «Гүл-гүл жайнап әдемі қалқа келдің бе» сияқты 13 ән жазып алдық. Әндер тақырыптық жағынан да өте қарапайым, эмоциялық бейнелеуге бейім орындалады. Осы жазылып алынған әндердің ішіндегі «Шекер-ай», «Еркем-ай», «Үкілім-ай», «Күләнда-ай», «Қарағай өмір өтіп барады, алды-артына қарамай», «Қарағым ойын күлкі заман-ай», «Қарағым Еркем-ай», «Гүл-гүл жайнап әдемі қалқа келдің бе» сияқты 13 ән жазып алдық. Әндер тақырыптық жағынан да өте қарапайым, эмоциялық бейнелеуге бейім орындалады. Осы жазылып алынған әндердің ішіндегі «Шекер-ай», «Еркей-ай», «Үкілім-ай», «Қасқатөс құнаным-ай», «Қарағым ойын-күлкі ай, заман-ай», «Әгугім игәй-ай» сияқты әндердің музыкалық-поэтикалық, мән-мазмұны қысқа мәнерлік әдістермен көркемделіп, эстетикалық мәні жағынан тыңдаушыға үлкен әсер етеді. Лирикалық әндердегі осындай ерекшелік туралы ғалым С.Күзембаеваның зерттеуінде; әндердің ішкі қолданыстағы: «Ай, «Ой», «Ахау», «Шіркін-ай», «Қалқам-ай» сияқты эмоциялық әсірелеу құралдарын күшейтетін одағай-қаратпа тіркестерімен тығыз бірлікте өрбуі әуеннің композиясына тән ән позициясының негізгі архитектоникасын құрайды. Лирикаға тән тағы бір қасиет – музыка тілінің нәзік те сезімтал, жүрек қылын тербейтін, көңіл көтерерлік әдемі әуенділігі. Бұл әндер әуендік орындалу жағынан, көркемдік сипатымен сол өңірге тән аймақтық ерекшелігін даралап көрсетеді. Бұл ерекшелік ұлт музыкасының генезисін анықтауда басты рөл атқарады. Жарты ғасырдан астам уақыт сақталып келген бұл әндер қазақтың музыка қорына қосылған аса құнды дүниелер.

 

Сарыағыш ауданындағы мәдениет сарайының жанынан құрылған әжелер ансамблінің мүшелері Мергенбаева Кәтепгүл (27.02.1953 жылы туған), Мүсірова Сәрсенгүл (12.10.1953 жылы туған), Асантаева Фатималардан (04.03.1951 жылы туған) қазақтың тұрмыс-салттық әндеріне оның ішінде үйлену тойларында айтылатын «Жар-жар» және «Сыңсу» әндерінің ескі айтылу үлгілерін жазып алдық. Орындаушылардың айтуынша, бұл «Жар-жар» оңтүстік өңірінің оның ішінде осы Сарыағаш жеріндегі «Жар-жардың» үлгісі. Себебі, өздері қыз кезінде ұзатыларда осы «Жар-жарды» айтқан екен. «Жар-жар» қыз баланың ұзатылу тойы аяқталып, басқа жұртқа аттанарда орындалатын ән. «Жар-жар» жігіттер жағы мен қызбен оның құрбылар және жақын жеңгелері арасында диалог түрінде өрбиді. Жігіттер жағы қыздың барған жеріне сыйлы, құт әкелетіндей жақсы келін болуына тілектестік білдірумен қатар елінен кетіп бара қыздың ол жақта да ата-енесінің барын ескертіп көңілін жұбатады. Ал жігіттерге жауап ретінде, қыздар тобы жат-жұртқа кетіп бара жатқан қыздың ел-жұртын, ағайын-туғанын, ата-анасын сағынатынын айтып әнге қосады. Екі жақта жар-жар айтқанда әр шумақтың соңында «Жар-жар» деп қайырма сөздер қайталанып отырады.

 

Бұл жолғы сапарымызда жолыққан және бір үлкен өнер иесі, Мақтаралда тұратын Оразқожа Бекахметұлы (1946 жылы туған). Бұл кісі 15-16 жасында әйгілі ақын Қайыпназар Әйтпеновке (1900-1993) шәкірт болып, ұстазынан көптеген тарихи қисса-дастандарды үйреніп алып қалған. Сонымен қатар, Сыр сүлейі Нартай Бекежановтың шәкірті Құтбай (1906-1971) ақынның тәлімін алған шәкірті. Оразқожа Бекахметұлының орындауында Құтбай ақынның «Өзім туралы» және бір «Өсиет» жырын жазып алдық. Оразқожаның орындау мақамынан Сыр бойының жыршылық дәстүріне тән ерекшелік байқалады. Яғни, орындап отырып арасында дыбысты көмейімен бүлкілдетіп еркін толғайды.

 

Оразқожа Бекахметұлының қолында Құтбай ақыннан өз қолымен ұстаған домбырасы сақталыпты. Домбыра өзгеше формада жасалған. Оразқожа Бекахметұлының айтуында домбыраны ұлты өзбек Осман деген шебер 1950 жылы Құтбай ақынға жасап берген. Формасы өзбектің дутар аспабына сәйкестендіріліп жасалған. Оразқожа Бекахметұлының айтуында домбыраны ұлты өзбек Осман деген шебер 1950 жылы Құтбай ақынға жасап берген. Формасы өзбектің дутар аспабына сәйкестендіріліп жасалған. Яғни, шанағы дутардың шанағы тәрізді домалақ пішінді, шанақтың мойынға (сабына) қосылар жерінде екі жағынан 13 пернелі қошқар мүйіз шығарылған. Мойны екі жерден бұрандалы етіп, алынып салынады (мойынның қосылар жеріне шығыршық-винт орнатылған). Сондықтан да қобдишаға (футляр) салып, қолға алып жүруге қолайлы. Шанағы үлкен болмаса да, қаққанда ыңғай қоңыр үн беріп тұрады. Құтбай ақын 1971 жылы дүние салғанда ақынның жолдасы домбыраны шәкірті Оразқожаға аманат етіпті. Бұл домбыра болашақта ұлттық музейден немесе ұлттық аспаптар музейінен өз орнын табуы тиіс деп ойлаймыз.

 

Шардара ауданында тұратын 15.07.1937 жыл туған, жыршы-термеші Тәшман Шекеровтың орындауында Жамалқан Қарабатырқызы «Ағайын», Қадиша Баязитова «Асылдың қадірін білмейді», «Жұбайына арнау», «Қызына арнау», Қатерен Шәметов «Күн шығуға таянбай ағарып таң атпайды», Газет Әбішов «Қандай еді», «Ғажап ау өмір шіркін білгендерге», Нұрмақан Оразшаев «Ата тілегі», Мұса Жұманазарұлы «Дүниеге кімдер келіп кім кетпеген», Мылтықбай Ерінбетов «Озғаның бар біріңнің қалғанын бар», «Қызыл тіл» қатарлы 11 терме және өз жанынан шығарған «Ақмарал ару», «Спан ата», «Қасқалдағым қайдасың» атта 3 күйін жазып алдық.

 

06.11.2017-17.11.2017 аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында сақталған рухани мұралардың қалдықтарын ел арасынан жинау барысында 33 күй, 13 лирикалық ән, жарапазанның 4 түрі, 1 жар-жар, 1 сыңсу, 2 қисса-дастан, 10 терме жазып алынды.

Ұлттық музей қорындағы гобелендер коллекциясына шолу

Қазақстандағы қолдан тоқыма тоқу өнерінің тарихын зерттеу нәтижелері шығармашылықтың осы бір халықтық дәстүрінің тоқырауымен қатар 1970 жылдары кәсіби өнер тұрғысынан 1950-60 жылдардағы әлемдік «Пластикалық жарылыс» тренді арнасында оның қарқынды дами түскенін көрсетті. Музей жинақтарындағы көркем тоқыма бұйымдарға қарағанда Қазақстанда бұл өнердің екі бағыты жақсы дамығаны белгілі: бірі – монументалдық, екіншісі – сәндік бағыт.

 

Бүгінде Қазақстанның қолданбалы өнері саласының бірде бірінде, гобелен өнерінде дамыған авторлық көркем стильдер мен бағыттардағыдай алуан түрлілік жоқ деуге болады. Музей қорында Б.Өтепов, Б.Зәуірбекова, Ә.Бапанов, Р.Садығұлов, Н.Қарымсақов, М.Ержанов, Қ.Жақыпов, А.Ахметов, А.Жамхан, М.Мұқанов, Ә.Беспалинов, А.Қырықбаева, А.Бекқұлова сынды белгілі отандық шеберлердің жұмыстары жинақталған.

 

Қолдан тоқыма тоқу өнері өткен ғасырдың 70-80 жылдары «Қолданбалылықтың» тар шеңберінен шығып, тоқыма материалдың өзі де көркем әсер етудің әмбебап заңдарына бағынышты өнер туындыларын жасауға жарамды екенін дәлелдеді. Көркем ойды білдірудің өз алдына жеке құралы ретінде ортаға шыққан жаңа тоқымашылық бейнелеу тілінің қалыптасуымен заманауи гобелен өнерінің көркем образдар мен құрылымдарда адамзат болмысының мәселелерін бейнелеу мүмкіндігінің жоғары екенін айқын байқатты.

Музей қорында этникалық тақырыптағы гобелен-триптих сақталуда. Триптихтың оң жақ бөлігінде «Асауды құрықтау» атты жылқыны құрықпен ұстау көрінісі берілсе (200x600 см, XX ғ. 70-ші жылдары), орталық бөлігінде «Бақташы» деп аталған дала төсінде қой бағып жүрген жас бақташының дала төсінде қой бағып жүрген жас бақташының қамыс сырнайда ойнап отырған сәті бейнеленген (200x600 см, XX ғ. 70-ші жылдары), триптихтың сол жақ бөлігі қазақ халқының дәстүрлі спорттық ойындары тақырыбына арналып, «Қыз қуу» деп аталады (200x600 см, XX ғ. 70-ші жылдары). Бұл жұмыстарда жіптердің шалысы классикалық гобелендегіге қарағанда сирек, желіс жіптердің арасы 8-10 мм (Ж.Люрсаның ойынша, желіс жіптер мен арқау тығыздығының арақатынасы тепе-тең тәрізді әсер қалдырғаны дұрыс, ең дұрысы негізгі жіптердің тығыздығы 1 см-ге 5 жіптен келуі керек). Туындының жасалған нақты уақыты мен авторы белгілі болмаса да панорамалық бейнелену, динамикалық композициялық шөшім, кеңістікті сезіну, монументалдық және образдардың мүсіндік бейнелілігі – осының бәрі бұл туындының кеңестік дәуірдегі сюжеттік-тақырыптық монументалды өнер дәстүрін ұстанған шеберлер қолынан шыққанын көрсетеді. Бейнеленген көріністердің стилистикасы мен қосымша материалдар – люрекс, ерілген жіп қосу, сондай-ақ беткі жағында солғын түсті жіптердің болуына қарап туындыны сарапшылар XX ғ. 70-ші жылдарының аяғы мен 80-ші жылдарының басында жасалған деп қорытындылаған.

 

Қолдан тоқыма тоқу өнері КСРО және ТМД өнертанушылары мен суретшілері тарапынан зерттелген. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап (ұлттық гобелен мектебінің қалыптасу кезеңі) жетекші гобелен шеберлерінің кіріспе мәтіндері бар альбом-каталогтары мен кітаптарында өнертанушылық жарияланымдар пайда бола бастады. Соңғы кезде осы тақырыпта қалам тартып, өнертанушылық сараптамалар жасап жүргендердің қатарында суретші гобелен шебері М.Ф.Мұқановтың сүбелі үлесін айта кету керек.

 

Ұлттық гобелен өнерінің қалыптасуы Қ.Тыныбековтың есімімен тығыз байланысты. «Оны Қазақстан өнеріндегі семиотика тілін өз туындыларында қолдана бастаған тұңғыш суретші деп атауға болады, оған иконикалық белгілер тұжырымдамасы жақын әрі түсінікті болды. Суретшінің он жылдық қысқа шығармашылық жолы (1970-1980 жж.) тоқымашылық өнердегі ұлттық дәстүрлер мен бейнелеудегі жаңа үрдістерді араластыру жолдарын қарқынды іздестірудің негізгі сәттерін көрсетеді» – дейді өнертанушы С.Шкляева.

 

Қ.Тыныбеков туындылары негізінен Қазақстанның белгілі музейлері қорында сақтаулы. Әйтседе суретшінің елге танымал шығармаларына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Оның «Көктем» атты туындысы да (194х350 см, 1974 ж.) суретшіге тән «Иконикалық белгілер» стилінде жасалған. Мұнда Қ.Тынышбеков картиналық және кілемдік деп саналатын екі бастауды үйлестіре білетіндігін көрсетті. Картина әлем туралы ақпаратты шынайы, көзге көрінетін пішіндермен беруге ұмтылса, кілем тура сол белгілерді ою-өрнектер сынды жалпыланған сәндік элементтер арқылы береді.

 

«Мәңгілік» атты жұмысы (138x98 см, 1975 ж.) көлемі жағынан шағын, алайда монументалдық-сәндік өнерге тән барлық элементтерді қамтиды. Картинаның дәл ортасында тігінен сәл көлбеулеу күйде қимылсыз, «Тәнсіз» деуге боларлықтай, ұзын көйлекті, кимешек киген әйел пішіні бейнеленген. Бұл Жер-Ананың символикалық бейнесі. Гобелен тілінен алыстап, оны ұлттық дәстүрге жақындата түсуге ұмтылған суретші Жер-Ана бітіміне көне балбал тастарға тән добалдау пішін және оларға тән экстатикалық қимылсыздық беруге тырысқан. Баланы қолына алған Жер-Ана бейнесі аздап жаншылған, жалын тілдеріне оранған орасан зор күн дискісінің алдында тұр, бұл жалын тілдері күйдірмейді, себебі оның екі қатарлы жалындаған кеңістігінде (екінші қатарды ошақтың жалыны деп те түсінуге болады) ақ қанатты, алтын түстес құстар, Құдай-ана мен нәресте емін-еркін орналасқан. Қ.Тыныбековтың творчествалық ізденісіндегі басты жетістігі классикалық гобелен тоқу дәстүрін ұлттық өнер дәстүрі мен сабақтастыруы болып табылады.

 

«Әр халықтың, әр ұлттың сұлулық (көркемдік) туралы өз ұғымы бар. Біз өз халқымыздың ұлы ұғымдарын өз ұғымымызға негіз етіп ала білуіміз қажет. Рухани мұраны бойына сіңіргенде ғана суреткер таусылмас күшке ие болады. Онсыз шын мәніндегі көркем, өміршең туынды жасау мүмкін емес» деп жазды күнделігінде. Қ.Тыныбековпен қатар арман қуып, Львов қаласындағы қолданбалы қолөнер институтында білімі мен шеберлігін шыңдаған талғамы биік суретші Б.Өтепов.

 

Оның «Түркі дастан», «Бозторғай», «Той» деген туындылары Халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, түрлі дипломдармен марапатталған.

 

Б.Өтепов философиясынан туындаған музей қорындағы «Бесінші күн» (143 x 95 см, 1973 ж.), «Аманат» (143 x 95 см., 1987 ж.) шығармалары да ұрпаққа аманат.

 

Шығармашылығы Қазақстанның заманауи гобелен өнерінде ерекше орын алатын суретшілердің бірі Батима Зәуірбекова болып табылады. Ол – тек өзіне ғана тән шығармашылық қолтаңбасы бар, барша мойындаған қас шебер.

