Қазақстанда жасанды интеллектіні заңсыз пайдаланғандар жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұған дейін талаптар негізінен ЖИ жүйелерінің иелері мен иегерлеріне қатысты деп түсінілгенімен, жаңа нормалар қарапайым қолданушыларға да әсер етеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ЖИ және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген 641-1-бап жасанды интеллект көмегімен тыйым салынған немесе жалған контент жасау мен таратуға қатысты жауапкершілікті белгілейді. Бұл талаптар жүйе иелеріне ғана емес, ЖИ пайдаланатын жеке тұлғаларға да қолданылады.
Ведомствоның мәліметінше, егер қолданушы ЖИ арқылы жалған, адастыратын, заңмен тыйым салынған немесе кемсітушілік сипаттағы материал таратып, басқа адамдарға зиян келтірсе, ол әкімшілік жазаға тартылады.
Сондай-ақ, ЖИ арқылы жасалған контентті тарату кезінде: жалған ақпаратты жариялау, тыйым салынған материалдарды жасау немесе бөлісу және адам құқықтарын бұзатын немесе зиян келтіретін мазмұн тарату құқық бұзушылық болып саналады.
Келер жылдан бастап мұндай әрекеттер үшін жеке тұлғаларға 15-30 АЕК көлемінде, яғни 64 875 - 129 750 теңге аралығында айыппұл салынуы мүмкін.
Интернетте басқа қолданушыларды қорлау да жауапкершілікке әкелетінін ұмытпаңыз. Сонымен бірге, заңсыз деп танылған түрлі сипаттағы контентті репосттағаны үшін жаза енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал медиа тұлғалар үшін талаптар тіптен қатаң. Қаржы пирамидаларын жарнамалау немесе әлеуметтік желіде заңсыз лотерея өткізу ауыр санкцияларға әкеп соғады.