26 Шілде 2016, 06:45
Жыл сайын Ресей Федерациясында өтетін Халықаралық армия ойындары биыл да жалғасын таппақ. Байрақты әскери бәсекенің беделі де ТМД және әлем жұртшылығына белгілі. Ең бастысы, бұл додада қазақстандық әскери қызметшілер өздерінің белсенділіктерін мойындатып келеді. Біздің Қарулы Күштеріміз, әсіресе, «Танк биатлоны» мен «Авиадартс» әуе сайысында қарсыластарын қаймықтырудан шаршаған емес. Тіпті, бәсекелестеріміз санаулы десек, қателесе қоймаймыз. Халықаралық доданың кешегі келбеті қандай еді, биылғы сайысқа дайындық қай деңгейде? Қандай аталымдар бойынша бақ сынаймыз? Елең еткізер жаңалықтар мен өзгерістер бар ма?
Тартысты ойын «Танк биатлонынан» басталған Халықаралық армия ойындарының тарихы әйгілі «Танк биатлонында» жатыр. Алғашқы кездері Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің өз ішінде ғана ұйымдастырылатын шара кейін келе алдымен ТМД мемлекеттеріне танылды. Оған өткен ғасырда одақтас болған өзге мемлекеттермен қатар, Қазақстан да атсалысқанын біршамамыз білеміз. Біздің сарбаздарымыз жарысқа қатысып қана қоймай, алғашқы жылдардан-ақ өздерінің әуселесі жоғары екендіктерін байқатқан. Айталық, үш жыл бұрынғы «Танк биатлоны» чемпионатында жерлестеріміз 12 елдің танкішілерімен бақ сынасып, кәсіби шеберліктерін, жауынгерлік машықтары мен командамыздың тұтастығын паш еткен. Жарысқа Қазақстан атынан «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметшілері қатысады. Төрт танк экипажынан тұратын біздің команда сайыс шарттарына сәйкес жауынгерлік көлікті жүргізу және әр түрлі қашықтықтардағы нысаналарды жою бойынша мергендіктерін дәлелдейді.
Ал өткен жылы Мәскеу облысының «Алабино» полигонында бірінші «Халықаралық армия ойындары – 2015» әлем әскерилеріне есігін айқара ашты. Байрақты бәсекеде Қазақстанның Қарулы Күштерінің командасы да бақтарын сынады. Халықаралық жарыс «Алабино» полигонында салтанатты жағдайда ашылды. Көрермендер ашылу салтанатында көне Грекияның тарихын көріп, «Батырлық даңқ» парақтарын еске түсіргенін хабарлағанымыз жадымызда. Көпшілік «Танк балеті» бірегей шоуы мен Ресей армиясы жауынгерлік техникасының парадтық шеруін тамашалап, «Ресей сайыпқырандары» жоғары пилотажды топтарының аспан төріндегі өнеріне куә болған.
Байрақты бәсекеге 17 мемлекеттің Қарулы Күштері жиналып еді. Екі апта ішінде – тамыздың 1-і мен 15-і аралығында 57 команда далалық, әуе және теңіз дағдысында мықты деген атаққа бақ сынасты. Ойын барысын Еуропа, Азия, Африка және Латын Американың алты елінен тәуелсіз бақылаушылардың 20 тобы қадағалады. Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын халықаралық жарыста әскердің үш түрінен құралған 200-ден астам әскери қызметші қорғады. Олар «Танк биатлонында», «Авиадартс» және «Каспий теңізінде» (теңіз биатлонында) өнер көрсетті. Нәтижесі мақтануға тұрарлық, алғашқы үштікке ілініп, абыройымыз асқақтаған. «Армия ойындарының негізі болып саналатын «Танк биатлоны» біздің команда үшін тың жаңалық емес. Десе де сайыстың әр жыл сайын даңғыл жолы кеңейіп, күрделі болып келеді. Өткен жылы «Танк биатлонында» қазақстандық команда екінші орын иеленген... «Авиадартсты» айтатын болсақ, оған бірінші рет қатысып отырмыз. Біздің мықты экипаждар өнер көрсетеді, жақсы нәтижелерден дәмеліміз» деген Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің үміті ақталды онда осылай.
Қатысушылардың саны жағынан армиялық ойындардың ең ірі жарысы «Танк биатлонында» қазақстандық танкішілер Ресей, Қытай, Үндістан, Ангола, Венесуэла, Кувейт, Монғолия, Никарагуа, Армения, Сербия, Тәжікстан және Қырғызстанның танкті экипаждарымен сайысқан. Ал, Қазақстан Әскери әуе күштерінің ұшқыштары МиГ-29, Су-25, Су-27 және Ми-8 ұшақтар және тікұшақтарымен ұшу шеберліктерін көрсетіп, Ресей, Беларусь және Қытайдың ұшу экипаждарымен «аспан қожайындары» атағына күресті. Каспийдің Ресей су айдындарында бұл сәтте теңізшілеріміз «Сарыарқа» және «Орал» зымыран-артиллериялық корабльдерінде және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскерлерінің бригадасы «Теңіз биатлонында» шеберліктерін көрсетіп сайысты.
«Халықаралық армия ойындары – 2015» жеңімпаздарына 480 жиынтық медаль мен 14 кубок табысталды.
Қазақстандық бес жүзден аса әскери намысымызды қорғайды
Енді кейінгі жайттарды саралап көрелік. Өткен жылдың 16-қазанында Бурабайда өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінен соң ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен екіжақты кездесу өткізген болатын. Осы басқосуда биыл өтетін Халықаралық армия ойындары төңірегінде сөз болғанын газетімізде жариялаған едік. Бұдан былай Қазақстан ТМД аумағында беделі зор армия ойындарының екі кезеңін қабылдайды. «Сайысу рухы оларға сеніп тапсырылған техника мен қару-жарақты қолданудың іс жүзіндегі аспектілерін тереңірек меңгеруге ықпал етеді. Оның үстіне мұндай іс-шаралар жеке құрамның жауынгерлік рухын арттырады. Аталған бастаманы қолдай отырып, қазақстандық тарап өзінің аумағында сайыс бөлігін ұйымдастыруға және Ресей Федерациясының аумағында 19 сайысқа қатысу үшін өздерінің өкілдерін жіберуге әзір» деген жоғарыдағы кездесу барысында Иманғали Тасмағамбетов.
Халықаралық армия ойындары жыл санап ауқымы мен маңызын арттырып келе жатқанын айттық. Қазақстан Қарулы Күштерінің әр құрылымы байрақты бәсекеден шет қалғысы жоқ. Айталық, біздің команданың құрамындағы 511 әскери қызметші 21 байқауға қатысады. Байқауға қатысу үшін іріктеу турларына шамамен 6 мың адам тартылды. Тағы сүйіншілейтін жаңалық, биылғы жылы Халықаралық армия ойындарының екі байқауы алғаш рет Қазақстан аумағында өтеді. Олар – «Артиллериялық атыс шеберлері» және «Мерген шебі» сайыстары. Бұл байқауларға көптеген елдер өздерінің қатысатынын растады. «Артиллериялық атыс шеберлері» байқауында Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Ангола. «Мерген шебі» байқауында Қазақстан, Монғолия, Қытай, Беларусь, Венесуэла, Ресей, Зимбабве, Қырғызстан, Үндістан, Иран әскерилері бақ сынасады. Үздік мергендер мен артиллерияшылардың бәсекеге түсіп, бақ сынасатын жері «Гвардейск» оқу-жаттығу полигоны болмақ. Екі байқауды өткізу үшін ол жерде қажетті инфрақұрылым дайындалып қойылды: артиллерияшылар байқауы үшін кедергілері бар ұзындығы 2 шақырым тас жолдар, мергендер байқауы үшін мерген винтовкасынан, тапаншадан оқ ату және гранаталар лақтыру үшін барлаушының соқпақ жолы мен шептерінің элементтері бар тас жол. Армия халықаралық ойындары Қазақстанның аумағында 2 тамызда басталады. Бүгінгі күні 8 мемлекет, яғни, Австрия, Алжир, Германия, Израиль, Куба, Намибия, Мьянма Одағы, Сауд Арабиясы Қазақстанға өздерінің бақылаушыларын жіберуге әзір.
Байқау қатысушыларының тамақтануы ұлттық ас мәзірінің ерекшеліктері ескеріле отырып ұйымдастырылады. Күн сайын қатысушыларға қосымша ұлттық тағамдар, яғни, бауырсақ, қымыз, шұбат, құрт, шикідей қақталған ет, жылқы етінің тілімдері (қазы-қарта, жая) ұсынылатын болады.
Жиырма әскери полигонда жарыс өтеді
Дәл қазіргі таңда ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінде іріктеу сайысы аяқталып үлгерген. Онда Ресей Федерациясы мен Қазақстанның аумағында өткізілетін 2016 жылғы Армия халықаралық ойындарына қатысу үшін үздік командалар анықталды. Биылғы ақпан мен наурыз айларында Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу полигондары аумағында Армия ойындарында байқауларды өткізуге тас жолдарды, нысандар мен кедергілерді дайындау ұйымдастырылған болатын. Бірінші кезең ішкі іріктеу болды. Оған 300 бірлік әскери техника тартылды және 6000-ға жуық әскери қызметші қатысты. Екінші кезең өңірлік қолбасшылықтар арасында өткізілді. Іріктеу сайысы барысында 2100 әскери қызметші және 200-ге тарта бірлік әскери техника қатысты. Үшінші кезең Құрлық әскерлері шеңберінде аяқталды. Оған шамамен 120 бірлік әскери техника тартылды және 1000-ға жуық әскери қызметші қатысты. ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің барлық бөлімшелері жарысты 16 байқау бойынша аяқтады. Бұлар – «Танк биатлоны», «Мерген шебі», «Десанттық взвод», «Артиллериялық атыс шеберлері», «Әскери-медициналық эстафета» және тағы басқа байқаулар. Әрбір байқау бірнеше кезең бойынша өтті. Осылайша, Құрлық әскерлерінде «Танк биатлоны-2016» ауқымды халықаралық жарысында Қазақстанның намысын қорғайтын танк экипаждары аталды. Оларда практикалық тәжірибе, кәсіби білім мен шеберліктің қажетті деңгейі бар.
Әскери қызметшілердің айтуынша, қазақстандық командада жеңіске жетуге барлық мүмкіндік бар. Себебі, «Танк биатлонының» өткен сайыстарында танкішілеріміз үнемі көшбасшылар үштігінде болды. «Танк биатлоны-2016» шілденің 30-ы мен тамыздың 13-і аралығында Мәскеу облысының «Алабино» полигонында өтеді. Оған қатысуға 17 ел ниет білдіріп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Венесуэла, Ангола, Беларусь, Иран, Әзірбайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Никарагуа және Тәжікстан. Сайыс бағдарламасы танкішілерге үш күрделі кезең дайындап отыр. Ең алдымен, жеке жарыс. Оған барлық командалар қатысады. Екініш кезеңде эстафета. Оған 12 команда қатысады. Үшінші кезең – соңғы эстафета. Мұнда жеңімпаз атағы үшін 4 мықты команда бақ сынасады. Биылғы жылы армия ойындары Ресей мен Қазақстанның шамамен 20 әскери полигонының аумағына өрістетіледі.
«Суворов қысымында» тұңғыш рет сыналамыз
Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінде Армия халықаралық ойындары шеңберінде «Каспий теңізі» теңіз биатлонына экипаждар сақадай сай, корабльдердің техникалық жай-күйі көңілден шығады. ҚР ҚК ӘТК бас қолбасшысының орынбасары 1-дәрежелі капитан Сәкен Бекжанов «Биатлонда жеңіске жету экипаждың әрбір мүшесіне байланысты. Мен теңізшілеріміздің талпынысы мен мақсатқа ұмтылуын көріп отырмын» деген болатын жуырда. «Баутино» айлағының су айдынында «Каспий теңізі – 2016» теңіз биатлонына қатысатын негізгі «Орал» зымыран-артиллериялық кораблі мен қосалқы «Сарыарқа» зымыран-артиллеиялық кораблі толық тексерілді. Корабльдердің экипаждары 33 адамды құрап отыр.
Биылғы жылы Қазақстанның әскери қызметшілері Халықаралық армия ойындары – 2016 шеңберінде алғаш рет «Суворов тегеуріні» байқауына қатысады. «Суворов қысымы» – бұл ЖӘЖМ-2-дегі жаяу әскердің ұрыс машиналары экипаждарының сайысы. Онда бірінші орын мен жеңімпаз атағы үшін біздің командаға Ресей, Қытай, Иран, Ангола және Венесуэланың әскери қызметшілерімен күш сынасуға тура келеді. Сайыс Мәскеу облысының «Алабино» оқу-жаттығу орталығында өтпек. Қатысушыларға үш кезеңнен өтуге тура келеді. Ең алдымен барлық командалардың қатысуымен жеке жарыс. Әрбір экипаж ЖӘЖМ және тікұшақ түрінде нысана бойынша автоматты зеңбіректен, қол танкіге қарсы гранатаатқыш түрінде нысана бойынша қосарланған оқшашардан оқ атуларды орындай отырып, 3-5 шақырымдық 3 шеңберден өтеді. Екінші және үшінші кезеңдер – эстафета. Оған жеке жарыста анағұрлым көп ұпай жинаған мықты командалар ғана қатысады. Шарттарға сәйкес әрбір экипаж ұзындығы 3-5 шақырымдық төрт шеңберден өтеді. Бағдарда әрбір команда қоршау және маневрлеу учаскесі түрінде бірқатар кедергілерге, өткелдерге, обаларға, атыс жолағына, танкіге қарсы орларға, сорап көпірінің сұлбасына тап болады. Одан басқа, бірнеше атыс шептерінде ЖӘЖМ экипаждарына нысаналарды, яғни, жаяу әскердің ұрыс машинасының елестету нысаналары, қол танкіге қарсы гранатаатқыш, тікұшақ, танкіге қарсы зеңбірек, жерүсті қондырғыны жою қажет болады. Бүгінгі таңда «Суворов қыспағы» байқауында Қазақстанның намысын қорғайтын экипаждар іріктеліп алынғанын айта кеткен жөн. Байқауда қазақстандық армияның намысын төрт экипаж, яки, бір-бірден 10810, 40398, 27943 әскери бөлімдерінен, сондай-ақ, 12740 әскери бөлімі қорғайды.
Әскери полиция органдарының кинологтары мен 5 қызметтік ит осы додадағы «Борыш пен адалдық» атты кинологиялық бөлімшелердің байқауына қатысуды жоспарлауда. Байқау Ресей Федерациясында өтеді және әлемнің 46 елінен бас қосқан үздік кинологиялық бөлімшелер, үздік қызметтік иттер бақ сынасатын кәсіпқойлардың ауқымды сайысы болмақ. ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасында айтылғандай, сайысқа қатысу үшін әскери полиция мен гарнизондардың қызметтік органдары санынан іріктеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта ұдайы орналасу пункттерінде, оның ішінде, Ақмол өңірлік гарнизонының Әскери полициясы жасағында кинологтар мен қызметтік иттерді белсенді түрде дайындау жүргізілуде. «Барлығы 9 қызметтік итіміз бар. Олар үйретілген, әрқайсысының жетістігі және дәрежесі бар. Иттер белгілі бір қызметті атқарады. Мәселен, олардың 5-еуі қарауыл қызметіне, 2 ит нарко-іздестіру және іздестіруге тартылған» дейді Ақмола өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағы кинологиялық бөлімшесінің бастығы капитан Бауыржан Мұқышев.
P.S. Халықаралық армия ойындарының қазіргі тыныс-тіршілігі осындай. Санаулы күндерден соң, сайыстың шымылдығы түрілмек. Жалпы, әскерилеріміздің әзірлігі көңіл көншітеді деп айтуға әбден негіз бар. Өйткені, еларалық маңызы бар шарада артта қалуымызға хақымыз жоқ. Бұл жауапкершілікті сарбаздарымыз да сезінетініне күмән кем. Ендеше, қылыш сермемесе, жауынгерге серт, қолдау көрсетпесе, оқырманға серт!
Асхат РАЙҚҰЛ