 

Музей коллекциясындағы Б.Зәуірбекованың «Бейбітшілік аспаны» (200 x 207 см, 1977 ж.) атты жұмысы монументалды-сәндік стильде орындалған. Суретшінің жасыл түсті керемет құбылта, құлпырта қолдануы оның «Мелодия» атты (200 x 265 см, 2002 ж.) еңбегінде айқын байқалады: жасылдың қараға тым жақын ең қою реңкінен бастап өте ашық жасыл түске дейін сатылы ауысуы тоқыма бұйымға ерекше ырғақ және ішкі динамика беріп тұр.

 

Жас қыздар, қалыңдықтар, әйелдердің нұрлы бейнелері Б.Зәуірбекованың шығармашылығының орталық тақырыбы болып табылады: «Әйгерім» (150,5 x 70 см, 1996 ж.), «Қыз бен құс» (111 x 89 см, 1997 ж.). Ол өз кейіпкерлерін сүйеді, оларға сүйсінеді, қастерлейді, Ұмай-Ананың түпкі бейнесіндей көріп, өз туындыларында оны көрсете білген.

 

«Батима Заурбекованың шығармашылығының ұлттық сипаты ерекше терең, сонымен қатар осы заманға сай. Ол қазақстандық сәндік-қолданбалы өнер саласындағы тарих тереңіне көз жүгіртіп, көне этносимволдарды жаңаша түсінуге талпынатын суретшілердің бірі».

 

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің мойындалуы суретшілердің «Шығармашылық энергиясының жарылысына» ықпал етті және ол туындының жаңа композициялық синтаксисінің жасалуынан көрінді, бұл кезең «Ұлттық романтизм» деп аталды. Суретшінің жұмыстарына метафоралық, мифологиялық образдар мен архетиптерге қызығушылық, композициялық жаңалықтар, стильдің сан алуандығы тәрізді қасиеттер тән болды. Қазақ халқына тән символика мен бейнелі ойлау қабілеті бейнелеу өнерінің шексіз мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланатын тықыр кілем тоқу өнері қызығушылықпен ұштасып жатты.

 

Қазақстанға танымал көркем тоқыма шеберлері Әлібай және Сәуле Бапановтар гобелен өнеріндегі «Минимализм эстетикасы» мәдени феноменінің негізін қалаушылар болып табылады. Олардың қолдан тоқу техникасымен жасалған туындыларының өздеріне тән ерекше авторлық стилі бар. Музей коллекциясындағы Ә.Бапановтың «Сақина салу» (250 x 190 см, 2005 ж.) гобеленінің фоны тігінен түсіп бірнеше рет қайталанатын терракота, сары, сұр, қызғылт сары түсті жолақтарға қой, түйе, ұшқан құс, ешкі, киіз үй, киелі ағаштың нобайланған кескіндері тепе-тең ырғақпен орналасқан түрлі түсті жолақтардан тұрады. Бұл жұмыста «Тарихи жад» көз алдымызға дәстүрлі қолөнер бұйымы алашаның композициялық және реңктік құрылымын алып келеді, бірақ дәстүрлі тоқымашылық ою-өрнектің орнына суретші бейнелі символдық кескіндерді қолданған. Жолақтар мен кескіндердің фонында бір-біріне қарсы отырған екі бейне, қыз бен жігіт жеңіл сызықтық кескінмен гобеленнің тұла бойын ала орналастырылған. Бұл композицияда екі жастың бірін-бірі сақина салып қалауы, бейненің өрнекке айналып, өрнектің бейнеге айналуымен ерекшеленеді.

 

Қазақ гобелен өнеріне тән көркем тоқыма әдістерінің бірі аралас тоқыма, яғни тықыр тоқу мен түкті тоқыманы араластыра қолдану. Бұл құбылыстың қайнар көзі тағы да қазақ халқының қолданбалы өнерінің бай дәстүрінде жатқанын байқаймыз. Осыны негізге ала отырып, суретшілер заманауи бейнелеу эстетикасында өте көркем шығармалар жасауда. Аралас тоқу әдісін қолдану арқылы құбылмалы реңк беру, сол арқылы бейнені ерекшелеу А.Бекқұлованың «Наурыз» (207 x 100 см, 2002 ж.) атты шығармасында анық көрінеді.

 

Гобелендерге архаикалық сипат беріп, қазақ кілемдеріне тән ұлттық ерекшелік қосып тұратын, гобелен шеберлерінің тоқылған туындыларды безендіруде қолданған тәсілдерінің бірі сәндік шашақтар. Осындай тәсілмен безендірілген музей қорындағы Р.Садығұловтың «Земля поклонись человеку!» триптихы (180x175 см, 200x300 см, 180x275 см, 1997 ж.), сондай-ақ суретші Н.Қарымсақовтың «Ақ Орда», «Бәйтерек» (550x350 см, 2008 ж.) диптих гобелендерінің сәндік шашақтарының реңктері дайын бұйыммен үйлесімді көрінуі үшін туындының жалпы колоритіне жақындатылып таңдалған. Мұндай шашақтар ұзындығы мен қалыңдығы бойынша алуан түрлі болады және дайын туындының физикалық өлшемінің нәзік түрленуіне ықпал етеді.

 

Мысалы, шаршы пішіндес гобеленге мұндай шашақ вертикальды формат береді.

 

Бүгінгі күні қолдан тоқылған туындыларды безендіруде мұндай тәсіл өте сирек кездеседі. Бұл заманауи интерьерлер дизайны бойынша эстетикалық нормалардың өзгеруімен де, сонымен қатар холст тәрізді гобелендердің көпшілігінің де көргішке керілетіндігімен, ал жұмыстың шеттері картиналардың мәнерімен көркем багетпен жиектелетіндігімен да байланысты.

 

Дәстүрлі көшпелі мәдениетке тиесілі сюжеттер мен образдардың алуан түрлілігі заманауи қазақ гобеленінде өз көрінісін тапты. Суретшілер үшін аңыздық тұлғалар, киелі жерлер, салт-дәстүрлер, салт атты батырлар мен жылқы тақырыбы ең сүйікті және қасиетті мағынаға ие образдар болып қала береді. А.Ахметов «Ғасырлар үні» триптих, Ә.Беспалинов «Қорқыт» (8-сурет), «Шеру», М.Ержанов «Кездесу» т.т.

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі экспозициясының заманауи жауһарына айналған, алыстан мен мұндалап көз тартатын көркем тоқыма туындысы суретшілер М.Мұқанов пен А.Жамханның «Қазақстан халқы ассамблеясы» (425x590 см, 2016 ж.) гобелені музей қорына 2016 жылы қабылданған болатын.

 

Қазақстан халқы ассамблеясы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен құрылғаны баршаға мәлім. Гобеленнің орталығында қазақ, поляк, орыс, неміс, корей, украин, өзбек және тағы басқа халықтардың өкілдері аясында Елбасымыздың бейнеленуі заңдылық. Сонымен қатар, Ассамблея эмблемасымен бірге Ақ Орда, Астана көріністері, қазақ киіз үйін бекітіп тұратын ою-өрнекті басқұрлар бейнеленген. Қазақстанның алдыңғы қатарлы көркем тоқыма шеберлерінің алты ай тер төккен гобелені реализм мен көркемдік қатар пайдаланылған посткеңестік монументальдық стильде орындалған.

 

Қазіргі кезде гобелен шеберлері шағын камералық форматтағы туындылар жасайды. Заманауи гобелен шеберлері кез-келген интерьерге жараса кететін бейтарап суреттер салуға тырысады. Осы үдерістер негізінде гобелен өнерінде, нақтырақ айтқанда Қазақстандағы көркем тоқыма өнерінде мәдени феномендер пайда болып жатқан Өнердегі ұлттық өзгешілік – қайсыбір ұлттың өзінің тарихи қалыптасқан және халық өмірінде терең бойлаған ерекшеліктерін көрсетеді. Суретшілер өздерінің бүгінгі шығармашылық тұжырымдамаларының мәнін халықтың рухани және көркем құндылықтарын сақтап келе жатқан қазақ қолданбалы өнері дәстүрлерімен сабақтастықта деп біледі.

 

Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: