Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екі ультразаманауи наноспутнигі Түркістаннан 50 шақырым жерде атмосфераның жоғарғы қабатына ұшырылды. Бұл тәжірибелік сынақ оқу орнының Қазақстан-UNICEF-пен бірлескен UniSat білім беру хабының ашылуы аясында жүзеге асты, деп хабарлайды El.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
UniSat – бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақстан-UNICEF-тің бірлескен білім беру бағдарламасы. Оның мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен біліктілігін дамыту. Бағдарлама гендерлік стереотиптерді жоюға және STEM білім берусаласындағы қыздардың үлесін арттыруға бағытталған.
«ҚазҰУ-дың UniSat спутниктері білім беру мақсаттарына арналған және салмағы 1-ден 10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары класына жатады. Олар бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған. Қабылдағыштар ауа температурасы, қысымы, ылғалдығы туралы мәліметтерді жинайды. Ал, ауаның ластанғанын өлшейтін қабылдағыштар адам ағзасына өте қауіпті болып саналатын PM2,5 және PM10 микробөлшектерінің концентрациясын анықтайды», – дейді ҚазҰУ инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры – жоба үйлестірушісі Әмірхан Темірбаев.
Спутникті іске қоспас бұрын қатысушылар UniSat наноспутниктерінің ішкі жүйелерін өздері бағдарламалап, зертханалық жағдайда сынап көрді.Оқушылар ҚазҰУ ғалымдарының жетекшілігімен наноспутниктен алынған деректерді өңдеуді үйренді. Сондай-ақ, деректерді визуализациялауды және миссияның соңғы есебін жазуды меңгерді.
Сондай-ақ хабтың ашылу күнінде ҚазҰУ ғалымдары Түркістан өңірінің физика пәні мұғалімдеріне атмосфераның жоғарғы қабаттарына шар-зондтардың ұшу технологиясы бойынша тәжірибелік мастер-класс өткізді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінге дейін Al-Farabi-1 және Al-Farabi-2 наноспутниктерін ұшырды. 2018 жылы Илон Масктың атақты SpaceX компаниясының көмегімен ұшырылған наноспутник әлі күнге дейін штаттық режимде жұмыс істеуде.
Қазір атмосфораға ұшырылып жатқан UniSat спутниктері – қазіргі таңда сынақтан өтіп жатқан инженерлік модельдер. ҚазҰУ ғалымдары жобаны жетілдіре отырып, болашақта UniSat спутнигін ғарышқа ұшыруды көздеп отыр.