Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

15 Сәуір 2022, 11:48 10207

Елімізде әскер қатарына шақырылуы тиіс бозбалалардың 5/1 ғана сарбаз атанады. Қалғаны түрлі себеппен отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Иә, нарықтық заман дейміз ба? Жастар жаңа ғасырдың жаңашылдықтарын алға тартып, әскерге барудан бас тартып жататыны жиі байқалады. Мұның себебі неде? Жастар неге әскерден қашады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде ҚР ҚК БШ ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар департаменті бастығының орынбасары - басқарма бастығы полковник Азамат Хабиболлаұлы Досымов және жедел жоспарлау департаменінің басқарма бастығы полковник Абдуллин Дәурен Тайбасұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.


Былтыр елімізде 215 мың азамат мерзімді әскери қызметке шақырылуы керек болған. Алайда, отан алдындағы борышын өтеуге 32 мың азамат ғана аттанған. Тепсе темір үзетін жігіттер мерзімді әскери қызметке баруға неге асықпайтынын, және оларды қалай ынталандыруға болатынын Азамат Хабиболлаұлы айтып берді.

– Қазақстан Республикасының конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті саналады. Алайда қазір жастардың бір бөлігі азаматтық саналылығын көрсетуге талпынбайды және әскердегі қызметті ешқандай артықшылық бермейтін ауыртпалық міндет ретінде қабылдайды. Осыған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында әскери қызметтің имиджін арттыру және жастардың әскери борышын өткеруге ынталандыруға баса назар аудардуды тапсырған болатын.

ҚР Президентінің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қорғаныс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мерзімді әскери қызметтің беделін көтеру үшін кешенді шаралар жобасын әзірледі. Оның ішінде:

- мерзімді әскери қызметін өткерген адамдарға білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру;

- мерзімді әскери қызметтен босатылған кезде біржолғы ақшалай сыйақы төлеу;

- мерзімді қызмет атқаратын жауынгерлердің отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтерді төлеуге жеңілдіктер беру;

- мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне кредиттік демалыс беру;

-мерзімді әскери қызметшінің ата-аналарына қызмет орнына жылына бір рет темір жол көлігімен тегін жол жүру мүмкіндігін беру қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР қарулы күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарында 2025 жылға дейінгі идеологиялық жұмыс жоспары қабылданды. Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Біртұтас ұлт-біртұтас әскер» атты жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын қолға алды. Қорғаныс ведомствосы қолданыстағы заңнамаға әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп оларды қабылдау өскелең ұрпақпен жұмысты жандандыруды қамтамасыз етеді,- дейді ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар департаменті бастығының орынбасары.

Тәуелсіздіктің тірегі, еліміздің ертеңі болған жас буынға патриоттық тәрбие беру ең маңызды міндеттердің бірі. Алайда, заң баршаға ортақ. Сондықтан да әскери борышты өтеу, барлық қазақстан азаматтары үшін міндетті. Әскерге барудан жалтаруды заң құптамайды. Өйткені әрбір қазақстандықтың борышын өтеуі міндетті, - дейді Азамат мырза.


– Жыл сайын әскерге 30 мыңнан астам бозбала шақырылады. Бұл біріншіден, отанды қорғауға қажетті дағдыларды, ер мінезді қалыптастырудың негіздерін, қарым-қатынас жасау және ұжымда жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Әскердегі қызмет белгілі бір дәрежеде ересек өмірге жолдама береді. Кейбір азаматтар әскердегі мерзімді қызметтен кейін қорғаныс министрлігінде, ішкі істер министрлігі, ұлттық ұланда, немесе шекара қызметінде, одан әрі қызмет жасау туралы шешім қабылдайды.

Екіншіден, жас азаматтың әскерге барғаны өзіне пайдалы деп есептеймін. Себебі олар болашақ өміріне қажетті шыдамдылыққа ие болады. Әскери бөлімдерде мерзімді әскери қызметшілер тек әскери іске ғана үйретіп қоймайды. Сонымен қоса олар өздерінің ой-өрісін кеңейту және логикалық ойлауды үйрену үшін құқықтану, сыни ойлау сияқты пәндер бойынша білім алады. Яғни, олардың интеллектуалдық мүмкіндігін көтеруге жағдай жасалған. Әскери қызмет өткерген әрбір жас жігіт, кейін қызмет өткерген жылын өзіне пайдалы жыл ретінде санаса екен деп ойлаймын. Себебі жас азамат физикалық, психологиялық және интеллектуалдық тұрғыда қажетті дағдыларды қатар меңгеріп шығуға осы әскердің берері мол,- дейді полковник Азамат Хабиболлаұлы.

Соңғы кездері әскери борышын ерікті өтеушілер саны азайған. Себебі борышкерлердің дені әскерге баруды текке уақыт өткізу деп есептейді. Атын атамауды сұраған елордалық азаматтың пікірі де осы.

– Қазір жастар әскерге барғысы келмейді. Менде сондай жастардың қатарындамын. Себебі әскерге барған 1 жыл уақытын босқа кететін секілді. Енді, ол мемлекеттік қызметкерлерге немесе әскери азаматтарға әскери билет керек шығар. Мысалы менің жұмысыма билеттің түкке де керегі жоқ.

«Әскерде ештеңе үйретпейді деген жаңсақ пікір. 1 жыл әскер сабында көп нәрсені үйренуге болады дейді»,- полковник Азамат Хабиболлаұлы.

– Қайта құру жылдарындағы әскерде болған уақытша жүйесіздік салаға жаппай жала жабуға себеп болды. Үйреншікті екі жыл мерзімнің бір жылға дейін қысқарылуы да әскерге деген сенімсіздікті күшейтті. Күпті көңіл он екі айда сарбазға жауынгердің бар айласын үйрету мүмкін емес десті. Жалпы түк үйренбейді дегенмен келіспеймін. Ол біріншіден офицерге, және сарбаздың өзіне байланысты. Егер де оның үйренуге ынтасы болса, ол бір аптаның ішінде де үйреніп алады. Мерзімді әскери қызметтің негізгі миссиясы бұл соғыс жағдайы болатын болса, елімізде арнайы оқытылған резервтің қоры болуы керек. 1 жылдық қызметтің ішінде мерзімді әскери қызметтің сарбазы білімін, жан-жақты білім көкжиегін кеңейтіп, сонымен бірге көптеген дағдыларға үйренетін болады.

Мерзімді әскери қызмет екі жылдан бір жылға дейін қысқарса да, қазіргі жедел дамып жатқан заманда он екі айда әскерге арнау тым көп деп санайтындар да бар. Бұл еркіндікке үйренген кей жастардың пікірі. Әскери қызметті өтеудің басқа да баламалары шетелдегі секілді альтернативті түрлері бізде де қарастырылған. Қырық тәулік дайындалатын курс заңмен бекітілген.


– 2013 жылы «әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі» заңына өзгеріс енді. Әскери билетті міндетті түрде бір жылдан кейін емес, бір айдан кейін алу мүмкін болды. 24 пен 27 жас аралығындағы әскерге жарамды, денсаулығына байланысты жарамдылығы шектелген және шақырылуы шегерілген азаматтар 263 318 мың теңге төлеп, бір ай әскери дайындықта борышын өтеп шығуы мүмкін.

Мерзімді әскери қызметтің негізгі миссиясы бұл соғыс жағдайы болатын болса, елімізде арнайы оқытылған резервтің қоры болуы керек. 1 жылдық қызметтің ішінде мерзімді әскери қызметтің сарбазы білімін, жан-жақты көкжиегін кеңейтіп, сонымен бірге көптеген дағдыларға үйренетін болады.

Мемлекет басшысы 11 қаңтарда жасаған мәлімдемесінде ұлттық ұланды сандық және сапалық жағынан нығайту шекара қызметін ұйымдастыру, армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру, сондай-ақ әскери салаға байланысты бірқатар тапсырмалар берілді. Қорғаныс саласында жасалып жатқан бірқатар дүниелер жөнінде ҚР ҚК БШ жедел жоспарлау департаменінің басқарма бастығы полковник Абдуллин Дәурен Тайбасұлы баяндап берді.

– Елімізде болған қаңтар оқиғасы белгілі бір дәрежеде мемлекет үшін бетбұрыс болды. Бүгінгі таңда мемлекет басшысының, және үкіметтің тапсырмалары аясында қорғаныс саласында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі, әскери қорғаныс саласында реформалаудың жекелеген басымдықтары қайта қаралып жатыр. Қарулы күштерді жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Жауынгерлік даярлық бағдарламасына озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, жаңа тәсілдерді енгізу көзделген. Әскерлерді техникалық қайта жарақтандыру мақсатында мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі заманғы үлгілері сатып алынды. Кадрларды даярлаудың нысандары мен әдістерін жетілдірілу, әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін үнемі арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте одан әрі мансаптық өсудің түйінді қағидаты меритократия, яғни әлеуметтік шығу тегі мен қаржылық ауқаттылығына қарамастан, кәсіби және іскерлік қасиетттері бағаланатын болады. Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдауға және дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Тапсырыстарды орналастырумен қатар, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу көзделген, олардың шеңберінде қару-жарақтың жаңа үлгілерін жасау және қолда бар сипаттамаларды жетілдіру жөніндегі әзірлемелер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қарулы күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту және әскери дайындықты жетілдіру, цифрландыру ісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешендерімен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру шаралары қабылданып жатыр.

«Біздің елімізде тиісті адами ресурстар, қажетті техника мен арнайы құралдар жеткілікті. Әскер әрқашан кез-келген жағдайда халыққа көмектесуге дайын болуы керек»,- дейді полковник Дәурен Тайбасұлы.


– Өкінішке қарай, мемлекеттің қауіпсіздігіне қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің, олардың ауқымы мен сипатын ескере отырып, оларға алдын-ала дайындалуға әрдайым мүмкіндік бермейді. Сондықтан қазіргі уақытта әскердің дағдарыстық жағдайларға ден қою тиімділігін арттыру бойынша бірінші кезектегі шаралар кешені әзірленіп жатыр. Бұл қарулы күштердің құрылымы мен құрамына да, заңнаманы жетілдіру мәселелеріне де қатысты. Мысалы, өздеріңізге мәлім, Қазақстан Президентінің жарлығымен қарулы күштердің құрамына кіретін арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Бұл әскер тегі қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде, оның ішінде терроризмге қарсы операцияларға және заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы іс-қимыл жасауға қатысу арқылы арнайы міндеттерді шешуге арналған күштер болып саналады. Жалпы, қарулы күштер бейбіт уақытта да, соғыс уақытында да жүктелген міндеттерді орындай алады. Сонымен қатар, өткен жылы мемлекет басшысы қарулы күштерді дамыту жөніндегі негізгі іс-шараларды орта және ұзақ мерзімді перспективаға айқындайтын, мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бірқатар бағдарламалық құжаттар бекітілді. Бұдан бөлек, мемлекет басшысының тапсырмасымен қарулы күштерді жаңғырту жөніндегі неғұрлым басым міндеттерді шешуді көздейтін «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы бекітілді. Қазіргі уақытта заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының әскери доктринасын қайта жүктеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін, президенттің сынына ұшыраған қорғаныс саласында әскерилердің әлеуетін бақылау тексерісі басталды. Мемлекет басшысы жауынгерлік дайындықты түбегейлі арттыру керек деп айтқан болатын. Сондықтан бұл тапсырма аясында қарулы күштердің барлық құрамалары мен бөлімдері сондай-ақ басқару органдары тексеріледі. Полигондарда түнгі жағдайда оқу жаттығулар мен атыстар өтетін болады. Бұған қоса, бөлімдердің қауқары мен командирлердің басқару қабілеті бағаланады,- дейді Дәурен Тайбасұлы.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Аяулым Қанағат
Бөлісу: