Қазақ халқының көркемөнер дәстүрлері туралы не білеміз?

30 Қазан 2021, 13:35 12332

Көркем мұралар

 

Талай ғасырлар бойы даламен сырласып көшіп-қонып жүрген халық, табиғаттан сұлулықты тани біліп, бояуларды табиғатпен астастыра қолданды. Ақ отаудың киізіне басылған қызыл ою халқымыздың ақ жарқын бейнесіндей сәнді де көңілді рай танытады. Аты бимәлім көптеген халық шеберлерінің қолтаңбалары ғасырдан-ғасырға мұра болып таралып келеді. Бүгінгі материалымызда Н.Оразбаеваның «Қазақ халқының сәндік ою-өрнек өнері» атты еңбегіне сондай-ақ Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музей ұсынған деректертерге сүйене отырып, дархан даламыздың байырғы дәстүрлеріне шолу жасаймыз.

 

Этнографиялық мұралар

Жалпы, Қазақстандағы Мемлекеттік орталық музейдің алтын қорында қазақ халқының ең таңдамалы деген 5000-нан астам көркем безендірілген ұлттық көне бұйымдардың түрлері сақталған. Музейдегі этнографиялық байлықтар – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басынан бастап, бүгінгі күнге дейін жинақталып келген мұралар. Кеңес өкіметінің алғашқы күнінен бастап-ақ өзінің тұрмыс-жағдайын жақсартуға теңдік алған қазақ халқының мәдени көне байлықтарын жинақтап, жарыққа шығарып, дамытуына мүмкіндігі артты. 1921 жылдың 10 қаңтарында ҚазЦИК-тің Қазақстанның тұңғыш астанасы – Орынбор қаласында Мемлекеттік орталық музей ашу туралы қаулысы жарық көрді.

 

Бірінші болып Неплюевский кадет корпусының Орта және Кіші жүз бойынша жинаған материалдары музейге тапсырылды. Сондай-ақ, Торғай облысы тұрғындарының күнделікті үй-тұрмысында қолданатын бұйымдарының негізінде Александр Иванович Добросмысловтың жинаған мәліметтері де музейге түскен алғашқы материалдардың бірі болды.

 

Музейге этнографиялық мұралардың негізі болып, Орынбор музейінің қызметкері, тарих-этнография меңгерушісі А.Четыркина мен Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметкері А.Мелковтың 1922-1926 жылдары жинаған бай мұралары алынды. Бұл іріктелген этнографиялық материалдардың ішінде Ақтөбе, Қостанай, Гурьев, Орынбор, Семей облыстарынан жиналған қолөнер туындылары бар еді.

 

Кейінірек Жетісу жерінен де көптеген өнер-заттары табылды. Соның ішінде, профессор В.Кун мен орталық музейдің ғылыми қызметкері А.Омаровтың Асы өзені бойынан 1930 жылы тапқан жаңа дүниелері музейді тағы бір тың деректерімен байыта түсті. Бұл аталған көне мұралардың қатарында жүзден астам әртүрлі этнографиялық салаларға жататын үй бұйымдары, шаруашылық құрал-саймандар мен аспаптар, киім-кешек және тағы басқа заттар бар еді. Осы табылған заттар қазақтың тек қызыл-берік руына ғана тән. Мұндағы негізгі белгілер рудың шығу тегін, елін, жерін, уақытын білдіретін.

 

Дәл қазіргі кезеңде халықтың байырғы көркем өнеріне, ұлттық бейнелеу тәсіліне баса назар аударылып, зерттеліп жатыр. Халқымыздың ежелгі зергерлік дәстүрінің негізінде елімізде де көркемөнердің – керамика, графика, сәулет сияқты салалары мен жеңіл өнеркәсіптің – кілем тоқу, тағы басқа түрлері өте жақсы қарқынмен дамып келеді.

Тұс киіз

Қазақтың халық шеберлерінің қатты көңіл бөліп, сәндеп безендірген бұйымдарының бір түрі – тұс киіз. Тұс киізді де киіз үстіне ақ, қара, қызыл шұғадан өрнектеп дайындаған. Орталық музейдің мұраларының қатарында алтын жіппен (зерлі) тігілген бір-ақ тұс киіз ұшырасады. Ол сирек кездесетін бағалы еңбек және найман руынан шыққан Семей облысының Көкпекті ауданының тұрғыны Нұрзада Токинаның қолынан шыққан.

 

Оюшы тұс киіз тігудің бұрын-соңды келе жатқан дәстүрінен шығып кетпеген. Тұс киізді қызыл және қара мақпалдың қиығынан құрап тіккен. Қара мен қызыл мақпалдың қосылар тұсына жалпақ үлбіреген гүлді жібектен тағы қиық түсірген. Ортаңғы қызыл мақпал үстінен түрлі түсті жіппен тамбур әдісін қолдана отырып ашылған гүл қауашығы тектес кесте басылған. Кестенің тігілу мәнері қиын емес, жіңішке сабағы майысып иіліп бас жарған қызғалдақтың ортасынан жарылған кескіні кестеленген. Гүл қауашағын ортасынан жарып көрсету қазақ оюларында бұрыннан бар дәстүр.

 

Осы тұста тамбур тәсілді кесте туралы бірер сөз тарта кетсек, ол жалпы халық тілінде «Біз кесте» деп аталады. Гүл шоғының үлгісін сырттай (жағалай) шалып тігіп бейнелеген соң оның ішіне жаппай бізбен қатарлап тігіс түсіріп жапырақ бейнесін тігіспен бояп шығады. Сәнді көріну үшін кейде жапырақ ішін әртүрлі жіппен шалады. Біз әңгімелеп отырған тұс киіздің ортаңғы бөлігіне қызыл мақпал үстіне осындай «Біз кесте» шегілген. Ал қара мақпал үстіне өрнекті зерлеп басқан. Ал өрнектің орналасу тәсілі бір-бірімен жалғасқан тұтас жаппай ою емес, «Жүрек» бейнелі оқалы тігіспен қоршалған жекелеген әдемі гүл шоқтарынан тұрады. Қара мақпалға зерлеп тігілген кесте айшықты өң береді. Ортадағы жарқыраған қызыл түстегі кесте мен сыртқы бояу бір үндестік тауып тұс киізді құлпыртып көрсетеді. Тұс киіз шеті қымбат аң терісімен жұрындалған. Тұс киіз бағасын бұл да арттыра түседі. Тұс киіздің орта тұсында алтын жіппен, араб әрпімен тігілген ісмердің аты бар. Бұдан шебердің аты-жөнін білу мүмкіндігі туды.

 

Мұндай бағалы тұс киіздер қызға жасау ретінде жасалады. Отау үйдің көркі болатын, мұндай жасаудың атқарар тағы бір міндеті бар. Ол – жас келінді тіл-көзден, жат пиғылдан қорғайды – деген халық сенімі. Осындай қорғаушы міндетті атқарар халық ұғымында тағы бір қасиетті зат – үкі. Қазақтар үкіні ырымдап қыз бұрымына, сәукелеге, жаңа туған сәбидің бесігі мен жас келіннің шымылдық, тұс киізіне қадаған. Үкі XIX ғасырдың соңында жасалған тұс киізден де кездеседі.

 

Тұс киізде еш дерек болмағанмен оны XVIII ғасырдың соңы XIX ғасырдың басындағы мұралардың қатарына қосқан дұрыс. Теріге ою үлкен бір мәнермен, мазмұнмен әсем өрнектеліп түскен. Тұс киіздің күңгірт бірбеткей өңін жарқылдаған күміс ашып тұр. Теріден мұндай әсем көркемделген бұйым жасауды меңгерген халықтың теріні пайдаға асыруды ертеден-ақ игергенін ұғу қиын емес.

 

Қазақ халқы теріден үй тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылық қажетіне жарайтын әртүрлі: еркектің сыртқы киім-кешегі, ер-тұрман, қамыт сайман, айыл әбзелдерін, азық-түлік қаптарын, сұйық сақтайтын ыдыстарды жасаған. Әсіресе көнек, торсықтар өзіне лайық үлгілерімен безендірілген. Теріге басылатын күрделі оюлар өсімдік тектес шиырлы да, не ыдыстың түріне қарай тұйықталған шағын да болып келеді.

 

Теріден жабдық даярлауда үлкен табысқа жетіп, көркемөнерге бір сала ретінде үлес қосқан, Талдықорған облысының шеберлерін айтпауға болмайды. Ертедегі халық дәстүрінің кейбір бөлшегі бүгінде басқа мазмұнда жүзеге асып отыр.

Кілем тоқу дәстүрі

Көп облыстарда үй шаруашылығындағы әйелдер қой немесе түйе жүнінен иіріп, бояп, киіз үйдің ішін жабдықтауға бау, басқұр, алаша, тақыр кілем (терме алаша), қоржын, жабу тоқыған. Қазақстанның оңтүстік, батыс аудандарында, сондай-ақ Қызылорда облысының бәрінде дерлік қазірде түкті кілем тоқу дәстүрі кең тараған.

 

Басқұр, алаша, тақыр, түкті кілем бәрінің де негізі бір – бәрі де өрмек тоқуға негізделген. Сондықтан оны термелеп, өрнек салып әсемдеп тоқиды. Басқұрға өрнек тоқу кезінде салынып отырады. Ол үшін өрнек тақтасының екі бетіне әртүрлі айшықты өң беретін сәнді жіптер жүгіртіледі. Тоқу кезінде осы жіптерді жұптап іліп алып, белгілі бір өрнек салып отырады. Бірнеше құлаш басқұрды теңдей етіп, бөліп қатарынан құраса, әдемі терме алаша болып шығады. Көбіне өрнектің көз тартар жағын қарастырып, тақтаның бір бетіне қызыл, бір бетіне көк жіп жүгіртеді. Сонда қызыл түс үстінде көк, көк түс үстінде қызыл өрнек орын алады. Мұндай қарапайым әдісті пайдаланғанда өрнек те бір сарынды, екі түстің қайталануынан ғана жасалып отырады. Мұндай тоқыма (алаша) бұйымдарды күнделікті тұрмыста, қазір де көп пайдаланады.

 

Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында өрмек тоқуда ертеден келе жатқан кежім теру, яғни, бухар теру әдісі қолданылады. Бұлай терілген алаша, жабулардың үстіңгі беті тегіс, айшықты өрнектелген сәнді келеді. Тақта сайын түскен өрнек, алаша бетін тұтас жауып нәзік бір келісті өң береді. Алашаға терілер мәнер өрмекшінің ой-қиялы мен тапқырлығына байланысты. Қошқар мүйіз, тұмарша, тарақ, ирек, шырша, ромбы және тағы басқа сияқты жалпы киіз бұйымдарға қолданылатын өрнек элементтері алашада да кездеседі. Кежім теру әдісімен тоқылған қазақы алашалар өзінің тоқылу, өрнектелу, сипаты жағынан, қарақалпақ, қырғыз, өзбектің алаша бұйымдарына өте жақын.

 

Қазақстанның Орталық музейінің қорында сақталған, Шымкент облысында жасалған, орама кесте әдісімен тоқылған бір алаша басқалардан ерекше. Оның сәнді терілген термесі, көз қуантар айшықты бояуы басқаларға қарағанда әдемі әсер қалдырады.

 

Орталық музейдің қорындағы сәндік ақ басқұр осындай күрделі үлгінің бірі. Орама кесте әдісімен терілген алаша бұйымдары дайындалуы жағынан қырғыз, қарақалпақ, түрікмен бұйымдарына өте жақын. Ақ басқұр тоқу ісін Қызылорда, Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстарының тұрғындары өте жетік меңгерген. Олардың әрқайсысы өз тараптарынан басқұр тоқу өнеріне бірнеше жаңа қосымшалар енгізіп, байыта түсті. Геометриялық дәлдікпен салынған әртүрлі ромбы, үшбұрыш, төрттекше өрнектерден басқа өсімдік тектес өрнектер де басқұрға көп қолданылды. Әсіресе ширатылған ұзын гүл сабақтарын жиі көруге болады. Тақтаға түскен ою ұзынынан да, көлденеңінен де қатаң дәлме-дәл орналасады.

 

Халық шеберлері табиғаттың мол байлығын өздерінің күнделікті тұрмысында қажетке жаратуға бой ұсына бастағанын ертеден-ақ білеміз. Соған керегеге тұтылар киізді шимен ауыстырғаны қарапайым ғана мысал бола алады. Даланың шиін өріп (тоқып) кәдеге жарату қиын да жұмыс болмағанмен оны көркемдеп, мәнерлеп әдемі «Кілем» іспетті дүние ету оңай да іс емес. Шиге салынар өрнек киіз бұйымдарына салынар мәнердей күрделі болмағанмен бояуының ашық, өрнек-оюларының анық, айшықтылығымен көрушіге жақсы әсер берері сөзсіз. Шиді кереге мен киіз аралығына құрады. Жаздың ыстық күндері киіз үйдің іргесін түріп тастап, тек шимен ғана жауып қояды. Шиден ауа жақсы өтетіндіктен үйдегілерге даладан салқын леп соғуына мүмкіндік туады. Сондай-ақ шиді қазан-ошақ жаққа да пайдаланған.

 

 

Зергерлік өнер

Қазақ халқының атадан балаға таралып келе жатқан тағы бір өнері – зергерлік. Халық таланттары – зергерлер металды әшекей бұйымына айландыруда өте биік талғаммен қарап, қолданылар орнына қарай өзіндік нақыштарды таба білді. Әйелдердің түрлі жүзік, білезік, алқа, сырға, шолпы секілді сәндік әшекейлерімен қатар, белбеу, аттың айыл-әбзелдері, төсек, әбдіре сынды үй мүліктері бәрі-бәрі алтын, күміс, сүйекпен нақышталып, өрнектеліп, безендіріледі. Соның ішінде әсіресе күміс көп қолданылған. Талғамы биік халық таланттары күмістің қасиеті мен қадірін ескере отырып, орнын тауып қолдана білді. Қазақ зергерлерінің қолынан шыққан заттар – қарапайым да сәнді, оюлары мен нақыштарының анық, байсалды да байыпты өрнектелуімен ерекшеленеді. Оларға әсіресе қызыл, арзанқол әшекей мен әлем-жәлем бояу жат. Күмісті көркемдік құралына айналдыруда зергерлер пайдаланар жеріне қарай нақыштау, бедерлеу, қалып арқылы дайындау, ойып күміс орнату, күміске ақық тас орнату, қарайту сияқты түрлі әдіс-тәсілдер қолданды.

 

Күмісті нақыштау мен бедерлеу Оңтүстік Қазақстанда көп қолданылды, ал Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында өте шебер зерленген бұйымдар кездеседі. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ жерінде күмісті қарайтып безендіру кеңінен таралды. Күмісті бұлай көркемдеуді қазақ шеберлері Кавказ зергерлерінен қабылдап, өздерінше дамытып, байыта түсуі мүмкін. Қазақ арасында «Кавказ белдік» атты белбеудің қарайтылған күміспен әшекейленуі, оның «Кавказ белдік» аталуы бізді осы пікірге әкеледі. XX ғасырдың басында Қарқаралы, Баянауыл және Орталық Қазақстан зергерлерінің күмісті қарайтып әшекейге пайдаланумен даңқтары артты.

 

Түйіршік қымбат таспен безендірілген әшекей бұйымы негізінен Батыс Қазақстанда жасалды. Қызылорда облысында негізгі асыл темірмен орнатылар түйір тастар бір-біріне түс жағынан өте жақын келеді. Қазақ зергерлерінің қолынан шыққан әйелдердің әшекей бұйымдары да қарапайым, жеңіл нақыштарымен ерекшеленеді. Көбіне өсімдік тектес өрнекті келеді. Музейдегі әйелдердің түрлі әшекей бұйымдарының ішінде Батыс Қазақстан зергерлерінің қалдырған сәндік заттары өз алдына бір төбе. Олар сыртқы түрімен де, жасалу ерекшеліктерімен де басқаларға ұқсамайды. Той-думандарда, ойын-сауықта әйелдер тағынар сәндік әшекейлерге: өңіржиек – ақық тас орнатылған күміс баулы екі жақ өңірге тағылар әшекей, 1-ден 3-ке дейін ақық тастан көзі бар білезік, сондай қымбат тасты жүзік, салпыншақ сырға (қоза сырға), әдемі түймелер жатады. Бұл аталғандардың бәрі де өте нәзіктікпен шебер дайындалатын болған.

 

Әшекейлік заттар түрі, келісті нақышы жағынан түрікмен, қарақалпақ зергерлік бұйымдарына өте ұқсайды, дегенмен әрқайсысына тән өзіндік ұлттық айырмалары жоқ емес.

 

Беті тегіс келген күміс әшекей бұйымы бетіне тұтастай майда түйіршік тастардан өрнек салынатын болған. Бертін келе кейбір шеберлер әшекей бұйымының бетіне алтын жалатып, үстін ақық таспен безендіре бастады. Бұл алтынның аз кетуіне мүмкіндік береді. Осы айтылған әдісті алғаш рет Батыс Қазақстан облыстары – Гурьев, Орал, Ақтөбе зергерлері қолданып, жүзеге асырды. Бұлардың көбі адай руының өкілдері еді. Батыста аты ел аузында қалған бірнеше халық шеберлерінің есімін бүгінгі ұрпақ үлкен ілтипатпен атап құрмет тұтады.

 

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап зергерлік өнер қолөнердің негізгі бір саласына айналып өркен жайды. Шеберлер тек өтініш, тапсырма бойынша ғана емес, саудалау үшін де зергерлік бұйымдар шығара бастады. Оларды көбіне малға айырбастайды. Орталық Мемлекеттік музейдің қорындағы Батыс Қазақстан шеберлері дайындаған 27 зергерлік әшекей заттары сақталған. 9 өңіржиек, 8 білезік, 5 жүзік, 2 түйме, 3 жұп сырға. Бұл мұралардың жасалу мерзімі XIX ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Музейдегі бағалы зергерлік бұйымдардың ішінде Гурьев облысында 1910 жылы соғылған өңіржиек ерекше назар аударарлық. Өңіржиек нақышталуы, соғылуы жағынан нәзік шебер көркемделген. Өңіржиектің бетіне алтын жалатылып, ақық тас орнатылған. Өңіржиектің шетін жағалай үш бұрыш тектес қатарланған түйір тастан тағы өрнегі бар. Өңіржиектің қалған ашық жерлеріне тағы алты жапырақты гүл қауашығы салынған. Алқаның әрбір тасының төменгі жағына күміс бауға салпыншақ түймелер қадалған. Өңіржиектің әдемілігі мен құндылылығы сонда – оның әрбір бөлігі шебер нақышталып көркем өрнектелген ғой. Қарап отырсаңыз ең бір кішкене деген бөлшегіне дейін нәзік өрнекпен безендірілген. Осының өзі халық шеберлерінің қолынан келер ғажап нәзік нақышты бұйымдардың шыққанын дәлелдейді.

 

Көркемдік дәрежесі мен нәзіктік те асқан шеберлікпен нақышталуы жағынан Гурьев облысында күмістен жасалған қос білезік ерекше сипатты, бағалы заттар. Білезіктің күмісі де қоспасыз, жарқылдаған таза күміс. Ірі түйіршікті күміспен бетінен әр түрлі формада өрнек салынып, әр жерден «Көз» орнатылған, оның да беті нақышталған. Білезіктің өзіне көзі, әшекейі сай келіп, көрер көзге әдемі, сәнді де қарапайым көрінеді. Бүгінгі әшекей бұйымдарында кездеспейтін тағы бір зергерлік көркем заттың бірі – құдағи жүзік. Музей қорларының ішінде Адай руының зергерлері соққан бағалы бір құдағи жүзік сақталған. Ал осындай құдағи жүзік Қазақстанның барлық жерінде бола бермеген. Құдағи жүзіктің атқарар міндеті, ерекше белгісі болған. Ол өте үлкен сый-құрметтің, ілтипаттың айғағындай. Бұндай жүзіктің соғылуы да ерекше. Жүзік екі саусаққа қатар киілер – екі шеңберден тұрады. Оның көркемделуі мен ақық тастары да бағалы болған. Мұндай жүзіктер қазір сирек кездеседі. Ертеректе қолданғанда, оның өзінің мәнісі болды. Мұндай жүзікті қалыңдықтың шешесі күйеу жігіттің шешесіне сыйлар еді. Екі жүзіктің біріктірілуі жаңадан отау тіккен екі жастың ендігі жерде осы жүзіктей қатар баянды өмір сүруін тілейтіндей. Сондықтан да бұл жүзік – құдағи жүзік деп аталады.

 

Әйелдер тағар әшекейдің бірі сырға, халық таланттары қалдырған сырғаның алуан үлгілері бар. Олар да таза алтын, күмістен соғылып, әртүрлі нақышталып, гауһар, ақық тас орнатылып безендірілген. Оның қайсыбіреулері тіпті иыққа дейін түсіп тұрады. Ал ондай ауыр сырғаларды құлақтың артына бұрымға тағып қоятын болған.

 

Біз жоғарыда сөз еткен әшекей бұйымдарының бәрі де Батыс Қазақстан зергерлерінің қалдырған мұраларына негізделді. Олардағы өрнек мәнері, көркемдеу тәсілдері қазақ оюларын толықтырар, соған келіп қосылар бір арна іспетті. Зергерлік бұйымдардағы қолданылар өрнектер, нақыштар, үлгілер қазақ оюларына тән қошқар мүйіз, тұмарша, киік мүйіз, ирек, өсімдік сипатты элементтерге бай.

 

Музейдегі металл (зергерлік) бұйымдарды жекелей алып, талдап қарағанда олардың безендірілуі мен көркемделуінде IV-V ғасырдан қалған қазақ жерінде табылған көне мұралармен ұқсас жақтарының бар екені анықталып отыр. Әсіресе, Бурабай, Қанаттас, Қарағаш жерінен табылған алтын қазбалардағы әшекеймен жақын екені таң қалдырады. Сонда он төрт ғасыр бойы халық шеберлері алдыңғы ата дәстүрін бұзбай қабылдап, тіпті, зергерлік бұйымдардың соғылуындағы, қолданылуындағы, әшекейленуіндегі белгілі бір сақталған заңдылықтары таңдандырмай қоймайды. Әсіресе, қымбатты тастармен безендірілуі мен ұсақ металл түйіршіктермен нақыштауы, өрнектерінің сипаты жағынан жақындығы көрер көзге анық байқалады.

Сүйектен ойып бедерлеп өрнек түсіру

Халқымыздың ерте ғасырдан келе жатқан өзіндік көркемөнерінің тағы бір түрі сүйектен ойып бедерлеп өрнек түсіру. Қазақ даласынан табылған көне байлықтар – әшекейлі сәндік бұйымдар, аттың айыл-тұрман әбзелдері, тіпті тас дәуірінің соңғы кезінің мүліктері екенін білдіреді. Сүйекпен ағаш бұйымдардың бетін, аттың ер-тұрманын, музыкалық аспаптардың бетін безендіреді.

 

Шебер сүйекті өрнектеп болған соң оны әшекейлейтін қажетті заттардың бетіне майда күміс шегелермен шегелейді. Шегелемес бұрын әшекейленер бұйымның да беті өңделіп, яғни өрнек сүйек формасын үңгіп алып тастап, сол араға сүйекті апарып шегелейді. Сонда өрнектелер заттың (төсек, сандық болсын) беті тегіс болады.

 

Көп жерде өрнектелер нәрсенің бетін тұтастай жұқа сүйектен қаптап тастайды. Содан кейін әр сүйек сынықтарына (сүйек ешқашан тұтастай бүтін емес бірнеше сынықтан құралған болады) жекелей өрнек түседі. Сүйекпен әшекейленген бұйымдарындағы өрнектерінің түрі, құрылысы, мазмұны жағынан киіз оюларына өте ұқсас.

 

Кейбір қымбат бұйымдарды безендіргенде сүйек пен күміс қатар қолданылды. Өрнекті сүйек сынықтары, бедерлі күміспен алмастырып пайдаланылды. Қазақстанның Орталық музейінде осы аталғандай күміспен, сүйекпен қатар көркем өрнектелген заттар көп.

 

Халық арасында сүйектен жасайтын шеберлердің жұмысы қатты бағаланады. Сүйекпен өрнектелген ағаш бұйымдары тек өте ауқатты үйлерден ғана кездеседі.

Ағаштан түйме түю

Ағаштан түйме түю де халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерлерінің бірі. Ағаштан ою оятын шеберлерді халық «Ағаш ұстасы» деп атайды. Халық арасынан шыққан сүйектен жасайтын шеберлер де, ағаш ұсталары да ер адамдар болған. Ағаштан ойылар оюдың да өзіндік әдіс-тәсіліне байланысты түрлері болған. Бүгінде музейдегі ағаш бұйымдардың көркемделуін зерттей келе ағаштың бетін көркемдеудің бірнеше түрлерін ашуға мүмкіндік бар. Батыс Қазақстанда ойылу тәсілі бір түрлі болса, Орталық Қазақстанда, Оңтүстікте басқаша. Қайсыбіреулерінде ағаштан ою тік ойылып алынса, ал кейбірінен үшкілденіп келген жатық оюлар ұшырасады. Көзге айшықты көріну үшін ағаш оюлар да боялды. Олар көбіне қызыл, сары, көк, жасыл түске боялатын. Ал оюдың ойылар әдісі түрлі болғанмен, түсер ою үлгісі жалпы қазақтың оюларына тән сипаттан шығып кетпейді. Өсімдік тектес көп шиырлы өрнектер тақтай бетіне жұқалап қана түсірілетін, мәнердің сыртқы сызықтары ғана қылыңырақ ойылып жүргізіледі. Халық шеберлерінің жоғары дәрежеге жеткізе өрнектеген ағаш оюын Орталық музейдің қорында ертеден сақталып келе жатқан тиянақ ағаш жастықтан да көруге болады. Оюдың, бұйымның қолданылар жеріне қарай таңдалып алынғаны, көркемдеп сәндік мәнерде байыта түскені бізді еріксіз өзіне баурап алды. Бұл мәнердің батыстың ағаш ұсталарының қолынан шыққанын да, анықтап қарастырса, байқау қиын емес.

 

Үш бұрыштап (сүйірлеп) ойылған оюлар киіз үйдің есігі мен кәсегін мәнерлеуде көп қолданылады. Киіз үйге ортасынан ашылатын әдемі өрнекпен мәнерленген, ащық түске боялған (көбіне қызыл) есіктер салынды. Оның өрнегі әр жерде әр түрлі болған. Көркемдеудің тәсілі, оюларының сипаты жағынан Батыс Қазақстанда жасалатын киіз үйдің есік, кәсектері қарақалпақтардың қолданар есіктеріне ұқсас келеді.

 

Маңғыстау тұрғындарының жасайтын есіктерінің өрнегі аздап басқарақ. Оларда есікті бойлай ойылған оюларды басқа түсті бояумен сырлау кең қолданылды. Есік ашық сары түспен сырланып, мәнері қоңыр қызыл түспен боялады.

 

Орталық Қазақстанда ағаштан оюланған бұйымдар сирек ұшырасады, мұнда ағаш бетін сүйекпен айшықтау көп тараған.

 

Оңтүстік Қазақстанда ағашты мәнерлеп оюда жайдақтата ойылатын әдіс қолданылды.

 

Халық шеберлері ағаштан ойып әр түрлі ыдыстар да дайындайтын. Астау, тостаған, ожаулардың алуан түрлерін жасаған. Соның бірі қайыңнан ойылып істелген қымыз ішетін тостаған. Тостағанды қолға ұстауға жеңіл әрі ыңғайлы жұқа етіп ояды. Қонаққа қымыз ұсынар тостағандарды күміс түйіршігімен және ірі асыл тастармен нақыштайтын еді.

 

Күнделікті тұрмыста қолданылар шар табақ сияқты ағаш ыдыстарды мәнерлеп өрнектеу сирек кездеседі. Аяқ-табақтардың қыз жасауға, не құрметті қонаққа арналатындары күміспен нақышталатын. Әшекейлеуде кейде күмістің қарайтылған түрі қолданылды.

 

Ойылып жасалатын ағаш бұйымдарын кейін токарьлық станоктарда жонып та жасайтын болды. Бұларда ешбір мәнерлі өрнек ұшыраспайды.

 

Халқымыздың өнерпаз дәстүрі бүгін де өркендеп отыр. Әйелдер күнделікті тұрмыста да жүн иіріп, алаша, кілем тоқиды. Олардың ою-өрнектерінде жаңаша сипаттар пайда болды. Қазір қыздар кестесінде самолет, ракета, космос, су кемелерінің, трактор, комбайн суреттерін бейнелейді. Халқымызға тән ашық түсті бояулар реңі құлпырта қолданылады. Ұлттық ою-өрнектерді қазіргі күнделікті тұрмысымызға ендіруге еліміздің суретшілері, өнер саласының қызметкерлері ат салыса еңбек етуде. Көне мұралардағы оюларды бүгінде Алматы кілем тоқу фабрикасының тоқыған кілемдерінен, керамикалық заттардан, түрлі әшекей бұйымдарынан қазір де көптеп көруге болады.

Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: