ҚазҰУ Президент жолдауындағы бастамаларды қолдайды

2 Қыркүйек 2022, 10:31 2305

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушылары жолдауға қатысты пікір білдірді

ҚазҰУ Президент жолдауындағы бастамаларды қолдайды, деп хабарлайды El.kz.Бұл туралы оқу орнының ресми сайтында жарияланды.

Азық-түлік бағасы ауыздықталуы тиіс

Президент өткен жылғы жолдауында тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының оңай болмайтынын ескерте келе, Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекеттік бюджеттік қаражатты басқару тұжырымдамасын дайындауды, инфляция деңгейін 4-6 пайызға түсіруді тапсырған болатын.

«Азық-түлік бағасын өндірушілерден бастап бірыңғай баға орнату қажет екенін де, бағалауға жауапты мемлекеттік реттеу жүргізу тапсырылатынын да айтқан еді. Инфляцияның рекордтық деңгейге жетіп 14 пайызға жуықтауы, азық-түлік бағасының шарықтап кетуі, қант өнімінің қатты қымбаттап, орташа бағасы 86,6 пайызға өсуі, қаңтар оқиғасының салдары жедел түбегейлі шешуді талап етіп отырған мәселелерді айқындап берді»,– дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы Мәди Байдәулетов.         

 Президент биылғы жолдауында қордаланған мәселелерді жаңа экономикалық саясат құру арқылы шешу жолдарына тоқталды.

«Тұрақтылықтың заңдық жүйеленуіне, инвестиция тартудың мақсатына, нәтижесіне және дифференциялық салық жүйесіне көшудің қажеттігіне, салық тиімділігін арттырудың маңыздылығына, тексерудің көптігіне тоқтала келе, бюджет саясатында Ұлттық қордың қаражатын алуды тоқтатуды, игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыру, бюджет мәселесін қабылдау керектігін атап, мемлекеттік сатып алу заңын қабылдау керектігіне назар аударды. Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін өнім өндірушілерге жер керектігін, жер телімдерін бөлу нормаларын анықтаудың қажеттігін, субсидия бөлуді инфрақұрылымның көлеміне сәйкестігін қамтамасыз етудің олқы тұстарына тоқталды»,– деді Мәди Байдәулетов.

Үкіметтің баяу қимылдауы салдарынан шекер мен жанар-жағармайға байланысты мәселелердің туындағанын да атап өтті. Су тапшылығының жылдан-жылға сезіліп, ауыл шаруашылығын дамытуға, жалпы, тіршілікке кері әсерін тигізбеуі үшін суды үнемді пайдалану керектігі айтылды. Ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін 2,9 миллион гектар жер қайтарылғанын, тағы 5 миллион гектар жердің қайтарылатынына тоқталды.

«Еліміздегі ең үлкен мәселенің бірі – жол сапасы. «Жол – экономиканың күретамыры» десек, бұл мәселеге бейжай қарауға әсте болмайды. Мемлекет басшысы кезекті жолдауында жол мәселесіне тағы да тоқталып өтті. Жолдауда 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсартуға тапсырма берілді. Осы тапсырманы тікелей бақылауға алу Үкіметке жүктелді. Аса ірі көлемде мұнай өндіретін елімізде жол құрылысында аса қажет битум тапшылығының бар екенін сынап өтті. Тіпті ұят жағдай екенін айтып, Үкіметке аталмыш мәселені түбегейлі шешуді тапсырды»,–деді аға оқытушы.


Әділетті Қазақстанды құру - нақты бағдарлар нәтижесі

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» Жолдауы елде жүргізілген конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болғандығын атап көрсетті. Бұл  «мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады» деген тұжырымын көрсете келе, реформалардың нақты бес бағдарларына тоқталып өтті»,–деді ф.-м.ғ. кандидаты, аға оқытушы Гүлмира Ғабдуллина.

Аға оқытушы қай кезеңде де өркениеттің дамуында білім және ғылымның орны ерекше екенін атап өтті.

«Ілгері ұмтылып, көш бастаған елдер білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлетіндігі бесенеден белгілі. Бүгінгі күні де ғылым мемлекеттік саясаттың басты бағытына айналып отыр. Ғылым дарынды ғалымдардың біріккен тобының күшімен дамиды. Қазіргі әлемдегі ғалымдар нағыз ғылымның бел ортасында өмір сүруде. Жолдауда «жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс» дей келе мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналатындығына басымдық берді»,–деді ол. 

Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Ендігі кезекте ғалымдар қауымы мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларды қабыл алып, Қазақстандық ғылымның ілгерілеуіне бар күш-жігерін сарп етуі керек.

«Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлыша айтсақ: «Ғалым әріптестерімді мен кішіпейіл болуға, бос мақтан, жел сөзге елікпей әлеумет мүддесін үшін зор жұмыстар істеуге, ел есінде қалатын тарихи ұлы игіліктер жасауға шақырамын» демекпін»,–деді Гүлмира Ғабдуллина.

Бөлісу: